- Advertisement -

Халықаралық көрмені тамашалау – бір бақыт

107

- Advertisement -

Астана қаласында халықаралық көрменің ашылуына санаулы күн қалды. Облыста да әлемдік деңгейдегі ауқымды шараға үлкен мән беріліп, жамбылдықтардың оған қатысуы, астаналықтар мен қала қонақтарына ұсынылатын көпшілік іс-шаралар бағдарламалары пысықталып, өңірімізге келетін туристерді қарсы алып, оларды аралататын тарихи орындар белгіленді.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистерге облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қарлығаш Аралбекова мен мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев мәлім етті.
Облыстан көрмеге 100 мың адам қатысуы жоспарланып, осы бағытта аса ауқымды халықаралық шараны кеңінен насихаттау жұмыстары жүргізілген. Көрме билетін сатып алу, жолаушыларды тасымалмен қамтамасыз ету, жамбылдықтарды Елордада орналастыру бойынша көптеген жұмыстар атқарылыпты. «Тараз-Туризм» туристік ақпараттық орталығы, басқа да туристік фирмалар және «Қазпошта» АҚ филиалы қызметкерлері көрменің тұсаукесер рәсімін өткізуде екен. Жалпы, облыс бойынша 25 мың 200 адам көрме туралы толыққанды ақпарат алған.
Қ.Аралбекова көрмеге Ұлы Отан соғысының ардагерлері, 6 жасқа дейінгі және асыраушысынан айырылған балалар, барлық топтағы мүгедектер тегін кіргізілетінін де атап өтті. Ал зейнеткерлер, студенттер, мектеп оқушылары және көп балалы аналар үшін билет құны 50 пайыз жеңілдікпен сатылмақ. Тасымал мәселесі де шешілген. «Тараз-Астана» бағыты бойынша аптасына 10 мәрте ұшақтар қатынайтын болады. Жеті плацкарт және алты купе вагоны бар қосымша пойыз қатынасы іске қосылады. Автобус тасымалының да мәселесі толық шешіліпті.
Облыстан көрмеге барған азаматтарды тұрғын жаймен қамтамасыз ету мақсатында «Baiterek Travel Center» және «Кочевник» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен келісімшартқа қол қойылған. Астанада өтетін көрмеге 100-ден аса мемлекеттен туристер келеді деп күтілуде. Облысымызға да туристер тарту жұмыстары жан-жақты жүргізілуде. Туристік бағытқа 33 нысан енгізілген. Онда қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған ақпараттық тақтайшалар орнатылған. Туристерге қызмет көрсетушілер тобын, әсіресе, 2000 жылдық тарихы бар ежелгі Тараз туралы және басқа да киелі орындар жайлы ағылшын тілінде толыққанды ақпарат бере алатын мамандар даярлау ісі жүзеге асырылу үстінде.
Д.Бықыбаев 26-30 шілде күндері ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Астанада Жамбыл облысының мәдениет күндері өтетінін атап өтті. Осыған байланысты басқарма тарапынан ұйымдастырылатын іс-шара жоспары мен бағдарлама жобасы жасалып, қазіргі кезде дайындық жұмыстары жүргізілуде екен. Мәдени-көпшілік іс-шаралар 26 шілде күні ЭКСПО қалашығы аумағындағы «Амфитеатрда» өтеді. Онда түрлі форматтағы шаралармен қатар, көрмелер, театрландырылған көрініс және облыс өнерпаздарының концерттік бағдарламасы ұйымдастырылады.
Хабарламашы Көне Тараз тарихи-мәдени орталығынан «Көне Тараздан – асқақ Астанаға» этнографиялық керуенінің салтанатты түрде жөнелтілгенін еске салып, оның жол бойы тоқтайтын орындарын атап көрсетті. Ол сонымен қатар, өңірімізге ат басын бұратын туристерге ұсынатын тарихи орындарды атап, халықаралық көрме аясында облыста өтетін мәдени көпшілік іс-шаралар жөнінде жан-жақты ақпарат берді.
Хабарлама жасаушылар жамбылдықтарды төрткүл дүниенің таңғажайып туындылары қойылып, көрсетілетін халықаралық көрмені тамашалау бір бақыт екенін атап көрсетіп, мұндай мүмкіндікті жіберіп алмауға шақырды.
Журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға да нақты жауаптар қайтарылды.

Амангелді ӘБІЛ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support