«Алтын қорымыз» болып қалады
«Алтын қорымыз» болып қалады
Өз басым Алматы мемлекеттік медициналық институтын тәмамдағаннан кейін қырық жылға жуық уақыт бұрынғы Жамбыл, қазіргі Тараз қаласында әуелі учаскелік дәрігер, кейінірек педиатр қызметін атқарып, балалар денсаулығының қорғаны болғанымды мақтан тұтамын. Ел игілігі үшін сіңірген еңбегім жоғары бағаланып, 1986 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталғаным да күні кешегідей жадымда. Жұртшылық мүддесі үшін тер төгу дағдыма айналғандықтан да болар, зейнет демалысына шыққаннан кейін де қол қусырып, үйде қарап отыра алмадым. Сол тұста елімізде жандана бастаған ардагерлер қозғалысына белсене қатысып, ұйымдастыру жұмыстарына атсалыстым. Нәтижесінде, 1987 жылдың 27 наурызында Алматы қаласында өткен Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлерінің алғашқы құрылтай съезіне қатысу бақытына ие болдым. Арада бес жыл уақыт өткенде, яғни 1992 жылы менің Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлерінің екінші съезіне қатысуыма тура келді. Ашығын айту керек, ардагерлер қозғалысының негізін қалау және қалыптастыру үдерісі аса күрделі жағдайда жүрді. Өйткені, ұйым өмірге келген өткен жүз жылдықтың тоқсаныншы жылдары – осыған дейін үстемдік құрып келген унитарлық-тоталитарлық жүйенің ыдырауымен, тәуелсіздігін жариялап, егемендігін алған елімізде гиперинфляцияның бел алуымен, жаппай жұмыссыздықтың орнауымен, халықтың әлеуметтік жағдайының қиындауымен тұспа-тұс келді. Міне, осындай сын сәттерде ардагерлердің денсаулығын қорғау бойынша тұрақты комиссияның төрағасы, облыстық ардагерлер кеңесі төралқасының мүшесі ретінде әуелі Ұлы Отан соғысының ардагері С.Жабасовтың, кейін Т.Төребековтің басшылығымен аумақтағы ардагерлер қозғалысын аяғынан тік тұрғызуға үлес қосқанымды айта кеткенім жөн болар. Ел Тәуелсіздігінің бастапқы жылдарында медициналық мекемелердің жанынан ардагерлердің бастауыш ұйымдарын құру қолға алынып, мен қалалық ардагерлер кеңесіне жұмысқа ауыстым. Аталған құрылымның төралқа мүшесі қызметінде жүріп, денсаулық сақтау мекемелерінде 1977 зейнеткерді қамтитын 34 бастауыш ардагерлер ұйымын құра алдық. Әріптестеріңмен тізе қосып, мақсаткерлікпен жұмыс істеу әр уақытта да тартымды әрі тиісті нәтиже әкеледі. Ал уақыт талабы біздің алдымызға аға буын ұрпақты әлеуметтік жағынан қорғауға бағытталған бастауыш ұйымдардың желісін кеңейту және дамыту, зейнет жасына жеткендердің зейнет демалысына шығуына қатысты заңнамаға байланысты құқықтық кеңестер беру, зейнеткерлердің материалдық және тұрғын үй жағдайын, мәдени-тұрмыстық және медициналық қызмет көрсетуді жақсарту сияқты мәселелердің шешімін табуға ықпал ету міндетін қойды. Осыған орай, қалалық ардагерлер кеңесінің ардагерлердің денсаулығын қорғау бойынша тұрақты комиссияның төрағасы ретінде әріптестеріммен бірге, Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлерінің денсаулықтарын медициналық тексеруден өткізу, оларды жеңілдетілген дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелерін зерделеп, қалыптасқан жағдайдың шешімін табу үшін қалалық ардагерлер кеңесі төралқасының талқылауына ұсынып отырдық. Сондай-ақ, алдыңғы буын – аға ұрпақтың ақыл-ой, парасаты, жинақтаған өмірлік бай тәжірибелері негізінде жас ұрпақты қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу және толеранттылыққа баулу, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайту сияқты мәселелерде де ауқымды жұмыс жүргізілді. Айрықша атап өтетін бір жай, бүкіл ғұмырын Отан қорғау және ел игілігі жолында еңбек ету сияқты игілікті істерге арнаған ардагерлер ешуақытта да запасқа шықпайды. Қашанда игі жақсының қадірін білген дана халқымыздың «Қариясы бар елдің – қазынасы бар», «Алпысқа келгеннен ақыл сұра» деп айтқанындай, ардагерлер әруақытта да қоғамымыздың «алтын қоры» болып қала береді. Өйткені, олар қай кезеңде де мемлекеттік мәні бар, ел мүддесін көздейтін іргелі істерге қоғамдық негізде атсалысып, өздерінің қомақты үлесін қосуда.
Гүлнұр Губайдулина, еңбек ардагері, Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлері құрылтай съезінің делегаты.