Көшербектің сексенінші көктемі
Көшербектің сексенінші көктемі
...Биылғы көктем Көшербектің көңілін ерекше толқытты. «Япырм-ай, шыныменен сексеннің ауылына келіп қалғаным ба? Кеше ғана емес пе, Көктөбедегі 4 жылдық мектепте білім алғаным, одан Ақкөлдегі мектеп өмірі, арман қуып Алматыға барғаным. Қызметке араласқан жылдар, бәрі де кеше ғана еді ғой. Содан бері, сынаптай сырғып 60-70 жыл өте шыққаны ма?» деп толғанысқа түскен. Толғантып жүрген өткен күнге деген сағынышы, оралмасқа кеткен аяулы күндерге деген қимастық. Әйтпесе, осы жасқа жеткеніне Көшекеңнің көңілі тоқ. Ұзын аққан Талас бойында Көшербек Жұманқұловты білмейтіндер жоқтың қасы. Бәрі біледі. Олай болатын жөні бар. Ұзақ жыл атқарған еңбегі, атқарған қызметі мұны елмен етене жақындастырып жіберген. Көшекең өткенді еске алып толғанғанда жұрттың өзіне деген құрметіне, ризашылығына риза болады. Алдымен есіне алыс сағымдардың арасында қалған балғын балалығы түсер. Соғыс жылдарына тап келген, ауырлыққа толы балалығы... Анасынан 6 жасында айырылып, балауса күнінен жапа шекті. Сосын Дуанбек атасы мен Сусары әжесі бауырына басқан. Олар еш адам айтып жеткізгісіз мейірімді, шуақты, шапағатты, қамқор кісілер еді. Бұл дегенде кеуделеріндегі жандарын суырып беруге дайын болатын. Жетімдік көрмеді, ата-әжесі ондай қасіретті көрсеткен жоқ. Дегенмен, ол кезде жалпы жұрттың жағдайы төмен. Соғыс жүріп жатыр. Артық азық, киімнің бәрі майданға жіберіледі. Бұл да жалаң аяқ жар кешті. Бір қар жауғанша жалаң аяқ жүретін. Табаны күс-күс болып, көн болып қатып қалатын. Сол күс-күс аяқпен қалың жантақты кешіп жүре беретін. Бір жылы қара суықта Көшекең аяғын үсітіп алған. Ал алыс ауылда дәрігер жоқ. Сонда Сусары әже жаны шығардай баламен қоса қиналып жүріп, қойдың қатпаршағын жағып, қазақы еммен-ақ жазып алған. Көктөбедегі төрт жылдық мектептен сауат ашқан. Бұл бастауыш мектептің басшысы да, мұғалімі де бір-ақ кісі – Рахманберді Батырбаев. Сауаттылығымен, сабырымен, өнегесімен алғашқы ұстазы есінде қалыпты. Үш ай демалыста ойын жоқ. Ойын қайдан болсын? Өгіз соқамен жер айдап жүрген, аттың күшімен қырманда астық бастырып жүрген Сусары әжесіне болысады. Жеті-сегіз жаста сол кезде. Бесінші сыныптан бастап аудан орталығы – Ақкөлде білімін жалғады. Көп сыныптастары оқуды төрт сыныппен доғарып, еңбекке араласып кеткен. Мүмкін, мәжбүрліктен болар. Бұл қиналса да оқуын үзбеді. Ақкөлдегі мектеп интернатта қоғам қайраткерлері Мырзатай Жолдасбеков, Берден Байқошқаров, Бақытяр Әбілдаұлы, Мақсұтбек Сатымбеков, Құдиярхан Ақбердиев, Рымбек Мылтықбаев секілді кейін есімі елге танымал болған азаматтармен бірге оқыды. Ақкөлде бұларға белгілі қоғам қайраткері, ақын-сықақшы Шона Смаханұлы сабақ берді. Орта мектептен де үйренгені көп еді. 1954 жылы Алматыдағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының жаратылыстану факультетіне түсіп кетті. Өз күшімен. Әйтпесе, кемпір-шалдың қолында өскен жетім балаға кім қолұшын соза қойсын. Бес жыл бойы шәкіртақы және қоғамдық жұмысы үшін жалақы алып оқыды. Институттың кәсіподақ ұйымының ақылы есепшісі болды. Бұл оқу орнының сол кездегі ректоры Мәлік Ғабдуллин екен. Диплом алысымен Ақкөлге оралды. Өзі білім алған мектепте екі жыл ұстаздық етті. Мұнан соң Кеңес ауылында мектеп директорының орынбасары болған. 