- Advertisement -

Әлем алдындағы бейнеміз

101

- Advertisement -

Мемлекеттік рәміздер күніне орай, Абай атындағы гуманитарлық колледжде патриоттық тәрбие сағаты мен «дөңгелек үстел» өтті.
Әуелі колледж студенттері рәміздер туралы білетінімен бөлісіп, концерттік бағдарлама қойды. Патриоттық тәрбие сағаты барысында түрлі ән салынып, би биленді. Содан кейін іс-шараға арнайы шақырылған қонақтармен «Мемлекеттік рәміздер ‒ елдігіміздің тұғыры» деп аталатын «дөңгелек үстел» ұйымдастырылып, оған оқу орнының тәлімгерлері қатысты.
– Мемлекеттік рәміздер ‒ біздің сонау ғасырлар қойнауынан сыр шертер тағылымды тарихымыздың шынайы көрінісі. Оның мазмұнды нышандары кешегі өткенімізді айшықтап, ертеңгі мақсатымызды айқындап тұр. Рәміздердегі нышандар арқылы қазақстандық қоғамның әлем алдындағы бейнесі қалыптасу үстінде, ‒ деген облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Дауыл Бейсенқұлов мемлекеттік Тудың авторы, жерлесіміз Шәкен Ниязбековтің өлшеусіз еңбегіне тоқталды.
Ал «Жаңару» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қасымхан Төлендиев мемлекеттік рәміздердің жасалуына және оның элементтеріне тоқталса, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ заң факультетінің деканы, доцент Қайрат Нұрманбетов рәміздерді дұрыс қолдану туралы баяндама жасады. «Қазіргі таңда мемлекеттік рәміздерді дұрыс қолдануды екінің бірі біле бермейді. Оны пайдаланудың ережесі заңда нақты әрі түсінікті етіп жазылған. Өкінішке қарай, тіпті кей мемлекеттік мекемелердің өзі рәміздерді қалай ілу керек екенінен хабарсыз», ‒ деді Қайрат Нұрманбетов.
Сондай-ақ, «дөңгелек үстел» барысында, ТарМПИ аға оқытушысы Тоқболат Сейілхан, ТИГУ аға оқытушысы Таңат Сереев және Жамбыл политехникалық колледжінің оқытушысы Зухра Қойлыбаева да баяндама жасап, пікірлерімен бөлісті. Іс-шараны облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасы ұйымдастырды.

Абай ОТАР,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support