Абыз - аңыз
Абыз - аңыз
Асанәлі Әшімұлы туралы жазылған мақалалар, эсселер, портрет тер, арнау өлеңдер, салынған суреттер, түсірілген фильмдер, фотоальбомдар, өзінің берген сұхбаттары мен фильмдері, жазған кітаптары бір атан түйеге жүк болатын шығар. Қазақ өнерінің аңызға айналған абызының өмірінен шертілер сыр, айтылар әңгіме түгесілмек емес. Мына жазбалар да сол қойын дәптерге түскен әр кездегі ой-толғаныс, пікір, көзқарастардың ықшамдалған бір үзігі.
Өмірінің өзі өнерге айналып кеткен. Надандықтың исі шыққан жерде бір минөт те отырмайды. «Шығып келе жатқан күннің көзі ең алдымен шыңға түседі». Адами бақыттың басында тұрған адам. «Бір жайбарақат кездесіп отыруды мен де армандаймын». «Ит қапты екен деп, мен де қапсам, аузымда не қасиет қалады». Ол кезде бұл атақ СОКП Орталық Комитетінің Саяси Бюросында май шаммен қаралып, бекітілетін.
Қали СӘРСЕНБАЙ,Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.«Алматы ақшамы» газетінің Бас редакторы.* * * Алла Тағаладан оған талант берілді. Талант болғанда да сан қырлы, көл-көсір талант. Оны жұрт алдымен киноның, сахнаның актері деп біледі. Солай екені солай. Адам баласы әу бастан бір нәрсеге қабілетті не дарынды болып туады десек, бұл кісі актер болмаған күнде де жерде қалмас еді. Оны көрген бетте кім-кімнің де тарапынан пайда болатын үлкен бір сүйіспеншілік, сенім осылай деуге ден қойғызады. Сондай-ақ, бойындағы бір ғажайып тартымдылық оның бәрібір тегін адам болмасының айқын айғағындай көрініп тұрады. Ол жұртты өзінің дарын қуатымен мойындата тұра, сол дарын атрибуттары оның былайғы өмірінде де жалғасын тауып, тәнті етіп жатады. Өмірінің өзі өнерге айналып кеткен. Ойды ой түртеді. Телеарнадан бір қылмыскер туралы айтылып жатты. Әлгінің істеген сұмдықтарына қанша жағаңды ұстасаң да «талантына» тәнті боласың. Бұл да талант. Өкінішке орай, қаскөй талант. Оның таланты ізгі мақсаттарға қызмет етпейді. Сутегі бомбасын ойлап тапқан Сахаровтың да өмір бойы өкініп өткенін білеміз. Тіпті, өзін өлердей жек көретін сәттері де болыпты. Демек, істеген ісіне ешуақытта өкінбейтін, тек елге қызмет етуге жаралған дарынның ғана бәсі биік екеніне көп дәлелдің керегі жоқ. Сол биікке шыққан бір бекзат – Асанәлі Әшімұлы. Енді бұл кісінің сан қырлы дарынынан хабар беретін өмірдегі қарапайым ұстанымдарына, соншалықты танымалдылығының қыр-сырына дендеп көрейікші.
* * * Бірде ауруханаға Асағаңның көңілін сұрауға бардым. Бір белгілі жазушы отыр екен. «Мен өмірі шылым тартқан, арақ ішкен адам емеспін. Сонда да денсаулығым дұрыс емес», – деді ол. Асекең: «Мен темекі де тарттым, арақты да іштім, әлі де ішіңкіреймін, тартыңқыраймын. Бірақ, кейде организмді адастырамын. Арақтың орнына шарап ішіп, темекінің орнына насыбай атып жіберемін. Соған қарап ағзамның өзі де абдырап қалатын болуы керек», – деді. Бұл Асекеңнің әлгі жазушыға берген жауабы. Ол бұл ұтқыр сөзден не ұқты, қандай шешім шығарды, ол енді басқа әңгіме. Тек қай жерде, қай ортада не айту керек, өзін қалай ұстау керек екенін білуді ұқтырды, егер ұқса. Егер әлгі жазушыны талантты десек, кем талант болып тұр ғой. Себебі, нағыз талантты адам – мәдениетті адам, қандай жағдайда да өз қалпын сақтап қалған адам.
