Құқық

Келімсектің бәрі көші-қон заңына бағына бермейді

Келімсектің бәрі көші-қон заңына бағына бермейді

Ең арзан жұмыс күші – шетелден елімізге нәпақа іздеп келетін азаматтар екені белгілі. Әсіресе, қыр асып келген өзбек ағайындар. Оларға атқарған еңбегiнің ақысын уақтылы төлесең болғаны, әп-сәтте хан сарайындай баспана салып береді. Жалпы, заң бойынша мигранттарға бір айдан артық жүруге болмайды. Жұмыс істегісі келсе, бір ай немесе бір жылға тіркеліп, елімізде табыс тапқаны үшін екі айлық есептік көрсеткіш көлемінде (4538 теңге) мемлекет қазынасына салық төлеп отыруы тиіс. Талап осындай. Бірақ, келімсектің бәрі бірдей көші-қон заңына бағына бермейді екен. Облыстық ішкі істер департаменті көші-қон қызметі басқармасы мен облыстық ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірлескен «Заңсыз келуші – 2017» республикалық жедел алдын алу іс-шарасында осыған көз жеткіздік. Заңсыз көші-қонға қарсы күрес жөніндегі арнайы жеке ротасының инспекторы, полиция аға лейтенанты Талғат Мұстафаев бастаған топ рейд кезінде басқармаға барлығы 28 шетелдік азамат жеткізілді. Оның 12-сі Алматы-Ташкент бағытындағы автобустан, 10-ы Тараз қаласы Майқы би көшесінің бойында салынып жатқан коттедж құрылысының басынан, алтауы «Зарафчан» кафесінде аспазшы болып жұмыс істеп жүрген жерінен ұсталды. Майқы би көшесінде жеке адамға үй салып беріп жатқан өзбекстандықтар айына 50-100 мың аралығында табыс табатынын айтады. Осында тапқан қаражаты шекарадан асқанда бірнеше есеге артатынын, негізінен, бұл жұмыс берушi мен жұмыс алушыға өте тиімді екенін де жасырмады. Бірақ, әрекеттері – заңсыз. Олар 29 күннен кейін еліне қайтып, бір аптадай демалып алып, қайта жұмысқа кіріседі екен. Осылайша ала жаздай жұмыс істейтін көрінеді. Бірақ, табысы жөнінде мемлекетке салық төлеу ойларында жоқ. Қарақалпақстандағы Нүкіс қаласынан жалданған Айшинияз Назаров Қазақстанға былтыр келгенін айтып, заңды білмегенін алға тартты. – Жасым жиырмадан енді ғана асты. Былтыр Алматы қаласына жұмыс іздеп барғанмын. Онда пәтер жалдап тұрдым. Қара жұмыстың кез келген түрін істей беремін. Көбіне жүк тасып, арба айдадым. Бір жыл бойы жиған-тергенімді отбасыма апарып, қуантпақшымын. Негізінен, бір жылға тіркеліп, салық төлеуден қашпаймын. Тек заңды білген жоқпын. Бірақ, жұмыс істеп жүргенімде жергілікті тұрғындар менің ісім заңсыз екенін айтатын. Мен мән бермей жүре бердім. Заңды сыйламағаным үшін кешірім өтінемін, – дейді ол. Облыстық ішкі істер департаменті көші-қон қызметі басқармасының инспекторы, полиция капитаны Арай Айымбек заң бұзған еңбек мигранттарының ісі сотқа жолданғанын мәлімдеді. – Рейдтің мақсаты – Ұйымдық қауіпсіздік шарттар ұйымына мүше мемлекеттердің аумағындағы үшінші елдің азаматтарының көшi-қон және адам саудасына қарсы іс-қимыл жасау. Осы шараны өткізу арқылы бір күнде облыста 273 шетелдіктің елімізде заңсыз жүргенін анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тарттық. Жалпы, жыл басынан бері өңірімізде заң бұзған 1240 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 159 мигрант сот шешімімен өз еліне қайтарылды. Жалпы, табысын жасырған шетелдіктер де, оларды қолдап жұмыс істетіп, арнайы тіркеуден өткізбеген жерлестерімізге де әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 519-бабы бойынша 30-50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынуы тиіс. Мәселен, заң бұзғандардың 271-і ТМД азаматтары болса, екеуі алыс шетелден. Рейд кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін бес қылмыстық іс қозғалды. Оның екеуі шекараны қасақана бұзса, екеуі сот шешімін орындамаған, біреуінің заңсыз көші-қон ұйымдастырғаны анықталып отыр. Жалпы, шетелден жұмыс күшін тарту ережесін бұзған 15 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылмақ, – дейді Арай Данабекқызы. Көші-қон заңын бұзғандарды тексеру тобына ілескенімізде Ы.Сүлейменов көшесінде орналасқан бір мейрамхана мен Жамбыл даңғылы, Пушкин көшесі секілді бірқатар көше бойындағы тұрғын үйлерде құрылыс жұмысын жүргізіп жатқан шетелдіктердің ісі заңсыз екені анықталып, олар көші-қон полициясына жеткізілді.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».