Өс, өркенде, елім менің!
Өс, өркенде, елім менің!
Тынысбек СЕЙДУАНОВ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
«ҚР мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылғы 4 маусымда қабылданып, бекітілді. Осыған байланысты бұл күн мемлекеттік рәміздер күні болып белгіленіп, мереке ретінде аталып өтумен келеді. Бұл тұрғыда Елбасымыз «Мемлекеттік рәміздер – бұл біздің мемлекетіміздің, біздің егемендігіміздің берік негізінің бірі. Олар тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образын білдіреді» деп бұл күннің мәні мен маңызын ашып көрсеткені де белгілі.
Иә, мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі. Біздің де мемлекеттік рәміздеріміздің қатарын көк Туымыз, Елтаңбамыз бен Әнұранымыз толықтырып тұр. Бәрі де жанымызға, жүрегімізге жақын. Олар еліміздің кеңдігінің, тереңдігінің, биіктігінің де бедер-белгісі, болмыс-бейнесі секілді. Соның ішінде бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған Қазақстанның Гимні Мемлекет басшысының бастамасымен 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің Парламентінде бекітілді. Бірінші рет ол сол жылғы 11 қаңтарда Елбасын салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды. Одан бері де он бір жыл араға түсіп үлгеріпті. Уақыт қандай жүйрік десеңізші! Алайда осы аталған уақыт ішінде әлемдік байрақты бәсекелер мен Олимпиадаларда көк байрағымыз қаншама рет көкке көтеріліп, Әнұранымыз шырқалды десеңізші! Ту көтеріп жүрген – өзіміздің отты, намысты оғыландарымыз. Жеңістерге жетелейтін ұлы күш, ол әрине, ұлттық рәміздеріміз деп білеміз. Көк байрағымыздағы күннің, оның шұғыласының, қыран мен ұлттық өрнектің, ал Елтаңбамыздағы жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың алтын түстес бейнелері кім-кімді де қанаттандырары анық. Бұл жерде менің айтқым келгені кең-байтақ жеріміз, жазиралы даламыз, тәкаппар тауларымыз, өзен-көлдеріміз, көк аспанымыз, бейбіт те бейқұт тірлігіміз – бәрі-бәрі мемлекеттік рәміздерімізде айшықталып, бір-бірімен үйлесімділікте көркем қабысумен тұрғандығы. Олар – біздің асқақ рухымыз, Ұлы Дала Елінің ұран-атойы! Бәрінен бұрын болашақ ұрпағымыз – жастардың рухын үстеп, жаңа жетістіктерге жігерлендіретінінің өзі неге тұрады! Рух деген елге, жерге, Отанға деген ұлы сүйіспеншілік, ұлы махаббат. Ол адам бойына ананың ақ сүті, бесік, дәстүр арқылы сіңетін құбылыс. Табиғи қасиет. Рух та сондай. Өзгерудің де өзгеруі, түлеудің де түлеуі бар. Әңгіме қалай өзгеріп, қалай түлеуде! Осы ретте Елбасының жуықтағы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ұсынылған «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды бірауыздан қолдаймыз. Бізді өзгеруге, рухани жаңғыруға бастайтын бір жол осы. Бүгінде кез келген қазақстандық азаматтың елімізді, жерімізді, ортақ үй – Отанымызды мақтаныш етіп, Мемлекет басшысының бастамалары мен тапсырмаларын, «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын нақты іс жүзіне асыру арқылы ел игілігін үстеуге жұмыла кірісіп жатқанына риза боласың. Мұны өсер елдің өнегесі деу ләзім. Өс, өркенде, елім менің!
Талас ауданы.