* * * Асағаң өзінің қатарластары, жақын араласатын достарымен қатар, жасы кіші інілеріне де кішілік танытып, ілтипат білдіріп отыратын адам. Мәдениеттілігінің белгісі ғой, жақтырмаған адамына ишара білдіреді. Кішілік пен кісілікті бірдей ұстанады. Бірақ, соны түсінбейтіндер де бар. Бірде бір інісі шет елге бара жатқанын айтып: «Сізге қандай сыйлық алып келейін?» – деді. Әуелде оның сөзіне бұл кісі аса мән бермеді, дұрысы, естімеген сыңай танытты. Осының өзі-ақ жақтырмағанның нышаны екенін әлгі сезетін емес. Сыйлықты жасағысы келсе, жұрттың көзінше жария қылмаса да болады ғой. Бірақ, анау қояр емес. Асағаң ақырын ғана: «Айналайын, сыйлықты алдымен шешеңе ал», – деді. Осы сөз біздің көңілімізді босатып, мейірленіп қалдық. Ол да Асағаңның өзі айтқандай, «бүгінгі таңдағы інілерінің бірі».
* * * Актердің тірлігінен бір байқағаным, гүл еккенді жақсы көреді. Жұрт көңілінде батыр бейнесінде сақталған адамның жанының нәзіктігі, үлбіреп тұратыны сондай, тіпті, күнделігінде «Гүлдер де жылайды» деп жазды. Әсіресе, үй ауласының күтіміне ерекше көңіл бөледі. Ауладан мәдениеттің, эстетиканың исі аңқып, лебі сезіліп тұрғанын ұнатады. Эстет адам. Ұқыпты келіндерін жақсы көреді. Күнделігінде жазғанындай: «Лас хозяйкалардың қолынан шай ішпейді». «Біздің қазақтар үйінің айналасын көгалдандырмайды, оның орнына картоп егіп тастағанды жақсы көреді. Бірінші ойлайтынымыз – тамақ» деп отырады.
* * * Жеңгеміз Бағдат өте әсершіл, сезімтал, адал. Бұл да өнер адамы үшін бір бақыт. Бағдат Асекеңе кешігіп келген бақыт болғанымен, сол бақытты дер кезінде кемеліне жеткізген адам. Бағдат шаһарын бомбылап жатқан кез еді. Асағаң мен жеңгеміз мәртебелі махаббаттың арқасында сол кезде табысып, қосылды. Сондағы Асағаңның: «Жұрт Бағдатты бомбылап ала алмай жатыр, мен бір оқ шығармай алдым» дегені бар. Әрине, бұл қалжың. Асекең «...Жан бөлек» деген кітап жазды. Сол кітапты бір түнде оқып шыққан Бағдат арудың өзі айтқандай, «түнімен жылап, мен бұл кісіні бақытты етуім керек» деген шешімге келіп, тағдырын мәңгілікке осы босағаға байлады. Бұл шаңырақ бүгінде ағайын-туыстың аңқылдап келіп қосылатын қосынына ғана емес, кемел кеңес құратын Алаш ардақтыларының аудиториясына айналды.
* * * Енді оны бұл биігінен түсіре алмайсың. Өйткені – талант. Ол тіпті, халтурамен айналысып кетсе де (өкінішке орай, ол қолынан келмейді ғой) бәрібір сол биікте. Бұл бәлкім кем таланттыға, танымалдылығымнан айырылып қаламын деп жанталасатындарға тән нәрсе. Ал бұлар өйтіп жанталаспайды. Мәселен, кейбір жүйрік журналистер кейде күнкөріс үшін мақала жазады. Бірақ, ол да сәтті шығады. Себебі, жаман жаза алмайтын жағдайға жеткен. Әшімов те сол, не істесе де жарқырап тұрады. Ол өмірден тек қана әдемі үйлесім іздейді. Сұлулықты, тартымдылықты жақсы көреді. Ұсақ-түйекке көп мән бермейді, тек терең, таза, тұнық ойларға беріліп, сол төңіректен ғана ләззат табады. Кітапты көп оқиды, әңгімені жақсы тыңдайды, өзі де жақсы айтады. Ал енді бар ғой, надандықтың исі шыққан жерде бір минөт те отырмайды.
