Әлеумет

Әулиеата өңірі аусылдан таза

Әулиеата өңірі аусылдан таза

Облысымызда жүзеге асырылған ветеринариялық шараларға халықаралық бюро берген баға осындай

Қазақ амандасқанда алдымен мал-жанның амандығын сұрасады. Себебі, төрт түлік өсіру – біздің ата кәсібіміз. Мал шаруашылығы бүгінгі күннің де өзекті тақырыбына, табысымыздың тірегіне айналып отыр. Сондықтан, жұқпалы аурулардың алдын алып, қораның құт-берекесін қашырмай ұстау – күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселенің бірі. Ветеринария саласы ауруларды диагностикалау, малдан алынатын тамақ өнімдері мен шикізаттардың адам өміріне қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиісінше пәрменді шаралар қолданумен келеді. Кеше облыстық әкімдікте облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте өңірдің эпизоотиялық жағдайы мен бұл тұрғыда шешімін күткен мәселелер және алдағы уақытта атқарылар міндеттер талқыланды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, мәслихат депутаттары, аудан әкімдері қатысты. Бүгінде өңірімізде ауыл шаруашылығы жануарларын вакцинациялау және диагностикалық зерттеулер жүргізу мақсатында жоспарланған іс-шаралар өз деңгейінде жүргізілуде. Облыс бойынша 154 ветеринариялық бекетті қамтитын 11 коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын құрамында 688 мал дәрігері жұмыс істейді. Мәжілісте облыс әкімдігінің ветеринария басқармасының басшысы Оспан Бердияров жануарлардың құтыруы мен бруцеллезден басқа аса қауіпті жұқпалы аурулар тіркелмегендігін атап өтті. Жалпы, биыл эпизоотиялық іс-шараларды жүргізуге республикалық бюджеттен 1 миллиард 238 миллион 628 мың теңге бөлініп, тікелей аудандық бюджеттерге жіберіліпті. Алайда, бұл қаржы Байзақ, Жамбыл, Талас, Т.Рысқұлов, Қордай аудандары тарапынан толық бөлінбей отыр екен. Баяндамашы облыс бойынша сібір жарасы ошақтарын жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне енгізуге, топографиялық картаға түсіруге, жер телімінің мемлекеттік актісін рәсімдеуге аудандар мен қала бойынша 45,4 миллион теңге бөлінгенін, бұл жұмыстардың аяқталуға жақын екендігін жеткізді. Сонымен қатар, сібір жарасы ошақтарын қоршауға, бетондауға, жазба тақтайшаларын орнату жұмыстарына 15,4 миллион теңге қаражат бөлінгені белгілі болды. Оспан Бердияров 2012 жылмен салыстырғанда ветеринария саласының жағдайы біршама жақсарғанын атап өтті. Мәселен, 5 мал сою пункті, 48 мал сою алаңы, 2 ет комбинаты, 41 биотермиялық шұңқыр және өлекселерді өртейтін 17 стационар мен 5 жылжымалы инсинератор іске қосылған. Бірақ Жуалы мен Шу аудандарындағы бір-бір нысанның инфрақұрылымы толық аяқталмауына байланысты іске қосылмай тұр екен. Ветеринария саласындағы негізгі жұмыстардың бірі – жануарларды бірдейлендіру, яғни, малдың нақты есебін алу. Бұл жұмыс веб-портал арқылы жүргізіледі. Осы орайда интернет жүйесінің баяулығы біршама қиындықтар туғызып отырған сыңайлы. Бүгінде мүйізді ірі қара малының – 92, уақ малдың 32 пайызы бірдейлендіруден өтіп, арнайы дерекқорға енгізілген. Басқарма басшысы қалай болғанда да сырғалау жұмыстарын жандандыру қажеттігін алға тартты. Жиында облыста 2010 жылдан бері мал дәрігері мамандарын заманауи ветеринариялық талапқа сай үй-жайлармен қамтамасыз ету мәселесі шешімін таппай тұрғандығы да сөз болды. Баяндамашы ауыл әкімдерінің бұл жұмысқа бейжай қарайтындығын, сондай-ақ, мал дәрігерлік бекеттер үшін арнайы ғимарат сатып алуға Байзақ, Меркі, Т.Рысқұлов, Сарысу, Талас аудандары қаржы қарастырмай отырғанын сын тезіне алды.Бұл мәселелер толығымен шешілсе, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуге қол жетпек. Аусыл, сарып сияқты аурулар таралған Қырғыз елімен біздің облыс көршілес жатқандықтан, сиыр, қой етін экспортқа шығаруға бұрын-соңды рұқсат берілмей келген. Осы орайда облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жағымды жаңалықпен бөлісіп, малды енді қалаған аймаққа алып шығуға мүмкіндік туғанын айтты. Яғни, халықаралық эпизоотиялық бюросының ғылыми сарапшылары үстіміздегі жылдың 10-11 мамыры аралығында аусылды бақылау бойынша тексеріс жүргізіп, облысымызды таза аймаққа жатқызған. Мәжілісте облыс басшысы мал сою пункттері мен алаңдарының, ет комбинатының, биотермиялық шұңқырлардың, өлекселерді өртейтін стационарлар мен сібір жарасы ошақтарының жағдайы туралы сұрады. Сонымен қатар, облыстағы мал ұрлығына байланысты сөз қозғап, мал базарындағы «сырғасыз», құжатсыз малдар мәселесін түбегейлі шешілуі қажеттігін еске салып өтті. Бұл ретте Оспан Бердияров ішкі істер органдары мен прокуратура тарапынан рейдтер жүргізіліп, айтарлықтай көмек болғанын жеткізді. Жиында облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында жұмыспен қамтылған ветеринар мамандар саны мен оларға жасалған жағдай туралы тілге тиек етті. Қырғыз елімен мал өнімдері бойынша қарым-қатынас мәселесі жөнінде ҚР АШМ ВБЖҚК Жамбыл облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Сәрсенбай Солтанбеков жан-жақты айтып берді. Сонымен қатар, шекара маңындағы заңсыз мал тасымалы мәселесі де талқыланды. Мәжілісте өздеріндегі эпизоотиялық жағдай жөнінде Сарысу ауданы әкімінің орынбасары Олжас Көкей, Талас ауданының әкімі Болат Рысмендиев есеп берді.

Қарлығаш есбергенова, «Ақ жол».