- Advertisement -

Бәсекелестік ортаға беру жалғасуда

150

- Advertisement -

Мемлекет басшысының бастамасымен еліміз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін ел игілігі үшін көптеген экономикалық реформалар жүзеге асырылды. Елімізді реформалаудың бірі – мемлекеттік меншікті жекешелендіру және мемлекет иелігінен алу бағдарламасы. Жекешелендіру бағдарламасының басты мақсаты – мемлекеттік активтерді бәсекелестік ортаға шығару және жеке меншік инвесторларды тарту есебінен ел экономикасының тиімділігін арттыру. Соңғы жылдар бәсекелестік саясатын дамытудағы сындарлы кез болды. Өйткені, дәл осы кезеңде заңнаманы ырықтандыруға, оның ішінде монополиялық реттеуді жеңілдетуге бағытталған реформалар қабылданды.
Елбасы тапсырмасымен 2014 жылғы қаңтар айының орта шенінде жекешелендірудің кешенді бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама Сингапур үкіметінің «YellowPagesRule» ұстанымдарына негізделген. Оның мәні бәсекелестік ортаны қолдауға, мемлекеттік компанияларға еншілес құрылымдарды құруға шектеу қоюға және бизнес жанданған экономика салаларына мемлекеттің араласуына жол бермеуге бағытталған. Бұл стратегиялық маңызды нысандарға жатпайды. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Үкімет 2014 жылғы 31 наурызда жекешелендірудің 2014-2016 жылдарға арналған кешенді бағдарламасын бекітті.
Нысандар мен активтерді жүзеге асыру тетігінің ашықтығының жоғары деңгейін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің электрондық сауда алаңы (gosreestr.kz) арқылы оларды сату туралы шешім қабылданды.
2014-2016 жылдарға жекешелендірудің екінші толқыны шеңберінде облыс көлемінде 27 нысан, оның ішінде қала бойынша 6 ұйым жекешелендірілуі тиіс болатын. Атап айтқанда, «Жамбыл-Тараз» газетінің редакциясы» ЖШС (10 пайыз), «Тараз Тұрғын үй» ЖШС (51 пайыз), «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС (51 пайыз), «Орталық диспетчерлік қызмет» ЖШС (51 пайыз), «Рауан» балалар сауықтыру лагері» МКҚК және «Болашақ» балалар сауықтыру лагері» МКҚК (мүліктік кешен). Бәсекелес ортаға берудің межеленген жоспары толығымен орындалып, нәтижесінде облыстық бюджетке барлығы 90,9 миллион теңге, оның ішінде 6,4 миллион теңге қала бойынша түсті.
Бүгінгі таңда, квазимемлекеттік сектор нысандарын және мемлекеттің жылжымайтын мүлігін жекешелендіру жұмыстары қайта зерделеніп, Үкіметтің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы «Жекешелендірудің кейбір мәселелері» №1141 қаулысымен бекітілген 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес жалғасуда.
Мемлекет басшысы жекешелендіруге қашанда үлкен мән беріп келеді. Биылғы жыл басындағы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында да Үкіметке нақты міндеттер жүктеді. «…Бұдан бұрын 2020 жылға дейін жекешелендірілетін 800-ге жуық кәсіпорынды қамтитын тізбе жасалған болатын. Тиісті жұмыстар атқарылуда. Үкіметке сол тізбедегі кәсіпорындарды жекешелендіруді тездетіп, оны 2018 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырамын» деді.
Коммуналдық меншік ұйымдарын бәсекелес ортаға беру үшін ведомстволық бағыныстағы ұйымдарға қайта түгендеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, 2016-2020 жылдарға жекешелендірудің кешенді жоспарын бекіту мақсатында Тараз қаласының коммуналдық меншігіне қарасты «ТаразҚұрылысПроект» және «Орталық диспетчерлік қызмет» ЖШС-ның жарғылық капиталындағы 49 пайызы мемлекет иелігіндегі үлестері бәсекелес ортаға берілетін ұйымдардың тізбесіне енгізілді.
«ТаразҚұрылысПроект» ЖШС бәсекелес ортаға беру бойынша сауда-саттық ағымдағы жылдың 3 мамырында өткізіліп, қорытындысы бойынша жергілікті бюджетке 2,8 миллион теңге түсті. Ал «Орталық диспетчерлік қызмет» ЖШС-ның жарғылық капиталындағы 49 пайызы мемлекеттік қатысу үлесін жекешелендіру ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығына жоспарлануда.
Елбасы Жолдауында жекешелендірудің жариялылығы мен тиімділігін қамтамасыз ету қажеттігі де баса айтылды. Жекешелендірудің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету, әлеуетті инвесторларды барынша көп тарту мақсатында қосымша интернет-ресурсы – www.privatization.gov.kz құрылған. Мұнда жекешелендірілетін нысандар жөніндегі ақпараттар ұсынылған және кешенді жекешелендіру жоспарының жүзеге асырылуы барысы тұрақты түрде жарияланып тұратын болады.

Жеңіс ПӘРІМБЕКОВ,
қала әкімдігінің қаржы бөлімінің басшысы.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support