1967 жылы Амангелді сегіз жылдық мектебіне директор қызметіне тағайындалғанда орда бұзар отыз жаста ғана болатын. Ал ол кезде директордың алдында қаншама міндеттер тұрды десеңізші! Жаспын деген жоқ. Шыдады. Қиындықты жеңді. Білім сапасын жақсартты, жаңадан шеберхана салдыртты. Оқушы саны көбейді. Мектептің қысқы отынына қажетті сексеуіл мен көмірдің мол қорын дайындап алуды тиімді жолмен шеше білді. Көзге түскендігі болар, екі жылдан соң аудандық партия комитетіне нұсқаушылыққа шақырылды. Одан әрі өсу, өрлеу жолдары тізбектеле береді... Аудандық партия комитетінің идеология бөлімінің басшысы, жаңадан жабдықталған кәсіптік-техникалық училищенің директоры, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы... Ақкөлдегі кәсіптік-техникалық училищені он жылға жуық басқарғанда оқушы санын 150-ден 650 балаға жеткізді. Бұл барғанда екі ескі трактор ғана бар екен. Соны аз жылда он есеге ұлғайтты. Қыздарға қатысты аспазшы, қолөнер, тігінші мамандықтарын ашып, жастардың қызығушылығын оятты. Қыздар механизаторлықты да жақсы меңгеріп, «К-700» тракторының рөлін бағындыратын деңгейге жетті. Ал ауданның идеология, ішкі саясат саласын басқарғанда «Талас толқындары», «Айша бибі» фольклорлық ансамбльдерінің ашылуына тікелей ықпал етті. Аудан орталығында Социалистік Еңбек Ерлерінің аллеясын жасатып, елді мекендердегі көрнекі құралдардың негізін қалады. Осы жұмыстарға идеологиялық жетекші болды. Малшыларға, малшылардың ауылдарда интернатта оқитын балаларына рухани демеу берді. Бір сөзбен айтқанда, өзіне жүктелген жауапкершілікті сезініп, жұмыстың үдесінен шықты. Сондықтан, таластықтар бұл азаматқа дән риза. Құрметпен еске алады. Сексенінші көктемін қарсы алар шақта «Япырм-ай!» деп толғанған Көшекеңнің көз алдынан осынау ұлағатқа толы ғұмыры сырғып өткен. «Шүкір, шүкіршілік» деді. Өзінің мағыналы өткен ғұмырына тәубе етті. Жары Алмакүл Қилыбаевамен 40 жыл тату-тәтті ғұмыр кешті. Бірақ ол кісі 2001 жылы дүниеден озды. Одан кейін тағдыр Көшекеңді тағы бір аяулы адаммен табыстырды. Алмакүлінен айырылып, қамкөңіл болып жүргенде жолыққан осынау адам мұның жабырқау көңілін емдей білді. Бұлттың арасынан алтын күн шапағын шашып шыға келгендей болды. Бұл кісі – Күләш Жүзбаева еді. Көшекең мен Күлекең 15 жылдан бері тағдыр қосып, бір шаңырақ болып ғұмыр кешіп жатыр. Алмакүл апайды да ұмытпай үнемі еске алып, құран бағыштап отырады. Ұзақ жыл ұстаздық қызметте болған Күләш апа Көшекеңнің жанын түсініп қана қоймай, барлық ұл-қыздарына, немерелеріне аналық мейірімін төге білді. Бұл күнде Көшербек Жұманқұлов 8 ұл-қызынан 25 немере, 9 шөбере сүйіп отыр. Балалығы өткен Көктөбе, шексіз мейіріммен бауырына басқан Дуанбек қарт, Сусары әже ойға оралады. Ойынсыз өткен, арбаға жегілген балалығы есіне түсер. Ақкөлдегі, Алматыдағы білім қуған жылдар жадында жаңғырады. Қызметке араласқан жылдары үшін де өкінбейді екен. Көшербек Жұманқұлұлы 80 жасқа сергек жетті. Саналы ғұмырын бір аудандағы білім саласының өркендеп дамуына арнаған Көшекең ғұмырлы болғай!
Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».
Талас ауданы.