Әлеумет

ХАЛЫҚ ҚАМЫН ОЙЛАҒАН

ХАЛЫҚ ҚАМЫН ОЙЛАҒАН

кәсіпкер Орынбасар Сыздықовтың наубайханасында нанның 7 түрі пісіріледі

Жерінің көлемі облыстың жартысына жуығын алып жатқан ауданның халқы да жылдан-жылға көбейіп келеді. Бүгінде ауданның 16 ауылдық округінде отыз екі мыңдай тұрғын бар. Облыс орталығынан алыста орналасқан ауданда заман талабына сай қызмет көрсету құрылымдары да желісін кеңге жая түсуде. Олардың қатарында Мойынқұм ауылындағы Орынбасар Сыздықовтың кәсіпкерлік құрылымы да жақсы қырынан аталып жүр. Бүгінде оның наубайханасы Мойынқұм, Күшаман, Жамбыл ауылдық округтері тұрғындарын ас атасы – нанмен жеткілікті қамтамасыз етіп отыр.WhatsApp-Image-2017-04-11-at-12.05 23 жасында кәсіп-тің көзін тапқан мойынқұмдық іскер азамат аталған наубайхананы мемлекеттен несие алмай өзінің жеке қаражаты есебінен отбасымен бірге ашқан екен. Қазір оның игілігін тұрғындар көріп отыр. Наубайхана жұмысы жылдан-жылға жанданып, желісін кеңейте түсуде. Ашылғанына төрт жыл енді толатын нысан күніне 400-ге жуық бөлке нан, бөлішке, батон, таба нан, ақ нан, қара нан, лакомка секілді жеті түрлі нан өнімін шығару әлеуетіне ие. Ауыл тұрғындарының хал-ахуалын жақсарту аясында тәулігіне 150-ге тарта әлеуметтік нан пісіріліп, оның бір бөлкесі 58 теңгеден өткерілуде. Жас кәсіпкер аудан әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің қолдауымен әлеуметтік ұнға төмендетілген бағада қол жеткізгенімен, оның өзіндік шығындары да аз еместігін айтады.

Дегенмен, «Шығын шықпай кіріс кірмейді» деген де бар. Міне, осыны жақсы ұғына білген наубайхана жетекшісі қалтасының емес, халықтың қамын ойлап, әлеуметтік нан пісіріп сату ісін одан әрі де жалғастыра беруге ықыласты.

Бүгінгі таңда наубайхана үш адамды жұмыспен қамтып отыр. Үш ауылда орналасқан азық-түлік дүкендерінің барлығының да сөрелерін дер кезінде ыстық нанмен толтыру үшін наубайханашылар уақытпен санаспай, күндіз-түні тоқтаусыз жұмыс істейді. Бір жағынан түнгі уақытта берілетін электр қуатының бағасы да төмен. Орынбасар Сыздықов жастайынан кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеруге талпынуының арқасында өзінің көздеген мақсатына қол жеткізіп, кәсібінің нәсібіне кенеліп отыр. Жетістігі де жоқ емес. Мәселен, 2014, 2016 жылдары «Нұр Отан» партиясының бағдарламалық мақсаттары мен міндеттерін насихаттауға, саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді нығайтуға, партияның сайлауалды тұғырнамасын іске асыруға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып, белсенділік танытқаны үшін Алғыс хаттармен марапатталған. Елбасымыздың биылғы халыққа Жолдауында шағын және орта бизнес отбасылық дәстүрге айналуы керектігін атап өткені белгілі. Мемлекет басшысының, әсіресе, ел тұрғындары алдына бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту жөнінде қойған тапсырмасы Орынбасардың да ойымен орайлас шығып отыр. Оның да арманы асқақ, алдында үлкен мақсаттары бар. Нақтырақ айтқанда, отбасымен бірге ілкімді істі одан әрмен қарай ілгерілетіп, алдағы уақытта аудан тұрғындарын тұтастай нан өнімдерімен қамтамасыз етуге қол жеткізуді ойлайды. Жас кәсіпкер жарқын істерімен қазірдің өзінде көпке үлгі, елге сыйлы.

Мойынқұм ауданы.

Уалихан жайлау, «Ақ жол».