- Advertisement -

Ұрпағымен көгерген Күлпан әже

86

- Advertisement -

Күлпан Балтаева – Ұлы Отан соғысы ардагерінің жары, тыл еңбеккері. Бүгінде жасы тоқсанға келген қария елге тыныштық тілейді. Өйткені, әжей соғыс атаулының тек қасірет әкелетінін біледі. Себебі кешегі сұм соғыс оның жастық шағын ұрлап, жүрегіне айықпас жара салған еді.
Жамбыл ауданы Қоңыртөбе ауылынан әкесі майданға аттанғанда қаршадай ғана қыз анасының жанына жалау болып қала берген. Сұм соғыс әкеден айырып, майданнан қара қағаз келгенде ол бар болғаны 14 жаста болатын. Бәрі де кешегідей көз алдында. Әкесі сымбатты да қайратты, жігіттің сұлтаны еді. Жарының қазасы анасына ауыр тиеді. Дегенмен, қайғыға беріліп, бүк түсіп жататын заман емес, басқа түскен ауыртпашылыққа мойымай, отбасының да колхоздың да күйкі тірлігін қатар алып жүріпті. Аяулы анасынан алған тәрбиесінің пайдасын 15-16 жасында қазіргі Өрнек ауылының жігіті Кәдешбайға ұзатылып, тұрмыс құрғанда көріпті. Бірақ тағдырдың басқа салғанына шара жоқ, әкеден жастай айырылған ол ендігі тірегім осы болар деп жүргенде күйеуі де майданға шақырту алады. Сол кездегі ұран біреу. «Бәрі де майдан үшін! Бәрі де жеңіс үшін!». Жары қарша бораған оқтың арасында Отан қорғаса, жас келіншек майданға деп шұлық, қолғап тоқып, колхозда белсенді еңбеккер атанды. Тылда еңбек етіп, еліміздің дамуына өзіндік үлес қосты.
Кәдешбай Балтаев кезікті бір сұрапыл шайқаста ауыр жараланып, әскери госпитальге түседі. Онда ұзақ емделіп, комиссия шешімімен 1944 жылы елге оралыпты. Ауылға келген соң майдангер жарақатым бар деп қарап жатсын ба, білек сыбанып ел қатарлы еңбек етті. Бейнеттен қашпады, жұбайы екеуі ауылда ұзақ жыл абыройлы еңбек етті.
Майдангер осыдан елу жылдай бұрын өмірден озыпты. Артында жеті ұл-қызы қалды. Күлпан әжейдің Тараз қаласына қоныс аударғанына да ширек ғасырға жуықтапты. Қазір ол кісі бес қыз, екі ұлдан 20-дан астам немере, 30-дан астам шөбере сүйіп отырған жайы бар. Бүгінде ақ жаулықты абыз ананы маңайдағы үлкен-кіші түгел құрмет тұтады.

Нұрым Сырғабаев,
«Ақ жол».

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support