- Advertisement -

Ұрпаққа ұран болған Шымыр ата

626

- Advertisement -

Қазақ хандығының қалыптасып, нығаюы кезінде өмір сүрген, өз заманының көрнекті қайраткері әрі кемеңгері, Талас, Шу өңірлерінде, Ташкент, Сайрам қалаларында билік жүргізіп, Ұлысбегі атанған, халқының қамын жеп өткен Шымыр батыр тарихта ойып алар орны бар ірі тұлғалардың бірі. Батыр баба рухы ғасырлар бойы жүрегінің оты бар ұрпақтарын ерлікке, ел қамы жолындағы өркенді істерге жігерлендіріп, желеп, жебеп келеді. Бабамыздан тараған ұрпақтан барша қазақтың мақтанышы болған қолбасшы Қойгелді батыр, Байзақ датқа, Қосы батыр, Балуан Шолақ, Тұрар Рысқұлов, Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза және басқа да батырлар мен билер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, көптеген белгілі азаматтар шыққан.
Ташкент қаласында жыл сайын көктемнің жазға ұласар мамыражай шағында Шымыр ата кесенесінің басында ұрпақтары бас қосып, әруағына арналған еске алу шарасын өткізу игі дәстүрге айналған. Таяуда кесене қасында дәстүрлі асты Шымыр бабаның Шыңқожасының Марсымнан тараған Байтана ата ұрпақтары берді. Оған алыс-жақыннан көп азаматтар жиналды. Берекелі дастархан жайылып, бірлік, достық, ынтымақ және туыстық туралы ұлағатты сөздер айтылған ұмытылмас басқосу болды. Оны ашып, жүргізген белгілі айтыс ақыны Ербол Қамбатыров Шымыр ата туралы тың деректерді алға тартты. Тахир имам баба рухына құран бағыштады. Жуалы ауданының Құрметті азаматы Аманжол Дүрәлиевтің батасы тәмәм жұртты тамсандырды.
Жамбыл облыстық «Шымыр ата» қоғамдық қорының төрағасы Оңласын Есіркепов батыр бабамыздың ерлігі, ел үшін сіңірген еңбегі және қазақ пен өзбек ұлттарының достығы туралы тебірене әңгіме қозғады.
– Қадірменді бауырлар, «Шымыр ата» қоғамдық қорының атынан баба әруағына бағышталған бүгінгі ас үшін Шымыр-Марсым-Садыбай-Байтана ата ұрпақтарына шексіз алғыс айтамыз. Әсіресе, Мұхамеджан Арзымбетов, Жұмахан Мірхалықов, Досжан Әбжаппаров, Аманжол Дүрәлиев және Нұрлан Қамбатыров сияқты атпал азаматтарға ағайынның атынан ақ алғысымызды арнаймыз, – деді Оңласын Есіркепов.
Келесі сөз кезегін алған Жуалы ауданының Құрметті азаматы Әбілқасым Ергебеков Шымыр атаның ерекше қасиеттері туралы әсерлі әңгіме өрбітті. Сондай-ақ жиында Тараз қаласынан келген ардагер Халел Бейсеев, «Шымыр ата» қоғамдық қорының негізін салушы Елтай ақсақал, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Жарас Мұратай, Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы елшісі Ерік Өтембаев, басқа да ел басқарған азаматтардың ел бірлігі, ұлт болашағы туралы ақтілеулі әңгімелері дүйім жұртты ұйытты. Жезтаңдай әнші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Бақыт Шағырбаев сырнаймен құйқылжыта ән шырқап, жұрттың құлақ құрышын қандырды.

Ақылжан МАМЫТ,
«Ақ жол».

Тараз – Ташкент – Тараз.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support