Әлеумет

Жапырақ жемірі жайлап барады

Жапырақ жемірі жайлап барады

 Ал аталған зиянкеске қарсы күрес жемісін беруде ме?

IMG_3281-Бұл өзі жылда айтылып, жазылып жүрген «жыр». Мәселен, былтыр ерте көктемде Тараздағы тал-дарақ өсетін аумақтың 25 гектарына өсімдік зиянкестері едәуір қауіп төндіріп, дәрілеу жұмыстарын жүргізудің керектігі айқын сезілді. Алайда, қала әкімдігінің бұл іске жауапты бөлімі қызметкерлерінің жайбасарлық танытуынан тендер жарияланғанша жапырақ жемірінен зардап шеккен алқап көлемі 80-90 гектарға дейін ұлғайып кеткен болатын.

Биыл да көне шаһардың біраз аумағынан жапырағынан айырылып, сымпиған тал-дарақтар байқалып отыр. «Көкжелегі кеселденген» мұндай аумаққа Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағын, Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақты, Д.Қонаев көшесінің бойын, «Жамбыл» қонақ үйінің, орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің, «Бокс» сарайының төңірегін және ықшам аудандарды жатқызуға болады.

Айта кету керек, «Аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, биыл тиісті мекемелер жасыл желекті көркінен айыратын зиянкеске қарсы күресті ерте-ақ бастапты. Осыған байланысты тендер де ерте жарияланған. «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдау әдістемелік орталығы» мекемесі облыстық филиалының мамандары былтыр күзде тексеріп, анықтаудың нәтижесінде Тараз қаласында орман екпелерінің зиянкестеріне қарсы 40 гектар жерге химиялық өңдеу жүргізілуі қажеттігі мәлім болған. Аталған мәселеге байланысты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Тараз қалалық аумақтық инспекциясы өсімдіктер қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторы Айгүл Биқоңырованың айтуымен біраз мән-жайға қанық болдық. – Бұл жерде айрықша даурығарлық іс жоқ. Рас, былтыр жағдай біраз ушыққан болатын. Ал биыл дер кезінде қауіпті аумақ көлемі анықталып, тендер де уақтылы жарияланып отыр. Бірақ, ауа райының жауын-шашынды болуына байланысты зиянкес құрттар кеш шықты. Зиянкесті жұмыртқадан құртқа айналмайынша, дәрілеу еш нәтиже бермейді. Оның әсері де болмайды. Сондықтан дәрілеу жұмыстары мерзімінен санаулы ғана күндерге кеш басталды. Жасыл желектің жауы саналған зиянкес қараағаш жапырағының жемірі деп аталады. Қара талға қатер төндірген бұл зиянкестер тек Тараз қаласында ғана тарап отыр. Аудандарда мұндай жағдай тіркелген жоқ. Қазіргі таңда шаһардағы зиянкестер ошағы деп белгіленген 40 гектар аумақтың 25 гектарына дәрілеу жұмыстары жүргізілді. Санаулы күндердің ішінде межелі көлемді дәрілеу аяқталады. Дегенмен, қараағаш жапырақ жемірі – жылына үш кезең балалап, өрбитін зиянкес. Шілденің ортасына таман қайтадан жұмыртқалап, құртқа айналады. Ол кезде де дәрілеу жұмыстарын жүргізуге тура келеді. Өңдеу жұмысы күн салқында жүруі тиіс. Бұл іс бізде таңертеңгі сағат 4-8 аралығында жүзеге асырылуда, – деді ол. Біз бұл зиянкесті дәрілеуге тікелей жауапты мекеме –Тараз қаласы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөліміне де хабарласқанбыз. Бөлімнің маманы Нышан Телеуов биыл тендер дер кезінде жарияланғанын, жеке кәсіпкер Елемес Есбергенов техникаларымен дәрілеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын, қаланың шағын аудандарында да зиянкес құрттар кемірген тал дарақтар аз емес екенін айтты. Бүгінгі таңға болжамдау орталығы межелеген гектардың 60 пайызын дәрілеп үлгерген екен. Осылайша, тиісті мекемелер зиянкеске қарсы жұмыстың қарқынды жүріп жатқанын жеткізді. Ал қала тұрғындары жапырағын құрт шұрықтесік еткен көк желек жайына алаңдаулы. Қай кезде де біздің қаламыз жасыл желегімен жұрт назарын аударып, сұлудайын сыланып, тотыдайын таранып тұратын-ды. Қаланың сол сұлулығынан айырған жапырақ жемірінен ада-күде арылатын күн де алыс емес деп сенеміз.

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.