Әлеумет

ТУҒАН ЖЕРІН СҮЙЕ АЛМАҒАН, СҮЙЕ АЛАР МА ТУҒАН ЕЛІН!

ТУҒАН ЖЕРІН СҮЙЕ АЛМАҒАН, СҮЙЕ АЛАР МА ТУҒАН ЕЛІН!

Шәміл ӘБІЛТАЕВ, күйші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Жақында жолым түсіп кешегі киелі Әулиеата, бүгінгі жаңарған Жамбыл жеріне келген едім. Тарихы мен тағылымы мол, шежіресі бай осы өлкеге бір келіп, халықтың тыныс-тіршілігін көріп, елімен, жерімен танысу көптен бергі бір мақсатым еді. Шынымды айтсам, осында табан тіреп, атбасын бұрғаныма қатты қуанғаным рас. Мен мұнда ең бірінші кезекте Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын бағдарламалық мақаласында айтылып, алға қойылған міндеттер мен тапсырмалардың нақты жүзеге асып, халық арасында кеңінен қолдау тауып жатқанының куәсі болдым. Меніңше, ол заңды. Өйткені, жамбылдықтар Елбасымыз атап өткен сан мың жылдардан бері қалыптасқан ұлттық құндылық пен рухани бай мұраның бірден-бір сақтаушылары, бүгінгі жалғастырушылары. Еліміздің тарихи, мәдени ордасында отырып, осылайша болмауының өзі арға – сын, абыройға – мін емес пе?! Мені ерекше қуантқан тағы бір жайт – облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы Көкірекбаевтың рухани игіліктерді жасаушы – өнер иелеріне деген көңілінің дархандығы, есігінің ашықтығы болды. Ашығын айту керек, алдын-ала қабылдауына жазылмаған едім. Сондықтан, менімен жолығып, пікір алмаса қоюы екіталай-ау деп ойладым. Бірақ, өнерді, мәдениетті, әдебиетті шын сүйетін азамат қауырт тірліктің арасында маған да уақыт тауып, жұмыс бөлмесінде ой бөлісіп, пікір алмасты. Бойында қазақы қалыптың қаймағы бұзылмаған бейнесі бар бұл әкімді жамбылдықтар түсіне білсе, қадіріне жете білсе, шын мәнінде туған жеріне құт болып келген екен деген ой түйдім. Мен жоғарыда атап өткен Елбасының мақаласында «Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады. Мәселен, «Ауылым – әнім» атты әнді айтқанда, «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін» деп шырқайтын едік қой. Бажайлап қарасақ, бұл – мағынасы өте терең сөздер. Бағдарлама неге «Туған жер» деп аталады? Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі. Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті» деген керемет сөздер бар. Ендеше, мен облыс әкімінің қабылдауында болып, оның атқарып жатқан жұмыстарымен және алдағы мақсаттарымен танысып, ол өзінің туған жерін көркейтуде аянбай еңбек етіп жүрген нағыз патриот деп бағаладым. Өйткені, менің білуімше, Кәрім Нәсбекұлы осы Жамбыл өңірінің тумасы. Ендеше, осы жер мен елдің өткені мен болашағы, тынысы мен тіршілігі, халықтың жағдайы оған бесенеден белгілі. Ол өзі басшылық етіп отырған халыққа барынша жайлы болып, жақсы өмір салтанатын жасау үшін аянбай жүрген азамат екеніне көзім жетті. Олай ойлауыма себеп – облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің жыл санап өсіп, қалалар мен ауыл-аймақтардың өркендеп келе жатқаны болса керек. Жергілікті басылым беттерін парақтап отырып облыстың өркендеп дамып жатқанына көзім жетті. Мысалы, Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасы қарқынды жүзеге асырылуда екен. Мәселен, бірінші бесжылдықта 123,3 миллиард теңгенің 33 жобасы жүзеге асырылыпты. Соның нәтижесінде 5 мың жұмыс орны ашылған. Ал 2015-2019 жылдардағы екінші бесжылдығында 578,9 миллиард теңгенің 23 жобасы іске асырылады, 5,2 мыңға жуық жұмыс орны ашылады екен. Жамбыл өңірі Жасыл экономиканы дамытуда да алдыңғы орындардан да көрініп жүр. Қазірге дейін іске асырылған күн, су және желден қуат өндіретін 9 нысанның арқасында сағатына 114 МВт қуат өндірілуде. Әрине, мен өзім өнер саласының адамы болғандықтан, облыс әкімінен бастап, барша жамбылдықтардың өнерге, мәдениетке ерекше назар аударып, көп көңіл бөлетініне тәнті болдым. Бұрнағы жылы мемлекетіміздің алтын қазығы қағылған осы өлкеде Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы барынша сән-салтанатпен атап өтіліп, барша жұрт таңдай қағысқан болатын. Сол айтулы шараға еліміздің түкпір-түкпірінен ағылып келген қонақтар осында алған әсерлері мен шат сезімдерін әлі күнге дейін жыр қылып айтып жүр емес пе?! Елбасымыздың да өз ризашылығын білдіргені есімізде. Ал мен Таразға табан тіреген күндерде көне шаһардан асқақ Астанаға ұлттық керуен көш түзеді. Елордамызда өтетін айтулы шара – ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қарай бет алған бұл көштің де өзіндік ерекшелігі басым. «Көне Тараздан – асқақ Астанаға!» деп аталатын этнографиялық керуеннің құрамында 22 түйе, 35 жылқы, 5 атты арба, 1 күйме бар. Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаевпен әңгіме барысында мұндағы өнердің өркендеп жатқанына тағы бір көзім жетті. Жалпы, қазақта «қонақ аз отырып, көп сынайды», «сырт көз – сыншы» деген сөздер бар. Ол – рас. Сырттан келген кез келген адам халықтың қарапайым тыныс-тіршілігіне қарап-ақ сол өңірге баға беріп кетеді емес пе? Ендеше, мен жамбылдықтардың бүгінгі тыныс-тіршілігіне қарап, өмірлері – мәнді, тұрмыстары – сәнді, күнделікті өмірлері – көркем деген байламға келдім.

Алматы.