Қалдық өңдейтін зауыт қажет
Қалдық өңдейтін зауыт қажет
Қазақстанда дәрілік өсімдіктермен қатар сирек кездесетін, сәндік өсімдік түрлері де көп. Олардың да саны азайып барады. Мысалы, Қаратау аумағында өсімдіктердің 1500 түрі өседі. Қазір кең-байтақ даламыздан қызғалдақтардың көптеген түрлері, қызыл адыраспан, сөгеті сасыры, іле бөріқарақаты, іле ұшқаты, жатаған шырша, алтай қасқыр жидегі, кәдімгі пісте, жіңішке көкнәр, алмұрт-шөп, сары тұңғиық, шықшөп, меруерт гүл, жабайы жүзімдер. Олар бірте-бірте жойылып барады. Адам бүгінгі күнге дейін жануарларды пайдаланумен бірге олардың кейбір түрлерінің жойылуына да себепші болып отыр. Мысалы, Д.Фишердің мәліметі бойынша 1600-ші жылдан бері сүтқоректілердің – 36, құстардың 94 түрінің жер бетінен біржола жойылып кетуі тікелей адамдардың қатысуымен болған. Соңғы 100 жыл ішінде Қазақстанда жануарлар дүниесі саны мен сапасы жағынан көп өзгеріске ұшырады. Оған тікелей әсер етіп отырған – антропогендік факторлар. Қазақстан аумағында қазірдің өзінде 300-ден аса жануарларға жойылу қаупі төніп түр. Олардың қатарына – қар барысы, құдыр, қызыл қасқыр, арқар, үстірт қойы, тауешкі, қабылан, дала мысығы, сілеусін, қарақұйрық, камшат, көк суыр, қоңыр аю, күзен, сусар, құндыз, қаракөл, сабаншы жатады. Ал құстардан – ұлар, дуадақ, безгелдек, саңырау құр, бұлдырық, аққу, дегелек, қоқиқаз, реликті шағала, сары ала қазды атауға болады. Жануарлар дүниесін қалпына келтірудің төрт негізгі шарты бар. Олар: аулауға тыйым салу, тіршілік ортасын бұзбау, қолдан көбейтуге бейімдеу, зертханалық жағдайда гендік қорын сақтап қалу дер едік. Еліміздегі экологиялық тағы бір мәселе – қалдықтар. Қазақ даласында қазіргі таңда 30 миллиард тонна қалдық жатыр. Оның 6,7 миллиарды – улы, 5 миллиарды – тау-кен өндірісінің үйінділері. Қалдықтарды өңдеу республика бойынша Алматы қаласында ғана жүзеге асырылуда. Елімізде өнеркәсіп, тұрмыстық және басқа да қалдықтарды есепке алу, оларды залалсыздандыру мен көму шаралары өте нашар жүргізілуде. Оның үстіне мұндай қалдықтар ешқандай қоршаусыз ашық аспан астында жатыр. Елімізде жиналып қалған қалдықтардың 10 пайызы ғана қайта өңделеді, 90 пайызы сол күйінде жатыр. Жалпы, көптеген елдерде қалдықтармен жұмыс істеуді ретке келтіріп отыратын заң қабылданған. Америкада да, Еуропа елдері мен Ресейде де мұндай заң бар. Дүниежүзі бойынша Қазақстанда ғана ондай заң жоқ. Алдағы уақытта бұл күрделі мәселе шешімін таппаса, қоршаған ортаға залалы арта түсетіні анық. Қоршаған ортаға залалды қоқыс қалдықтары біздің облыс аумағында да күрделі күйде. Өңірімізде қалдықтарды өңдейтін зауыт ашылатын мезгіл жетті. Әйтпесе, қарапайым тұрғындардың қалдықтардан шеккен зардабы ұлғайып барады.
Айнамкөз Егембердиева, облыс бойынша экология департаментінің зертханалық-талдамалы бақылау бөлімінің бас маманы.