- Advertisement -

Этикалық ережеге сай жұмыс жасау керек

88

- Advertisement -

Президентіміз Н.Назарбаев ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 15 қадамында кәсіби мемлекеттік аппарат құруға жол ашатын міндеттер белгіленген. Онда мемлекеттік қызметшінің бойында болуы тиіс негізгі қасиеттер де атап көрсетілген. Осы тапсырмаларды жүзеге асыру үшін «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заң қабылданды. Жаңа заң өз кезегінде азаматтардың мемлекеттік қызметке орналасу тәртібін жаңғыртып, барлық мемлекеттік қызметшінің төменнен жоғарыға мансаптық өсуін қамтамасыз етіп отыр. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің жаңа этикалық ережеге сай жұмыс жасауына, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге жол ашқанын айта кету керек.
Негізі, «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заң қабылданғалы басқарудың тиімділігі артты. Экономиканың барлық саласын ілгерілетуге жол ашылып отыр. Өйткені, кез келген саланы дамытуға айрықша үлес қосуға тиіс мемлекеттік қызметкерлер бүгінде сапалы қызмет көрсетумен қатар, елдік мүддені көздейтін кәсіби, сыпайы, адал болуға ұмтылуда. Әйтсе де, мемлекеттік қызметшінің атына кір келтіріп, теріс қылықтарға бой алдырған азаматтар жоқ емес. Мемлекеттік қызметшілерге жаңа Әдеп кодексіне сай қолданылған шаралардың арқасында өз қызметіне лайық еместер қатары азая түскен. Бұл – мемлекеттік қызметшіге тән этикалық нормаларды бұзатын және сыбайлас жемқорлық сипатындағы жағдайларға жол берген мемлекеттік қызметшіге жаза барынша қатайтылғанының нақты көрінісі. Кодексте мемлекеттік қызметшіге қойылатын моральдық-әдептілік талаптары көрсетіліп, олардың мінез-құлқының негізгі стандарттары және халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайту мен мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыру жолдары қарастырылған.
Жалпы, мінез-құлық стандартына мемлекеттік қызметшілердің өздері қабылдайтын шешімдердің заңдылығы, әділдік пен ашықтықты қамтамасыз ету, жеке сипаттағы мәселелерді шешу кезінде өзінің қызметтік жағдайын пайдаланбау, іскерлік және ресми мінез-құлық қағидаларын сақтау жатады. Кодексте мемлекеттік қызметшілердің мәдениеті ғана емес, сондай-ақ қызметтік міндеттерді орындау мәдениетінің талаптары белгіленген. Қазіргі таңда барлық өңірлерде Әдеп жөніндегі кеңестер жұмыс жасайды. Олар өз кезегінде мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларымен қатар, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарды, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау қорытындыларын, мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы бұзу профилактикасы бойынша жұмысының нәтижелерін қарайды.
Стандарттың екінші түрі – арнайы стандарт. Оған қызметтен тыс уақытта, әріптестер арасындағы қызметтік қатынастар жатқызылған. Қызметші көпшілік алдында мәдениетті сөйлей алуы керек. Қызметтен тыс уақытта да жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстанып, қоғамға жат мінез-құлық танытпауы тиіс. Қоғамдық орындарда адамның қадiр-қасиетiн қашыратын, адамдық қасиетке нұқсан келтіретін қылықтар жасауға, ішімдік ішіп, масаң күйде жүруіне болмайды.
Жалпы, мемлекеттік қызметші қандай болуы керек деген сауалға жауап іздесек, олар өз қызметін сауатты атқара алуы және халқына адал қызмет етуі қажет. Мемлекеттік қызметтен бұрын өз қамын ойлап, мемлекет қаржысын өз қалтасымен шатастыратындар алысқа бармайды. Сол үшін мемлекеттік қызметші заң талаптарының үдесінен толық шыға білгені дұрыс. Сонда ғана халық оларға деген сенімін жоғалтпайды. Әділдік пен қарапайымдылықтың үлгісін көрсете алған кез келген адамның абыройы асқақтамаса, кемімейді. Мемлекеттік қызметші жоғары моральдық жауапкершілікті сезініп, кәсіби білімін тәжірибеде қолдана білуді, әділдік, адалдық, белсенділік секілді қасиеттерді өмірлік позициясына айналдыра алуы керек. Мемлекеттік қызметтегі әрбір адам өз жұмысының маңыздылығын сезінсе, өз елінің ұлтжанды азаматы бола білсе, еліміз өркендейтіні анық.
Әрбір мемлекеттік қызметші Президентіміздің «Мемлекеттік қызметке біз жұмыс істеу үшін шақырамыз. Себебі, халқымыз бізді өзіне жұмыс істеу үшін жалдайды. Сондықтан біз өзіміздің халықтың қызметшісі екенімізді ұмытпайық. Мансапқорлық көрсетпей, халыққа жақын, әр істе әділ болып, әрбір адамның мұң-мұқтажын қолдан келгенше түсініп, оны дәл сол кезде орындай алмасаң да түсіндіріп, дұрыс жауап беріп, шығарып салу – біздің парызымыз. Сонда әкімшілік те, мемлекеттік қызметкерлер де халыққа жақын болады», деген сөзін есте ұстауы қажет. Елбасымыздың осы сөзі әрбір мемлекеттік қызметші үшін басты қағидаға айналуы тиіс. Мемлекеттік қызметші әрдайым халыққа жақын болуы керек.

Дәурен Каипов,
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support