Көше ойындары мәресіне жетті
Көше ойындары мәресіне жетті
«Біз – саламатты өмір салтын қолдаймыз!» атты ұранмен өткізілген көше ойындарынан облыс біріншілігі тартысқа толы жағдайда өтті. Бұқаралық сипатқа ие болған додаға облыс аумағынан 500-ден астам адам қатысып, жарыс көркін қыздыра түсті. Қ. Рысқұлбеков атындағы саябақта өткізілген жарыста әр ауданның спортшылары барын салып бақты. Жас ерекшеліктеріне байланысты әр санатқа бөлінген спортшылар стритворкаут, армрестлинг, маст-реслинг, армлифтинг, гір тасын көтеру, арқан тартыс, көше баскетболы секілді спорт түрлері бойынша жүлделерді сарапқа салды. Дода барысында Тараз қаласы мен Меркі, Қордай, Байзақ аудандарының үкілі үміттері аламанға үлкен дайындықпен келгендерін көрсете білді. Спорттың барлық түрі бойынша жеңімпаздарды анықтау оңайға соқпағаны мәлім. Десе де, жеңіске деген құштарлықтары басым болған меркіліктердің 16 жасқа дейінгі командалар арасындағы жарыста мерейі үстем болса, Тараз қаласы мен Байзақ ауданының өрендері екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті. Ал 16-21 жас аралығындағы сайыпқырандар додасында Қордай ауданының үкілі үміттері үздік шықса, Тараз қаласының құрама командасы жүлделі екінші орынды, Меркі ауданының саңлақтары үшінші орынды иеленді. Жасы жиырма бірден асқан спортшылар аламанында тараздықтарға қарсылас шақ келген жоқ. Екінші орын Тұрар Рысқұлов ауданы өрендерінің еншісіне жазылса, меркіліктер үздік үштікті қорытындылады.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».