Жастарға серпін беретін жоба
Жастарға серпін беретін жоба
Индустриялық-инновациялық жобалар бойынша мамандар даярлау, жастардың кәсіптік бейімделуі мен әлеуметтік жағдайын, жұмыссыздық мәселесін шешуге бағытталған «Мәңгілік ел жастары индустрияға» – «Серпін – 2050» жобасы – оңтүстіктің жастары үшін үлкен мүмкіндік. Осы бағдарлама арқылы еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықты игересіз, жұмысқа орналасу мәселесі де шешімін тапқан. Бастысы – ақысыз, тегін. Керісінше, оқып, мамандық алғаның ұсынған жұмысқа барғаның үшін жоба қатысушысына тиісті қаржылай көмек көрсететіні бар. Дерекке сүйенсек, алғашқы 2014 жылы бағдарламаға 25 колледж бен 7 жоғары оқу орны қатысқан болса, былтыр 30 колледж 1050 білім беру тапсырысын орындаған. Ал солтүстік-батыс өңірлердегі 22 жоғары оқу орнына 3162 мемлекеттік грант бөлініпті. Жобаға өз өңірімізден бөлек Маңғыстау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарының жастары да қатыса алады. Оларға Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Қарағанды облыстарының жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында тегін білім алуға әрі тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік берілген. Қазіргі кезде өңірімізде 877 түлек осы мүмкіндікті пайдаланып отыр. Олардың 715-і жоғары оқу орындарында оқып жатса, 162-сі колледждерге түсіп, педагогикалық, техникалық, технологиялық, ауыл шаруашылығы, медицина салалары бойынша мамандық таңдаған. Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте облыс әкімдігінің білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығының басшысы Саясат Есеев, Қазақ инновациялық-гуманитарлық заң университеті проректорының міндетін атқарушы Раиса Садықова, Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің бөлім жетекшісі Шыңғыс Сүлейменов, Атырау мұнай және газ институтының оқытушысы Күнзипаш Жүргенова айтып берді. Саясат Есеевтің айтуынша, жобаға қатысушы жастар оқуын аяқтаған соң, сол өңірде қалып, жұмыс істей алады екен. Баспана мәселесі де шешімін тапқан көрінеді. – Жоғары оқу орнына түсу үшін түлектер ҰБТ немесе кешенді тестілеуге қатысуы тиіс. ҰБТ мен кешенді тестілеуден кем дегенде 50 балл жинауы керек. Бұл шарт жоғары оқу орындарына түскісі келетіндерге ғана қатысты. Колледжде оқығысы келетін жастар үшін мұндай шарт қойылмайды, олар қабылдау емтиханынан өтуі тиіс. Жоба арқылы жоғары оқу орындарына түскен студенттер шәкіртақы алады және туған жеріне бір рет барып-қайту жолақысы төленеді әрі жатақханамен қамтылған. Колледжге оқуға қабылданғандарға осы жеңілдіктермен қатар, үш мезгіл ыстық тамақ тегін беріледі. Жалпы жобаға қатысқысы келетін азаматтардың жасына шектеу қойылмайды. Осы мәселеге қатысты қосымша ақпарат білгісі келетіндер М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Тараз мемлекеттік педагогикалық институты және Жамбыл политехникалық колледжіндегі арнайы кабинеттерге қайырылып, кеңес алуына болады. Мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау бойынша конкурсқа құжаттар қабылдау 23-31 шілде аралығында жүргізіледі, – дейді Саясат Керімбекұлы.
Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».