* * * Надандық демекші, Асағаң бір жетім баланың қамымен институтқа барады. «Институттың ректоры надандау кісі екен. Мені танымай «Атың кім еді?» дегенде, ол үшін ұялдым. Артынан өзі де қатты ұялды» деп жазады күнделігінде (27.09.1986). Қазіргі заманда ештеңеге де таңқалуға болмайтын шығар, десек те, мынаған қалай таңқалмайсың. Асекеңді танымау – қазақты танымау ғой. Асағаң бұған да таңқалмайды. «Наданмен надан болу – ол да надандық» деп күнделігінің бір бұрышына жаза салады. Егер қазіргі көп «жұлдыздардың» бірі әлгіндей жағдайда осы кісінің орнында болса, қайтер еді. Әрине, бұлқан-талқан болып, барған жерін жайпап кетер еді. Мұндай деректер де аз емес.
* * * Қанша дарынды болса да өз мүмкіндігінен төмен өмір сүретіндер бар. Себебі, оған жарамсақтық, жағымпаздық жат. Оның мүмкіндігі өзінің жиған абыройы, бар болғаны сол. Оған бәрі де өзі келді, атақ та, абырой да. Өйткені – талант. Ол, тіпті, сол ат үркетін атақсыз да атақты болар еді. Ал енді бір ғажабы, өз мүмкіндігінен жоғары өмір сүретіндер бар. Ол жаңағы айтқандай, танымалдылығынан айырылып қаламын деп жанталасатындар.
* * * Қазір біреумен қалжыңдасудың өзі қауіпке айналған заман. Алайда, қай кезде де қауып емес, тауып айтатын Әшімов әзілінің қарсыласынан қыңсылап қайтқан кезі жоқ. Қайта ондыққа дөп тиіп, көңілімізді көкке көтерсе, кейде әзілдің түбінде зіл жататынын да аңғартып кетеді. Әдетте ауыр сөзімен балама деп жүрген зіл дегеннің өзі де кішкентай қара тас екен ғой. Кісіні қайғыға салу оңай, күлдіру қиын. «Көмейді толтыру оңай, көңілді толтыру қиын» дейді халық. Демек, күлдіру арқылы зілдің өзін де жеңілдетіп жібереді екен кемеңгер кісі. Асағаңның ауызекі әңгімесі, жұртпен қарым-қатынасынан да талант шіркіннің ұшқындары шашырап жүреді. Қайсыбір жылы Жамбыл облысында бір мерейтойы өтті. Бұрыннан да мәлім ғой, бұл кісінің танымалдылығында шек жоқ екеніне бұл жолы да одан әрі көзіміз жетті. Қонақ үйден театрға баратын қарға адым жерге қырық минөт жүрген шығар-ау. Халық аттап бастырмайды. Қонақ үйдегі бөлмесіне келіп, қолтаңба алушылардың өзінде қисап жоқ. Балаларының аузына түкіртіп, тұсауын кестіртіп мәз-мейрам болып жатқан жұрт. Осы тойдан қайтқаннан кейінгі жол үстіндегі қауышулар, жүздесулер бір хикая. Бірінен-бірі естіген жұрт соңынан қуып жетіп жатады. Қордай асуынан асқанда бір мейрамхана алдына келіп тоқтадық. Артымыздан қуып жеткен Есім деген жігіт Асағаңды жібермей тұрып алды. Көргенді, тәрбиелі, әзілкеш азамат екен. «Меркінің энергетика министрімін» деп таныстырды өзін. «Қадірлі Асеке! Біз сізбен өстік. Сіз болмасаңыз бұзылып кетер ме едік», – деді Есім. Сөйтті де Асағаңа ту бие атады. – Қай кезде айтасыз, сол кезде апарамыз, – деп сөзін нақтылап қойды. Мәселе жылқыда емес, көңілді айтсайшы. Қайран қазақтың марқасқа, ақжүрек жігіттері-ай, мына далаға қалай сыйып жүр екен, – деген сөзді оқыдым абыздың жүзінен. Есім сол тұрыста Асекеңнің бетінен үш рет сүйді. Асекең: «Әй, сенің