- Advertisement -

Қолдау бар, қайтарым қандай?

78

- Advertisement -

Осыдан екі жыл бұрын «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» бағдарламасы қабылданған болатын. Аталған бағдарлама өңірімізде қалай жүзеге асырылуда? Осы мәселе «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында өткен кеңесте талқыланды.
Партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеевтің айтуынша, осы пилоттық жоба былтыр Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарында іске асырыла бастаған. Мұратхан Жүнісәліұлы мемлекет тарапынан қарастырылған 10 миллиард теңгенің 1 миллиард 520 миллион теңгесі «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының облыстық филиалы арқылы игерілгенін, партиялық жоба шеңберінде 436 жұмыс орны ашылғанын тілге тиек етті. Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов осы жылдың сәуір айына дейін облыста 17 сүт қабылдау пункті мен 488 отбасылық мал бордақылау алаңы, 172 отбасылық тауарлы-сүт фермасын ашу жоспарланғанын айтады. Былтыр жеке қосалқы шаруашылықтардың бірігуімен құрылған 6 ауыл шаруашылығы кооперативінің мүшелеріне ет-сүт бағытында 2497 ірі қара мал алу үшін 480,8 миллион теңге шағын несие беріліпті. Осы кооперативтің жаңадан қосылған 87 мүшесі 329,5 миллион теңге несиеге 1652 ірі қара мал сатып алған. Ал биыл 10 кооперативке берілген несие 810,3 миллион теңгені құраған. Біріккен жеке қосалқы шаруашылық саны – 222.
– «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру шаралары» бағдарламасы бойынша биыл 2 058,0 миллион теңге бөлінді. Бөлінген қаражаттың 59 пайызы – «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры», 41 пайызы «Аграрлық кредиттік корпорациясы» және кредиттік серіктестіктер арқылы беріледі. Индикативті жоспардағы жеке қосалқы шаруашылықтың бірігуімен 37 ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру, 20 сүт қабылдау пункті мен 8 мал сою алаңын ашу, 3 көкөніс дайындау пунктін, 5 қой сою алаңы мен тері-жүн дайындау пунктін, 1 құс өсіру кооперативін, 3 ет тасымалдайтын рефрижираторын алу, 2 шағын жем дайындау цехын іске қосу, 13 мал сою алаңдарын қажетті құрал-жабдықтармен жабдықтау, 15 үй жанындағы жылыжай ашу, 5 сүт тасымалдайтын автокөлік алу, бордақылау үшін 13 813 мал алу және сүт бағытында 4000 мүйізді ірі қара малын алу жоспары қаржы ұйымдарымен келісіліп, бекітілген жоспар аудандарға жолданды, – дейді Нұржан Молдиярұлы.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев пен облыстық мәслихаттың депутаты Нұрлан Ортаев, облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сейдахмет Сейтбеков, облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Аспандияр Сейсебаев шаруа қожалықтардың жайылымдық жерін суландыру, жерасты суын пайдалану секілді бірқатар мәселелер жайын талқыға салды.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support