Елдің жағдайы жолынан білінеді
Елдің жағдайы жолынан білінеді
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында: «Қазақстан – ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр аумақтың иесі. Сондықтан, аталған жоспар орасан қаражат пен еңбекті, аса ауқымды жұмысты қажет етеді. «Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара» деген қағида қалыптасқан. Барыс-келіс пен алыс-берісте жол қатынасы айрықша маңызға ие», деп ерекше атап өткені белгілі. Еліміз, оның ішінде облысымызда кейінгі кезде жол саласын жаңғырту үшін қыруар қаражат бөлінуде. Соның нәтижесінде, бүлінген жолдар қалпына келтіріліп, жаңалары салынуда. Облысымызда тек соңғы 6 жылда жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеуге, күтіп ұстауға барлық бюджет көздерінен 43,3 миллиард теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 8,3 миллиард теңге және жергілікті бюджеттерден 35 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражатқа жол жөндеу жұмыстарымен 2417 шақырым жол мен көшелер қамтылды.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2016 жылдың қорытындысы бойынша жергілікті маңызы бар автожолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайының үлесі 75,5 пайыз болса, Жамбыл облысын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес, 2017 жылы бұл көрсеткішті 77 пайызға жеткізу көзделген. Облысымыздың аумағында жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының желісі 5172 шақырымды құрайды. Оның ішінде 1237 шақырым республикалық, 1943 шақырымы облыстық және 1992 шақырымы аудандық маңызы бар автомобиль жолдары. Жолдың жағдайын жақсарту мақсатында үстіміздегі жылы да жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекендер көшелерін жөндеу мен күтіп ұстауға бюджеттен 8,2 миллиард теңге бөлінген. Жергілікті маңыздағы автожолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге қарастырылған қаражаттар есебінен ағымдағы жылы жалпы 6,1 шақырым жаңа жол салу, 6,7 шақырымды қайта жаңарту, 285,9 шақырым автожолдарды орта жөндеуден өткізу көзделген.
Басқармаға қарасты облыстық маңызы бар автожолдарға үстіміздегі жылы жөндеу мен күтіп ұстауға облыстық бюджеттен 3290,6 миллион теңге бөлінді. Оның ішінде жаңа жол құрылысына – 490,7 миллион, орташа жөндеуге – 1964,5 миллион, ағымды жөндеу және күтіп ұстауға – 705,4 миллион теңге және жобалау-сметалық құжаттар әзірлеуге 133 миллион теңге. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ағымды жөндеу мен күтіп ұстау жұмыстары аясында облыстық маңызы бар автожолдарда 80310 шаршы метр шұңқырлық жөнделеді. 1118 дана жаңа жол белгілері орнатылады. Сондай-ақ, 530 дана көрсеткіш бағаналар орнатылып, 1313,7 шаршы метрде жол жамылғысына осьтік таңба салынады. Биыл 741,75 шаршы метрде жол бойындағы ағаш алқаптарына өртке қарсы минералданған жолақтар жыртылады. Бұған қоса жасыл желектер мен жол бойындағы сарышырмауықтар химиялық өңдеуден өткізіледі. Үстіміздегі жылы ауа райының қолайсыз, жауынды-шашынды болуы жоғарыдағы жұмыстарды ерте бастап, ырғақты жүргізуге мүмкіндік болмады. Жолшыларымыз соған қарамастан, ауа райының қолайлы сәттерін ұтымды пайдаланып, облыстық мәндегі жолдардағы су өткізгіш құбырлар мен оның арналарын қоқыстан тазалау, жол бойындағы элементтерді әктеп, сырлау, жол жиегін тегістеу, шұңқырлықтарды жөндеуді кестеге сай жүргізуге күш салуда. Құрылысы былтыр басталған «Бірлік-Мойынқұм-Ұланбел» автомобиль жолының 0-25 шақырым аралығы, «Қарасу-Масаншы-Сортөбе» автомобиль жолының 0-15 шақырым аралығы биыл орта жөндеуден өткізіледі. Сондай-ақ, «Тараз-Аса-Ақкөл-Саудакент» автомобиль жолының 66,6-73 шақырым аралығы, «Тараз-Аса-Ақкөл-Саудакент» автомобиль жолының 74-80 шақырым аралығы, «Нововоскресеновка-Аспара» автомобиль жолының 5-495-21,910 шақырым аралығы осындай жөндеумен қамтылады. Орта жөндеуден өткізіліп жатқан «Төле би-Шоқпар» автомобиль жолының 42-58 шақырым аралығының құрылысы келесі жылы аяқталады. «Ақкөл-Ойық-Ұланбел» автомобиль жолының 117-119 шақырым аралығы, «Ақкөл-Ойық-Ұланбел» автомобиль жолының 154-156 шақырым аралығы, «Кіші Қамқалы-Ұланбел» автомобиль жолының 0-5,8 шақырым аралығы, «Б.Момышұлы-Көлтоған-Қошқарата-Қызтоған» автомобиль жолының 0-15 шақырым аралығы (нысан 2018 жылға ауыспалы), «Кемер-Бірлік-Үстем» автомобиль жолының 1,7-16 шақырым аралығы (нысан 2018 жылға ауыспалы), «Бірлік-Мойынқұм-Ұланбел» автомобиль жолының 130-145 шақырым аралығы (нысан 2018 жылға ауыспалы) және «Бірлік-Мойынқұм-Ұланбел» автомобиль жолының 145-157 шақырым аралығын орта жөндеуден өткізу 2018 жылы аяқталады. Бұған қоса 2016 жылдан өтпелі «Ақыртас», «Тау самалы» туристік кешендеріне 10 шақырым автомобиль жолын салу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жобалау-сметалық құжаттар әзірлеу жұмысында да кідіріс жоқ. Үстіміздегі жылы ұзындығы 16,096 шақырым «Қырғызстан шекарасына Тараз қаласын оңтүстіктен айналатын жол» құрылысы мен «Ақкөл-Үшарал-Тоғызкент» автожолының 0-57 шақырымын күрделі жөндеу бойынша жобалау жұмыстары жүргізілуде. Аймақта бүгінде жол жөндеуге 200-ге жуық әртүрлі маркадағы техника тартылған, 21 асфальт-бетон зауыты мен 16 уатқыш қондырғы жұмыс істеп тұр. Мердігерлер жол жөндеуді кестеге сай жүргізуге күш салуда. Жолдың сапасын, қауіпсіздігін арттыру мақсатында жөндеу жұмыстарының жобаға сәйкес жүргізілуіне авторлық және техникалық қадағалау қызметтері қатаң бақылау жасауда. «Жамбыл жол зертхана» мекемесі қызметкерлері барлық құрылыс материалдары мен орындалған жұмыстар сапасын растайтын сараптама-қорытындылар алып, салынған жол қабаттарының қалыңдығы мен ендеріне тұрақты өлшемдер жүргізуде. Келісімшарттарды ұтып алған мердігерлер нысан құрылысын белгіленген мерзімде бітіру үшін уақытпен санаспай еңбек етуге күш салуда. Құрылысшылардың алаңсыз және өнімді еңбек етуіне барлық жағдайлар қарастырылған. Жұмысы толық аяқталған жаңа нысандарды жұмысшы және мемлекеттік комиссия қабылдап алады.
Бақытжан Жәнібеков, облыс әкімдігі құрылыс, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының автомобиль жолдары бөлімінің басшысы.