жылқың үшеу болып кетті ғой», – деді. Көлден су ішкен өгіздей боп келе жатқан біз қарқылдап күліп, бір жеңілдеп қалдық. «Сізге бір үйір жылқы айдап апарсам да көптік етпейді», – деді ер көңілді Есім. Бүгінде сол азамат қайда жүр екен деп те ойлап қоямын. «Біз бақыттымыз ғой» деп еді сол жолы Есім жүрегі ақ жалынға толып тұрып. Бақыт дегенің өзі не осы?! Біз тойда, жиында басқа жағдайда болсын осы бақыт деген ұғымды жиі ауызға аламыз. Бірде Қадыр Мырза Әлидің «Айналайын, адам ешқашан да толық бақытты болмайды. Адамның бақытты сәттері болады. Сол шіркіннің көбірек болғаны жақсы ғой» дегені бар еді. Тараздың Дулати атындағы мемлекеттік университетінде өткен кездесуде актер де осы төңіректе біршама толғаныс күйін кешті. – Сіздермен кездесу мен үшін үлкен бақыт. Сіздер Әуезовтерді әдебиеттен білесіздер. Ал біз өз көзімізбен көрдік. Біздің бақытымыз сонда, – деп еді. Сондағы Әбсаттар қажының «Жаңа Асекең сіздермен бақыттымын деді. Оған таласым жоқ. Алайда, осындай ұлы адаммен кездесіп отырған біз және оны берген Тараз жері бақытты» дегені сол жол үстінде есімізге түсіп, жер-көкке сыймай, бақыттың бесігінде тербеліп келе жатқанда Есімдей ердің кездесіп, сол бақытты тағы да еселеп жібергенін айтсаңшы.
* * * Ежелгі досы Есмұқан Обаев айтқандай, Асағаң шынында адами бақыттың басында тұрған адам. Басына түскен қандай қиындықты да ішкі рухани кемелдігі жеңіп, сол бақытты сәттерге қайта оралған жан. Сол жолы Мекемтас Мырзахметов «Өмірге сенімді адам – нық жүреді», «адамның болмысына енетін өнерді (Абай) игерген мұндай адамдарды тағдырдың өзі де аз сынамаса керек» деп еді. Сол тағдырдың сынына қарсы жүзгенде аға досы Төрегелді Шармановтың «Трагедия дегеніміз, бұл – бостандық алдындағы жауапкершілік» деген сөзі аса көрнекті адамды ұстап қалу жолындағы талпыныстар еді. Осы бір терең түсініктер Асағаңды бақыттың барақатты жағалауына қайта алып келді.
* * *
Ол өмір деген ұлы ағыстың сарындарын күнделігіне түсіріп, жан дауасын емдеудің бір жолын тауып алды. Айнала қауымың қаумалап, әулетің әлеуетіңді асырып отырса да, талантты адамның жалғыздық күйін кешетін күндері де аз болмайды. Алтын дәуірін бастан кешкен әкемтеатрға да бір кезде топалаң келгенін біреу білер, біреу білмес. Жарайды, бұл әңгімені уақыт ағзамның өзіне қалдырайық. Біздің айтпағымыз, аса талантты адам неге жалғыз деген сөзге жауап іздеу еді ғой. Бар мақсаты ұлтқа, елге қызмет етуді ғана ойлайтын кісінің оңашада тағдырмен бетпе-бет қалуын сіз елестете аласыз ба? Сол оңашада ол кейде Құдайға қоятын сұрақты өзіне қоймады дейсіз бе? Қойды және оған өзі жауап берді. Ұстазымыз Ш.Мұртазаның талантты адамның кемшіліктеріне көз жұмып қарайтынын талай байқадым. Оның себебін өзімше былай топшылаған болдым. Ол – талант. Біз оны құрметтей білуіміз керек. Құрығанда соны түсінуге талантымыз жетуі керек қой деп ойлайтын болуы керек. Біз де осы түсінікпен өмір сүруге тырыстық. Бұл ойдан әлі де ажыраған емеспіз.
