- Advertisement -

Қоғамдық ұйымның қозғаушы күші

80

- Advertisement -

Биыл жер-жерлерде отыз жылдық торқалы тойы атап өтіліп, мерекеленіп жатқан «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұстын-тірегі бастауыш ардагерлер ұйымдары болып табылатындығы белгілі. Өйткені, ғұмыр бойы еңбек етіп, зейнет демалысына шыққан зейнеткерлерді ұйымға ұйыстыратын да солар. Қоғамдық негізде ардагерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға, оларға медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға және зейнет жасындағыларды жастар тәрбиесіне қатысты іс-шараларға жұмылдыруға ықпал ететін де бастауыш ардагерлер ұйымдары. Міне, осы тұрғыдан келгенде, Төле би ауылдық округі аумағындағы Сәду Шәкіров атындағы орта мектептің ардагерлер ұйымы да міндет үдесінен шығуға күш салып келе жатқандығын айта кеткен жөн.
Біздің бастауыш ұйымның есебінде тұратын 20 ардагер ұстаз, әсіресе жастардың бойындағы отаншылдық рух, патриоттық сезімді ұштау сияқты мәселелерге айрықша мән беруде. Мақсатымыз – атадан балаға мирас болып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан рухани ұлттық құндылықтарымызды жас ұрпақтың бойына сіңіру, олардың кең-байтақ атамекенімізді ата жаудан қорғаудағы бабаларымыздың, күні кеше гитлершілдерді апанында тұншықтырған Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерлік істері рухында тәрбиеленуіне үлес қосу. Бұл ретте, соғыс жылдарында қан майданда от пен оқтың өтінде жүрген жауынгерлердің елде қалған жарлары, тыл ардагерлері Сағу Оспанова, Зибаш Мұсаева, Зылиха Қалдыбаева игі істердің ұйытқысы бола білуде.
Асылы, дана халқымыз «Ауылыңның жанында биік төбе болса, ерттеулі тұрған атпен тең, ауылыңда абыз қария болса, жазылып қойылған хатпен тең» деп бекер айтпаған. Ақиқатында да, қариясы бар ауылдың қазыналы ауыл екендігі рас. Өйткені, өмірден көрген-түйгенін, бай тәжірибесін үйретіп, ақыл-кеңестерін аямайтын абзал аталар, өнегелі ағалар, аяулы ана-әжелердің төрден орын алып, жеткіншек ұрпаққа сара да дара жолды көрсетуінің өзі қандай ғанибет.
Бүгінде, қос батыр: Кеңес Одағының Батыры Сәду Шәкіров пен Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің есімдерін иеленген мектебімізде оқушыларды патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында 1998 жылы ашылған музей жұмыс істеуде. Мұнда жыл сайын қаһарман бауырымыздың өмірге келген күні қарсаңында арнайы іс-шаралар өткізіліп тұрады. Биылғы жиынға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қазақбай Байжұманұлы бастаған бір топ қариялар қатысып, елінің Тәуелсіздігі мен азаттығы жолындағы ерлік іс-әрекеті үшін жазықсыз жазаланып, беймәлім жағдайда Семей қаласында түрмеде қаза болған небәрі 21 жастағы рухы биік ер Қайраттың қайталанбас ерлігін жастарға үлгі-өнеге ете отырып, олардың өз Отанының патриоты болатындықтарына сенім білдірді. Біздің бастауыш ұйым құрамындағы ардагерлер тағылымы мол мұндай шараларды ұйымдастыруға әрдайым ұйытқы болып отырады.
Біздің ата-бабаларымыз бүгінгі ұрпаққа ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-байтақ даланы, қойнауы қазынаға толы кеніштерді мұра етіп қалдырған. Осынау мол мұраға иелік ету үшін ақыл-парасат, ойлы да арлы адамгершілік қасиеттер керек. Жас ұрпақтың ұлттық намыс, патриоттық сана-сезімі рухани байлықтан көрініс табады. Сондықтан рухани құндылықтарды құрметтейтін, өз отбасын сыйлайтын, дені сау, еңбекқор жеке тұлғаны қалыптастыру басты мақсатымыз болуға тиіс. Ұлттық құндылықтарға тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді жатқызсақ, тіл – қазақ болу үшін, дін – адам болып қалыптасу үшін, салт-дәстүр – ұлттығымызды сақтауымыз үшін қажет. Меніңше, «Мәңгілік Ел» идеясының да, Елбасы қаламынан туындаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаланың ұсынар концепциясы да осыған саяды. Біздің бастауыш ардагерлер ұйымы осы бағытта жұмыс жүргізе беретін болады.

Дәнен Бейсенбаева,
С. Шәкіров атындағы орта
мектеп бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы.

Төле би ауылы,
Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support