- Advertisement -

«Астана арландары» жартылай финалға шықты

59

- Advertisement -

Бүкіләлемдік бокс сериясының жетінші маусымында табысты өнер көрсетіп келе жатқан «Астана арландары» командасы ширек финалда Ресейдің «Патриот боксинг тим» ұжымын қапы қалдырып, жартылай финалға шықты. Алдымен Ресейдің Кемерова қаласында жергілікті боксшыларды 3:2 есебімен жеңген қазақстандық боксшылар Қарағанды қаласында өткен қарымта кездесуде қарсыластарынан тағы бір мәрте басым түсті.
Жекпе-жек шымылдығын 52 келі салмақ дәрежесіндегі саңлақтар түрді. Ел намысын команда капитаны Олжас Сәттібаев қорғаса, ресейліктер Иван Абрамовқа сенім артты. Қарсыласына қарағанда тәжірибесі мол жерлесіміз Олжас Сәттібаев бес раунд бойы қарсыласын соққының астына алып, жарқын жеңіске қол жеткізді. Бұдан кейін рингке 60 келі салмақ дәрежесіндегі сайыпқырандар көтерілді. «Астана арландары» командасының намысын қорғаған Зәкір Сафиуллин қарсыласы Шахриер Ахмедовті 5 раунд бойы қыспаққа алып, жойқын соққыларын дарыта білді. Нәтижесінде төрешілер бірауыздан қазақ боксшысының басымдығын мойындады. Үшінші болып рингке беттеген аса ауыр салмақтағы алыбымыз Дмитрий Зиско Артем Сусленковке есе жіберді. Есесіне 69 келі салмақ дәрежесіндегі жамбылдық жампоз Асланбек Шымбергенов Шахабас Махмудовты ұтып, есепті 3:1-ге жеткізді. Осы жекпе-жектен кейін қазақстандық команда жартылай финалға шығып қойған болатын. Соңғы кездесуде 81 келідегі үмітіміз Арман Рысбек қос матчтық шайқасқа нүкте қойды. Ол ресейлік Имаи Хатаевтан басым түсіп, ақтық нәтижені тіркеді. «Астана арландары» 4:1 есебімен жеңіске жетті. Қос кездесудің қорытындысы бойынша 7:3 есебімен жеңіс тойын тойлаған қазақстандық команда енді жартылай финалда Ұлыбританияның «Бритиш Лайнхартс» командасымен күш сынасады.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support