* * *
Сол бір тұнжыр күндерде ол күнделігіне «Біздің үйді кеш түсе бір көңілсіздік басады» деп жазады. Осылай дегенмен де, оның алуан тағдырының бір ғана сәтінен хабар беретін осы бір деректің де ойлы адамға, ойлы оқырманға салмағы зіл батпан еді. Әдетте актер Әшімұлына көрермен ұғымы жақын болғанымен, ол соңғы жылдары оқырманға бірнеше кітап сыйлады. «Шер кісіні шайыр етеді» демекші, күнделіктер негізінде жазылған оның «Майраның әні», «...Жан бөлек» кітаптары оқырманының көкірегін тек күрсініске толтырмай, жігерлендіріп, рухтандырып отыратыны да рас. Себебі, ол шерлі ағыстардың толқынымен ағып кетпей, өзінің ішкі рухы мықты екенін де дәлелдеді. Р.Андриасян өзіне арнап қойған Н.Гауптманның «Ымырттағы махаббатты» мен И.Вовнянконың «Апаты» арқылы ол сахнаға қайта оралып, қыранның қалықтап келіп өз тұғырына қонғанындай қайта бір сілкінді. Күні бүгінге дейін қанша рет сахналанғанын қайдам, «Ымырттағы махаббат» 150-рет қойылғандағы бір сәт естен кетпейді. Бұл Әшімовтің шешеміздің пенсиясымен күн көріп, сахнаға араға он жыл салып оралған күндері еді ғой. Ол спектакль алдында ерте келіп, сахнамен жүріп өтетін ежелгі дағдысымен де қайта қауышты. Шебердің аты – шебер. Шынайы ойынды, шын өнерді сағынған жұрт сол жолы шабыт шәрбатынан қанып ішті. Шын шебер қанымызды қыздырды. Театрды өсіретін ойлы, білімді, эрудит көрермен. Үлкен театрдың көрермені де үлкен болуы керек. Бұл жұрттың деңгейін өсіретін, пендешіліктен алыстататын жер. Сахнада патша да өзі, паң да өзі Әшімовтің көрерменін қанша мәрте биіктеткенін санап тауысу да мүмкін емес. Сондағы жұрт көзіндегі ағыл-тегіл қуаныш жасын зерделі көрермен сан мәрте байқаған да болар-ау. Өкінішке орай, осындай сәттерді біз селт етпей, елеусіз өткізіп жатамыз. Саңлаққа сахнаны сағындыртып қою, сірә біздің ғана қолымыздан келеді. Бұл азаптың азабы ғой. Сондай күндерді де абыз бастан кешті. Сірә, шын талантты адам ғана шын сағына ала ма деймін.
* * * Сағынышты «жұмақтың сегізінші есігі» дейді. Солай шығар. Осы қасиеттің оның жан серігіне айналуы оны сол азап апанынан арашалап қалған тәрізді. Оның кейде қатты толқыған, еміренген сәтін бір жағдайдан аңғарып қалатын едім. Сондай бір сәт таянғанда ол көзәйнегін кие қояды. Сол сәтімен де образға оранып отырар еді. Бірақ, ол оны былайғы жұртқа сездірмеуге тырысатын. Оның кеңсесінде, театрдағы бөлмесінде де бір сағыныш лебі есіп тұрады. Бірде балаша қуанып «Әнуармен түскен суретімді тауып алдым» деді. Кейін бір барғанымда сол суретті майлы бояумен салдырып, көрнекі жерге ілдіріп қойыпты. Сонсоң өз қолымен Әнуардың суретін салып, астына «Достығымыз жарасқан, сахнада, өмірде, дұшпанымыз адасқан, жем болмадық жебірге. Мен – Еламан, ол – Тәңір, мен – Бекежан, ол – Шеге, ол Керім де, мен – Айдар» деп бірауыз жүрекжарды сөзін жазыпты. Суреткерді сағыныш сазы жиі тербейді. Ақселеудей досым болған емес, болмайды деп күнделігінде жазғанындай, оның жұмбақ өліміне өзегі өртенген күндер де өтті күркіреп. Алайда, мәңгілік сағыныштың бірегей объектісі болып қалды. Сайын, Оспанхан, Жұмекеңдермен консерваторияда оқыған күндері есіне түссе күледі. Оспанхан ойына түссе, қай қазақ күлмеуші еді. Бұл күлкінің жөні бөлек. Бұл парадокс дегенді қойсайшы. Кезінде консерваторияда жеті метрлік «Актер» деген қабырға газеті шыққан. Редакторы – А.Әшімов, орынбасары – О.Әубәкіров. Жазатын – Осағаң, оған редакторлық ететін – Асағаң. «Қайран Оспанханды айтам-ау, кейіннен бір кітабына «Бұл кітап екеуміздің әзіл-қалжыңымыздың жемісі» деген қолтаңба жазып берді» дейді Асағаң. Осағаңның рухы қолдады ма, өзі де соңғы жылдары қаламгерлік қуатын танытты ғой.
