Экономика

«Мұратқа адал еңбек жеткізеді»

«Мұратқа адал еңбек жеткізеді»

– дейді «Мұрат» шаруа қожалығының төрағасы Есенқұл Дүтбаев

Түркістан ауылдық округінің әкімі Дүйсен Борсықовтың айтуынша, осында 72 шаруа қожалығы бар. Егістік алқабының жалпы көлемі 13576 мың гектарды құрайды. Шабындығы небәрі 632 гектар, ал жайылымдық жер 42775 гектарды алып жатыр. Соңғы жылдары ауданда мал басы өсудің орнына кеми түсуде. Себебі, жайылымдық жер жылдан-жылға тарылып, ел біржола егіншілікке бет бұруда. «Мұрат» шаруа қожалығының төрағасы Есенқұл Дүтбаев Үкіметтің ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне көрсетіп отырған көмегі мен қолдауына дән риза. «Сыбаға» бағдарламасымен қожалық 7 миллион теңге несиеге 45 сиыр және қазақтың ақ бас екі бұқасын сатып алыпты. Қой малының басын көбейтіп, 1 мың бастан асырып, бұл тұрғыда мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз несиеге қол жеткізген. – Арзандатылған бағамен май аламын, егістігіміздің алған өніміне субсидиясын тағы беріп отыр. Мұндай қамқорлық қай заманда болып еді? – дейді ол. Үкіметтің қолдауына арқа сүйеген қаншама қожалық аяғынан тік тұрды. Соның бірі – осы агроқұрылым. Әрине, барды ұқсатып, істің көзін таба білген жан ғана қиындықты еңсереді. Бүгінде екі «К-700», екі астық комбайны мен бірнеше ауыл шаруашылығы техникалары бар қожалықта жиырмаға тарта адам еңбек етеді. Маусымдық жұмыстарда бұл көрсеткіш еселеп өседі. Қожалық биыл 1000 гектар егістік алқабын игеріпті. Кейінгі кездері шаруашылық өсірген мақсары өніміне сұраныс артуда. Тараздық кәсіпкерлер оның килосын 55-60 теңгеден бағалап, көтере сатып әкетіп те жатыр. Майлы дақыл дегеніңіздің бүгінде қаны жерге тамбауға айналды. Қожалық басшылары соны ұғынып, тәлімі жерлерді игерудің өзінен көл-көсір табыс тауып отыр. Ал бидай, арпаға сұраныс, көбінесе, оңтүстікқазақстандық шаруалар тарапынан түсуде. Олар тіпті күзде комбайндарын әкеліп, астықты «асарлатып», бірге орып бастырады екен. – Алқапты беталды жыртып, егін еге бермейміз. Ауыспалы егіс жүйесін қатаң сақтаймыз, – дейді Есенқұл, – өйтпесек 3-4 жылда-ақ жердің шаңын шығарып, тоздырып аларымыз анық. Біз қожалықтың Арыстанды маңындағы мал бордақылау алаңында да болдық. Бұл нысан шаруашылықтың өз қаражаты есебінен тұрғызылыпты. Күзге қарай мұнда мүйізді ірі қара малын бордақылау қолға алынбақ. Дүтбаевтың кәсіпкерлік ісі мұнымен де шектелмейді. Ол қызмет көрсету саласында да батыл қадамдар жасауда. Жақында ғана Жаңатас қаласынан екі қабатты ғимарат сатып алып, жөндеуден өткізіп, қонақ үй мен дәмхана ашқан. Онда әзірге 7-8 адам еңбек етеді. – Мен үйлерінде отырып алып, басшыларды жамандап, өсекке таңып жататындарды жақтырмаймын. Бұл – адамгершілікке де жат. Адамды адам ететін, меніңше, бір-ақ нәрсе, ол – еңбек. Еңбек – бар қиындықты жеңбек. Есенқұлдың әкесі Аманбай ақсақалдың жасы жетпістің алтауында. Балаларын жастайынан еңбекке баулығанының бүгінде жемісін көріп отыр. Әке тәрбиесімен ер жеткен Есенқұлдар да ұл-қыздарын еңбекке бейімдеуде. Айталық, Есенқұлдың 9-сыныпта оқитын ұлы Дінмұхамед қазірдің өзінде «темір тұлпарды» тізгіндеп, қыс бойы ауыл тұрғындарына отын-суын тасып, қарын күреп беріп, қолғабысын тигізуден әсте шаршаған емес. «Қолы қимылдағанның аузы да қимылдайтынына» Дүтбаевтар әулетінің үлгі-өнегесі нақты айғақ бола алады. Қалада да, далада да үйлері, жеңіл көліктері бар болса, ішсе ауқатқа, кисе киімге жарып отырса, соның барлығы ақ, адал еңбекпен келген жетістік екенін ешкім де жоққа шығара алмайды.

Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».

Ә. Бүркітбаев ауылы, Сарысу ауданы.