Әлеумет

Нәубет жылдардың ащы ақиқаты

Нәубет жылдардың ащы ақиқаты

Қазақ халқы кеңестік кезеңде талай нәубетті бастан өткерді. Солардың ең зұлматы – өткен ғасырдың басындағы аштық пен 37-39 жылдардағы «Үлкен Террор» деген атқа ие болған қуғын-сүргін еді. Тәуелсіздік алғаннан кейін 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып жарияланды. Осыған орай, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында «Кеңестік дәуірдегі репрессия мен ашаршылықтың тарихи шындығы» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияда Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай ашаршылық пен қуғын-сүргіннің қазақ тарихында ақтаңдақ із қалдырғанын, осы зұлматтың құрбандарын еске алу азаматтық борышымыз екенін айтып өтті. Ал «Барбанг» күрділер қауымдастығының облыстағы өкілі Абдукарим Сулейменов қуғын-сүргін кезінде ата-бабаларының Қазақстанға қалай көшіп келгенінен сыр шертіп, өздерін бауырына тартқан қонақжай қазақ еліне алғысын білдірді. Жүсіп Баласағұн атындағы Түркістан өлкесінің тарихын зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы Ордалы Қоңыратбаевтың айтуынша, ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы тарихи шындық ашылмаған. Оның сөзіне сенсек, әлі күнге дейін зұлмат кезеңде қаза тапқандардың нақты санына жету мүмкін болмай тұр екен. Конференцияда ТарМУ-дың аға оқытушысы Гүлбағира Бейсембекова 1937-38 жылдардағы саяси қуғын-сүргін тарихы туралы баяндама жасады. «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Айнұр Кембаева Шерхан Мұртаза мен Тұрар Рысқұлов арасындағы рухани байланыс – ұрпақтар сабақтастығының көрінісі екенін айтып, жазушы шығармашылығына тоқталды. Айта кету керек, ашаршылық жылдары 1,5 миллионнан астам қазақ қаза тапты. Ал 1937-38 жылдардағы саяси науқан кезінде 118 мың адам сотталып, 25 мыңы ату жазасына кесілді.

Абай отар, «Ақ жол».