* * *
Негізде бар нәрсе кетпейді екен. Үлкен әкесі Ысқақ пірәдардың төртінші ұлы Әшім де сөзге шешен, тілге бай болған көрінеді. Кешегі екінші жаһан соғысында опат болған Әшімнің оқ пен оттың ортасында жүріп те әзілін тастамағанын құрдасы Жарылқасын Сырттанбеков ақсақал әрдайым айтып жүреді екен. Әшім екеуі окопта жатып махоркасын тұтататын сіріңке таппайды. Сонда ғой, Әшімнің қолындағы шылымын окоптан көтеріп «немістердің оғына тұтатып алайық» деп жауынгерлерді қыран-топан күлкіге батыратыны. Құдайдың құдыреті, сол қасиеттің Асағаңның бойына көшіп, сөзге ұста еткенін қарасайшы. Бала күнінде әкесінің құрдастарын «Он алты шал» деген әзіл өлеңге қосып айтатынын Сәтжан жеңгесі күні кешеге дейін аузынан тастамай жүрді. Міне, тегінде бар, қан тамырында бүлкілдеген сол қасиет те оны жылдар өте келе жазу үстеліне отырғызып, бірнеше кітап жазды.
* * * «Менің жанрым – күнделік» деп өзі айтқандай, сағыныш та кейде оның жансерігіне, бір жанрына айналады. Өткен күндерді сағынып отырады. Әлдекімдерден қарадай көңілі қалғанда осы сағынышпен өзін емдейді. Оны жалғыздықтан құтқаратын да осы сағыныш. Сағынғанда да сарыуайым сағыныш емес, кісіні қанаттандыратын, көңілге серпіліс сазын әкелетін сағыныш. Осы сағыныш оның көп күндеріне алданыш. Ол бірде сол сағыныш-сағымдар арасынан Қасым көкесінің бейнесін көріп қалды. Сахнаға әр шыққан сайын әруағына табынатын үлкен әкесі Ысқақ пірәдардың кенже ұлы Қасымды айтып отырмыз. Бұл кісі уақытында Сарысу ауданында совхоз директоры қызметін атқарып, өте абыройлы, бір елдің ағасы мен жағасындай болған азамат. Асағаң осы кісінің қамқорлығында өсті. – Мінезі тік, қаталдау еді. Шәкең екеуі бір-бірін жақсы түсінетін. Майра екеуміздің үйлену тойымызда Мұқаң, Ғабең, Шәкең бастаған кілең мықтылар болды ғой. Сонда қанаттанып жүрді. Менің артист болғанымды көп уақыт ұнатпай жүрді. Кейін елге танымал болдық. Сонда да ризашылығын білдіре бермейтін. 43 жасымда КСРО халық артисі атағын алдым. Ол кезде бұл атақ СОКП Орталық Комитетінің Саяси Бюросында май шаммен қаралып, бекітілетін. Сол атақты алған күні «Әй, анау алғаның Күләш, Шәкен алған атақ па?» деді. «Иә», деп едім, «онда достарыңды жина, барып банкет жасап берем» деді. Банкет жасады. Дүркіретіп тойладық. Кейбір күңгірт күндерде Сарысудың аңызақ есіп, сарыатан желген сары даласын, оның сәні мен мәніне айналған саңлақтарын да осылай есіне алып, елжіреп отырады абыз. Сондайда бір дүр сілкінеді. Құрметті Асеке!
Фотоальбомыңызды маған сыйлағаныңызға рахмет. Сіздің өмір жолыңыз, керемет талантыңыз ешбір сөзсіз баяндалған. Альбомды қарап отырып, сонау өткен ғасырдың 70-жылдар басында Теміртауда кездесіп, су қоймасында кемемен жүзгеніміз есіме түсті. Ол бір заман, қазір мүлдем басқа өмір, жаңа ғасыр. Тәуелсіз ел болдық! Оңай болмады. Бірақ, біздей халық, ел бар екенін дүниеге таныттық. Мен осы жұмыстың басы-қасында болдым. Ал сіз, менің замандасым, құрдасым, өнердің шыңынан бір түскен жоқсыз. Түспеңіз, аман болыңыз, кіші ұлыңыздың қызығын көруді жазсын! Бір жайбарақат кездесіп отыруды мен де армандаймын. Амандық болса ол да болар. Жанұяңызға сәлем.
