«Астана арландары» қарымта кездесуге дайын
«Астана арландары» қарымта кездесуге дайын
Бүкіләлемдік бокс сериясының ширек финалында ресейлік «Патриот боксинг тим» командасына қарсылас атанған «Астана арландары» алғашқы кездесуді түзде өткізіп, 2:3 есебімен басым түскені белгілі. Бүгін «Астана арландары» Қарағанды қаласында өз басымдылықтарын үстемелеп, жартылай финалға шығуға күш салады. Кеше қос команданың намысын қорғайтын боксшылар белгілі болды. Қазақстандық команда сапынан 52 келі салмақ дәрежесінде жамбылдық жампоз, команда капитаны Олжас Сәттібаев рингке көтерілсе, ресейліктер Иван Абрамовқа арқа сүйеп отыр. Ал 60 келі салмақ дәрежесінде ел намысын Зәкір Сафиуллин қорғаса, «Патриот боксинг тим» командасы Шахриер Ахмедовке сенім артыпты. 69 келі салмақ дәрежесінде тағы бір жамбылдық боксшы Асланбек Шымбергенов өнер көрсетпек. Оның қарсыласы – Шахабас Махмудов. «Астана арландары» командасының бапкері Нұрлан Ақүрпеков 81 келі салмақ дәрежесінде Арман Рысбекті додаға үкілеп қосса, қарсыластарымыз Имам Хатаевке жауапкершілік жүгін жүктепті. Алыптар айқасында қазақстандық ұжым Дмитрий Зисконың қарымын байқап көруге бел буса, «Патриот боксинг тим» командасының намысын Артем Сусленков қорғамақ. Жігіттерге тек жеңіс тілейміз!
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».