- Advertisement -

Игі істерге ұйытқы болған Жақсылық

168

- Advertisement -

Өмірдің өзі – үлкен мектеп. Кейде қаталдығымен шыңдайтыны бар. Жақсылық Досаев бала күнінен қиыншылықты көп көрді. Әкесі Досай соғыс ардагері еді. Алайда, майдангер өз баласын еркелетпеді. Еңбекке баулыды. Ондағы ойы өмірдің ащы дәмін көп тартқан қария жалғыз ұлын жастай шынығып, ширап өссін дегені болар. Тіпті, арнайы мамандық алуын да құптаған жоқ. Көзімнің алдында жүрсін деді ме екен!? Бірақ, Жақсылықтың көңілінде «қалайда оқимын, мамандық иесі боламын» деген мақсат тұрды. 7-сынып оқып жүргенінде Жақаң жеңіл автокөлікті жүргізуді үйренді. Өзінің алған бетінен қайтқан жоқ.
Аттестатын алған соң көршісі Қаратай қариядан 20 сом қарыз ақша алып, ата-анадан жасырынып Талғарға тартып кетті. Талғар ауыл шаруашылығы техникумының студенті болып оралды. Барлық пейілі, ой-талғамы күнделікті шаруашылық төңірегінен аспаған Досай әке де, Зиба анасы да баласының студент атанып келгеніне де қуанған жоқ. «Сол оқуыңа бармай-ақ қойсаң қайтеді? Сен кетсең мал-жанға, бізге кім қарайды?» деп, мұның мақсатымен жұмыстары болмайды. «Әке, мен өз күшіммен барып, оқуға түсіп келдім. Оқимын енді. Мамандық алуым керек. Маған ақша беріңіз одан да» дейді бұл. Сонда Досай қарт баланы қимай қиналса да, ауылдағы поштаның бастығы Шәмшібек деген кісіге барып, зейнетақысынан 40 сом алдын ала жаздырып әкеліп, баланың қолына ұстатады.
Талғар техникумын Жақсылық жақсы үлгеріммен оқыды. Жоғары білім де алды. Институтты бітірген соң еңбек жолын Жамбыл ауданындағы «Пригородное» кеңшарында машина-трактор паркінің меңгерушісі болып бастады. Бұл – 1970 жыл болатын. Көп ұзамай облыстық «Жайылымдарды суландыру» мекемесінде инженер-механик қызметіне ауысты. Ал 1978-1989 жылдары облыстық автокөлік базасында қарапайым инженерден мекеме директоры қызметіне дейінгі сатыдан өтті. Облыстық автокөлік басқармасы бастығының орынбасары қызметінде абыройға бөленді. 1995 жылға дейін «Ресей-Қазақстан» біріккен автокөлік кәсіпорнының бас директоры қызметін атқарды. Еңбек жолы Алматыдағы «Қазавтомонтажтранс» құрылыс компаниясының, Тараздағы «РемМонтажЛифт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі, Тараздағы автомектептің директоры қызметімен жалғасып, зейнетке шықты.
Жақаңның қаламгерлігі де бар. Сәті келгенде мақала-өлең жазып, жергілікті басылымдарға ұсынудан жалыққан емес. Тіпті, Ақтанберді жырау, Қоңырбай халфе туралы жазған зерттеу мақалалары да оқырманнан өз бағасын алды. Бір кездері білім іздеп Талғарға талпынған бозбала жігіттің өмір жолы осылай игі мақсаттармен өрілді.
Өмірлік серігі Жанар Болысбаева көп жылдар ұстаздық қызмет атқарды. Екеуі үш ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Үлкені Ләззат кәсіпкерлікте болса, Абзалы – полиция өкілі. Роза қыздары да – жеке кәсіпкер. Олардан бес немере сүйіп отыр.
Жақсылық аға зейнетке шықтым деп, үйде отырып қалған жоқ. Тараздай нән шаһардың қоғамдық өміріне белсене араласып кетті. 2013 жылдан бері Тараз қалалық ардагерлер кеңесі №10 аумақтық округінің төрағасы, қалалық ата-аналар комитетінің төрағасы. Жақсылық Досаев №10 аумақта тұратын барлық қарияларды, зейнеткерлердің үйін аралап, жағдайларын біліп, көпшілік іс-шараларға тартумен келеді. Сырқаттанған, көмекке зәру кісілерге қолұшын беруден, қалалық ардагерлер кеңесіне ұсыныс айтудан жалыққан емес. Өзі басқаратын аумақтық округ ақсақалдарынан «Ардагерлер» атты ансамбль құрып алды. Жетекшісі де – өзі. Бұл ансамбльдің ән қоржынында Исаның желдірмесі, Абайдың, Шәмшінің және Кененнің өсиетке толы әндері бар. Құрманғазының, Нұрғиса Тілендиевтің күйлерін ардагерлер домбырамен тартқанда көпшілік сілтідей тынып тыңдайды. «Ардагерлер» ансамблі Астанада өнер көрсетіп, бірнеше рет облыстық, республикалық байқауларда жүлдегер атанды. Міне, мұның барлығы аумақтық округ төрағасы Жақсылық Досаевтың іскерлігін, шебер ұйымдастырушы екенін көрсетсе керек.
Ал Тараз қаласы бойынша ата-аналар комитетінің төрағасы жұмысын да назардан тыс қалдырмайды. Үнемі комитет отырыстарын өткізіп, әр мектептен сайланған өкілдердің есебін тыңдап, «қиын балалар» мәселесін, дәстүрлі емес дінге түсіп кетпеудің алдын алу, бұзақылықтың алдын алу шараларын ақылдасып, талдап отырады. Өзі де әр мектепке барып, ата-аналармен және оқушылармен кездесіп, өнегелі жолды түсіндіруден жалыққан емес.
Міне, жаны жақсылыққа құштар Жақсылық Досаевтың өнегелі өмір жолы осындай. Сондықтан да ол ардагерлер арасында қашанда құрметті.

Есет ДОСАЛЫ,
«Ақ жол».

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support