Н.НАЗАРБАЕВ, 22.01.2012ж. Астана қ.
Елбасының өз қолымен Асағаңа жазған хаты бірнешеу. Сөз жоқ, хатты өз қолымен жазу ол сол адамға деген зор ықылас-пейілдің бір белгісі болса керек. Ал ел басқарып отырған адамның хат жазып отырмақ түгілі, бір минөт жайбарақат отыратын уақыты да бола бермейді. Өз хатында сол жайбарақат кездесіп отыруды армандайтынын да сездіріп кетеді. Тұлғаның тұлғаны тануы, бағалауына ұзақ сонар сөздің емес, осынау бір ауыз сөздің өзі де жетіп жатыр. * * * Әкемтеатрдың көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімұлы Т.Жүргенов атындағы мемлекеттік өнер академиясында да ұстаздық етеді. Профессор. Осы күнге дейін үшінші түлектерін ұшырды. Дипломдарын өте жақсыға қорғайтын шәкірттерінің идеясымен Ғ.Мүсірепов театрында ұстазға арналған спектакль қойылды. Авторы – белгілі ақын Бақыт Беделхан. Осы жылы Жүргенов академиясының үшінші курс студенттері – Асанәлі Әшімұлының шәкірттері оңтүстік облыстарды аралап, спектакль қойды. Бұл тарихта болмаған жағдай. Бұл жөнінде аталмыш университеттің профессоры Аман Құлбаев тебіреніп жазды. Асанәлі Әшімұлының бір қасиеті, ол әр мерейтойын ерекше бір өрлеу үстінде жұмыспен қарсы алады. Бұл жолы да ат үстінде. Сексенінде де сергек. Студенттерімен бірге сахнаға шығып, кешегі жастық жігерімен қайта қауышып жүр. Дүниенің бар құндылығын артып алып, академияға қарай қара жерде жүзген кемедей тербеліп келе жатады. Сол кеме толы қазынадан, сарқылмас қайнардан қанып ішкен студенттердің Алаштың аңызға айналған бір абызының тәрбиесімен өсіп жатқан бақытты сәттерін көзге елестетудің өзі бір бақыт қой.
* * * Қайсыбір жолы елжанды, мемлекетшіл, қайраткер азамат, ұзақ жылдар бойы құқық саласында ірі лауазымды қызметтер атқарған Болат Сембин ағамыз екеуміз 70-80 жылдардағы әкемтеатр туралы әңгімені бір гөйіттік-ау. Әңгімеміздің өзегі – кіл бір нұрлы ағыстар, сағыну, аңсар, құштар көңіл, арзу ойлар. Әкемтеатрдың артистерінен айтылмаған ешкім қалмаған болар-ау. Театрдың екінші үйіміздей, тіпті, әкеміз бен шешеміздей боп кеткенін ағыл-тегіл сөз еттік. «Өнер – адамдармен сырласу» деп Мусоргский айтпақшы, біздің ақылшымыз да, сырласымыз да, сүйенішіміз де сол бір қасиетті қара шаңырақ болғанын жарысып айттық-ау. Өзіңізді «Әй, Ашимовский» дейтін Серағаң, Елағаңдардан бастап, Камал, Таңат, Сейфолла, Нұрмұхан, Ыдырыс ағалар, Сәбира, Хадиша, Бикен, Шолпан, Фарида апалар, Әнуарлар, Есболғандар, Мейірман, Құдайбергендердің (қайсыбірін айтарсың) тал бойында бір міні жоқ өнеріне, тіпті, әрбір қимылына, деміне дейін ынтығып айттық. Өзімізше бір шешілдік, көсілдік. Құдды солардың рухымен сырласып отырғандай күй кештік. Сөйтіп бір жеңілдеп, желпініп қалдық. Қазір қайда кетті сол өнер деген бір сағыныш, назымыз да қоса айтылып жатты. Несін айтасыз, Мәмбетовтен қалған сол бір алтын дәуір театрдың басына қайта бір келер ме екен деген де арман-аңсардың құшағына ендік. Әрине, мұның бәрі уақытша қамығу, мөлдір мұң деп сенейік. Әр кезеңнің өзінің бағыты, қолтаңбасы болады. Театр талантсыз емес, бүгінгі Омар, Дулыға, Бекжандар