Фариданың шәкірттері жарап тұр
Фариданың шәкірттері жарап тұр
Дзюдо және самбо күресінен облыстың қыздар құрамасын білікті бапкер Фарида Тастекова жаттықтырады. Оның шәкірттері толайым табыстармен қуантуда. Шымкент қаласында самбо күресінен өткен «Қазақстан Республикасының ІV Жастар ойындары» республикалық турнирінде 60 келі салмақтағы жерлесіміз Ләйлә Ақмолда мен 68 келідегі Есілжан Құдабаева алтыннан алқа тағынып мерейімізді өсірген еді. Мұнан соң Павлодар қаласында ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Б.Сейсенбаевты еске алуға арналған халықаралық турнирде де жамбылдық қыздар жерге қаратқан жоқ. 57 келіде белдескен Аида Карчаева қола медальға қол жеткізсе, 63 келіде облыс намысын қорғаған Әйгерім Мұратәлі де үздік үштіктен көрінді. Сондай-ақ Алматы қаласында ҚР дзюдо федерациясының Құрметті президенті Б.Махмұтовтың жүлдесіне арналған халықаралық турнирде 57 келі салмақта Аида Карчаева қарсылас шақ келтірмей, жеңістің ең биік тұғырынан көрінді. 59 келіде белдескен Ақмарал Ерназар мен 70 келіде бақ сынаған Есілжан Құдабаева қола жүлдеге қол жеткізді. Жақында самбо күресінен 1999-2000 жылдары туылған жасөспірімдер арасында өткен ел біріншілігінде Ақмарал Ерназар барлық қарсыластарын қапы қалдырып, алтын жүлде иеленді.
Мәлік Сәбеков, облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты жоғары спорт шеберлігі мектебінің әдіскері.