Тарихтан тартқан тамырын
Тарихтан тартқан тамырын
Музей қоры жаңа жәдігерлермен толығып келеді
Жанна Қосалиева, облыстық тарихи-өлкетану музейінің археология және этнография бөлімінің меңгерушісі.
Облыстық тарихи-өлкетану музейі 1931 жылы ашылған. Сол жылы 23 тамызда Әулиеата кеңесі отырысының қабылданған шешімінде былай делінген: «Музей 25 тамызда ашылсын, ол туралы Әулиеата қалалық кеңесінің радио желісі арқылы хабарлансын. Келушілерге күн сайын сағат 5 пен 8-ге дейін есік ашық. Экскурсия ерекше келісіммен. Кіру тегін» 1940 жылдардың соңында музей жаңа мәртебеге ие болды. Жамбыл облысының құрылуына байланысты музей енді бүкіл облыс тарихы мен мәдениетін қамтыды. 1970 жылдардың ортасында облыстық музей бүкілодақтық туристік жол желісіне енгізілді, ал 1977 жылдан шетел туристері келе бастады. Археологиялық және ғылыми жинақтау экспедицияларының нәтижесінде музей қоры толықтырылды, қазіргі таңда облыстық музейдің мемлекеттік тіркеуінде 65 мыңға жуық жәдігерлер сақталған. 2002 жылы Тараз қаласының 2000 жылдық мерейтойы қарсаңында музейде 3 жаңа павильон ашылған: «Көне түркі тас мүсіндері және көне түркі жазулары», «Л.В.Брюммердің көркемсурет музейі» және ежелгі Тараз қаласының тарихынан сыр шертетін «Тараз 2000 залы». Бүгінде музейдің жалпы экспозициялық алаңы 2010 шаршы метрді құрайды. Біз басқа өңірлерде кездеспейтін бірегей құнды жәдігерлермен мақтана аламыз. Қазіргі таңда облыстық музей тараздықтардың көп келетін сүйікті мәдени демалыс орындарының біріне айналып үлгерді. Қазақстан Республикасы Президентінің халыққа Жолдаулары мен «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері облыстағы тарихи-мәдени мұраларды зерттеуде және насихаттауда талмай еңбек етуде. Музейлік маңызы бар заттар жинастырылып, сараптамадан өткізіліп, құжаттар толтырылады. Музей залдары бойынша тақырыптық және бөлімдерге шолу экскурсиялары өткізіліп отырады. Мектептерде, кітапханаларда, жоғары оқу орындарында, облыс пен қала кәсіпорындарында музей қызметкерлері жылжымалы көрмелер ұйымдастырып, баяндамалар өткізеді. Музейдің «Жұртшылықпен кездесу» және кинодәріс залдарында білімгерлер мен оқушылар үшін облысқа танымал азаматтармен, тарихшы ғалымдармен кездесулер, мәнді атаулы күндерге орай «дөңгелек үстелдер» ұйымдастырылады. Облыстық музей қоры құнды жәдігерлермен толықтырылуда. Қаланың барлық мәдени іс-шараларына музей қызметкерлері атсалысып келеді. «Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі» – өткен тарих пен қазақ мәдениетін түгелдей көрсететін бірден-бір мәдени ошақ. Музей қорында жиынтық заттар едәуір көбейіп, сирек кездесетін жәдігерлер саны соңғы кезде арта бастады. Сондықтан музейге келушілер саны да жылдан-жылға артып келеді. Облыстық музей қаланың және аудандардың жас мамандарына әдістемелік көмек көрсетіп, қолдау жасайды. Музей қызметкерлері өзекті тақырыптарға құрылған республикалық конференцияларға, семинарларға белсене қатысып жүр. Еліміздің басқа облыстарында, қалаларында, мәдени ошақтарында, музейлерінде «Мәдени күндерге» орай ауқымды жылжымалы көрмелер ұйымдастыруды да қолға алғанбыз. Көп жылдар бойы дәстүрлі түрде 18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай «Ашық есік» күні акциясы үзбей өткізілуде. Музей күні 1977 жылдан бастап әлемнің 150 елінде аталып келеді. Әдеттегідей, бұл күні музейге келушілерге ерекше қызықты, танымдық экскурсиялар, ойындар, викториналар ұсынылады.