Балуандар Әлем кубогіне ауылда таласады
Балуандар Әлем кубогіне ауылда таласады
Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының ұйытқы болуымен ұйымдастырылатын қазақ күресінен Әлем кубогі бәсекесі ауылда өтетін болды. 26-28 мамыр аралығында Шығыс Қазақстан облысына қарасты Тарбағатай ауданының Ақсуат кентінде жалауы желбірейтін байрақты бәсекеге елімізден бөлек 25 мемлекеттің кілең «сен тұр, мен атайын» балуандары қатысып, дода көркін қыздырмақшы. «Дүбірлі дода ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналғандықтан дуы басым аламанға әлемнің 25 елінің алыптарын шақырғанды жөн көрдік», – дейді федерацияның өкілдері. Шыны керек, бұған дейінгі түрлі деңгейдегі байрақты додалар үлкен шаһарларда өткізілетін. Осы жолы мегаполистерден гөрі жұрттың таңдауы ауылға түскені жанкүйерлерді қуантып отыр. Ұйымдастырушылар жарысты ауылда өткізу арқылы шет мемлекеттерден келетін мәртебелі меймандар мен балуандарға қазақ елінің көрікті жерлерін көрсетуді, тамылжыған қазақ даласының табиғатын тамашалатуды мақсат етіпті. Ендеше, іске сәт дейміз!
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».