бастап, Азамат, Назгүлдер қоштап жүрген әкемтеатр өзінің бір рухани өрлеуін әлі талай бастан кешері сөзсіз. Өйткені, олардың алдында сіздер – Сәбеңдер, Есағаңдар сес болып жүрсіздер. Сіздердің алдарыңызда Қаллеки, Шәкен, Елағаң, Серағаңдар болды. Сол саңлақтар салған сара соқпақты сіздер жалғастырдыңыздар, міне, осылай әкемтеатрдағы үздік үрдістің әлі талай жаңғыратыны да сөзсіз. Саңлақтар демекші, 101 жасқа қараған шағында өмірден озған Хабиба Елебекованың қаралы жиынында сіз тебіреніп сөйледіңіз. ...Біз Қаллеки, Елағаң, Серағаңдардай бола аламыз ба, сондай шал бола аламыз ба? – деген бір өкінішті айттыңыз. Қуана беруіңізге болады. Сіздер сондай болдыңыздар, тіпті, олардың арманын асыра орындадыңыздар. Ол қауіп әлдеқашан сейілген. Сахнадан бөлек, Сәбең екеуіңіз жарысып жазған, бірінен бірі өтетін кітаптардың өзі не тұрады? Ұлы өнердегі сабақтастықтың бүгінгі күнге жалғасуының дәлелі – әлгінде айтқан Азаматтар, Дулығалардың бойындағы рухани мұратқа деген адалдықтың ақ туының желбіреп тұруы дер едік. Сіздер «жақсыда кек болмайды, жаманда тек болмайды» деген ұлы сөздің биігінен көріндіңіздер. Тәйтік біреулер тексіз сөз айтып, бақанын ала жүгіргенде «Ит қапты екен деп, мен де қапсам, аузымда не қасиет қалады» дейтін ұлы Әуезов тәлімін маңдайға басып, сабырмен жүрдіңіздер. Міне, сол қасиетті қара шалдардан қалған тектілікпен тыныстаған Сәбең екеуіңіз бүгінде абыздың жасына жеттіңіздер. Бұл жасқа әркім де келер-ау, қалай келеді, мәселе сонда ғой. Сіздер сөйтіп аңызға айналдыңыздар. Аңызды ақиқатқа айналдыру, ақылы асқан абыздың жасына келу, бұл – сөз жоқ, таланттың ісі.
* * * Ол туралы айтылмаған, жазылмаған ештеңе қалмаған тәрізді. Талай жақсы мен жайсаң қалам тербеді. Біз соған бір жаңалық қосайық деп отырған жоқпыз. Кезінде Оралхан Бөкей «Әлі талай өліп-тірілерсің» деп жазып еді. Ол талантты адамның әлі де талай от пен суға түсетінін меңзегені болар. Солай болды да ғой. Бірақ, бақытымызға орай, Әшімов ортамызда. Асағаңның туған топырағында, ел ішінде болған бір ерекше жағдайды айтқым келіп отыр. Сол баяғы жарыссөз басталды. Бір заматта сыныптасы Октябрьге сөз берілді. Әлгі кісі бір-ақ ауыз сөз айтты. «Бұл итің келе жатыр дегенде ел іші қуанғаннан жер-көкке сыймай кетеді. Асанәліні көрген сайын төбем көкке бір елі жетпей қалады. Құдайға тәубе, сондайда, бар екенбіз ғой деймін», – деді. Осы сөзге бәрі сыйып тұр еді. Осы сөз есімнен кетпейді. «Шығып келе жатқан күннің көзі ең алдымен шыңға түседі» деген тәмсілмен тәпсірленген, шырайланған шын сөз еді бұл.
* * * – Ей, тәкаппар дүние, Маған да бір қарашы. Танимысың сен мені, Мен – қазақтың баласы. Қасымның осы бір ауыз өлеңін әркім де біледі. Осы бір шумақ өлең «Транссібір экспресі» фильмінің өнбойына алтын желі болып тартылды. Асанәлі дегенде осы өлең де оның болмысындай болып көз алдыңа келе қалады, тұп-тура өзінің жүрегінен ұшып шыққандай шумақ еді. Аман жүріңіз, ей, қазақтың баласы, Алаштың Асанәлісі, Алаштың «атаманы», абыз-аңыз! Сізді көрген сайын «Е, бар екенбіз ғой» дейтін Октябрь сыныптасыңыздың сөзін еске алып жүрейік.