Жизақ – Жамбыл: тараптар табысы 15 миллиард теңге
Жизақ – Жамбыл: тараптар табысы 15 миллиард теңге
Үстіміздегі жылдың 22 наурызында Өзбекстан Республикасының Прези-денті Шавкат Мирзиёев алыс-жақын шет мемлекеттерге алғашқы ресми сапарын Қазақстанға келуден бастаған болатын. Нәтижесінде, өзбек пен қазақ елдері арасында орныққан өзара әріптестік қарым-қатынастар біздің облыста одан әрі жалғасты. Жизақ облысының хокимі Улугбек Узаков, Өзбекстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Икром Назаров бастаған делегация арнайы жұмыс сапарымен өңірімізге келді. Оларды ел шекарасынан облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов, Тараз инновациялық-гуманитарлық универ-ситетінің ректоры Ерболат Саурықов, облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің өкілі Гафур Қасымов күтіп алды. Ал Жуалы ауданының кіреберісінде қонақтарға қазақы салт-дәстүрімізге сай ұлттық дәм ұсынылып, қонақжайлылық көрсетілді. Газетіміздің өткен санында хабардар еткеніміздей, өндіріс, ауыл шаруашылығы, білім салалары мен сауда-саттық бойынша өзара тығыз қарым-қатынас орнату мақсатын көздеген іс-шара барысында делегация Жуалы ауданындағы Индустрия-ландыру картасына енген ірі жоба «Burnoye Solar-1» арнайы экономикалық аумағында болды. Бұдан кейін делегация мүшелері Жамбыл ауданын-дағы Айша бибі мазарында болып, о ртағасырлық көне кесененің сәулеттік ерекшеліктерімен, тарихы-мен танысып, Айша бибі мен Бабаәжі ана рухтарына тағзым етті.
Құрамында Жизақ облысы мен басқа да бірқатар аудандардың хокимдері, білім, денсаулық сақтау салаларының басшылары, кәсіпкерлер бар топ Тараз қаласында болып, «Арай плаза» кешенінде облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевпен кездесті. Осы жерден қонақтар екі топқа бөлініп, кәсіпкерлік саласының өкілдері облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанкенің төрағалығымен өткен «B to B» форматындағы жиынға қатысты. Онда «Жизақ» еркін экономикалық аймағы дирекциясының директоры Алижон Абдуллаев ауыл шаруашылығы, өндіріс, құрылыс салалары бойынша қол жеткен жетістіктері мен атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндап, көптеген маңызды мәселелерді алға тартты. Атап айтқанда, Жизақ облысында жасалатын тұрмыстық техника, сантехникалық құрылғылар, ұялы телефондар, құрылыс материалдарының түрлерін таныстырып, тамақ өнеркәсібі, туризм салаларының дамытылуы жай-күйіне де тоқталды. Осы орайда жамбылдық кәсіпкерлер үшін өздерін қызықтырған сұрақтарға мардымды жауап алудың мүмкіндігі туды, екі тараптың инвестициялық мүмкіндіктері ортаға салынды.
Жизақ облысынан келген делегацияның ресми өкілдері «Қазақ хандығына – 550 жыл» монументіне арнайы ат басын бұрды. Онда облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Жизақ облысының әкімі Улугбек Узаков бастаған делегация мүшелерін бірқатар депутаттар мен ардагерлерге таныстырып, наурыз айында елімізге алғаш рет іссапармен келген Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевты Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев Ақордада қабылдағанын, осы кездесуде екі ел басшылары ынтымақтастық пен экономикалық маңызы бар тақырыпты қозғағанын айтты. Екі ел арасындағы ынтымақтастық пен әріптестік байланысты нығайту мақсатында қолға алынған шаралар аясында бұдан бұрын қазақстандық делегаттар да өзбек еліне барып қайтқанын тілге тиек етті. – Жизақ облысының басшысы бастаған делегация өңірімізге алғаш рет келіп отыр. Мұны екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтудың бастамасы деп білемін. Бұл – екі ел Президенттері қалыптастырған ынтымақтастықтың одан әрі нығая түскенінің көрінісі. Екіжақты байланыстар орнатудың арқасында біз бірнеше жоба бойынша меморандумға қол қойғалы отырмыз, – деді Кәрім Нәсбекұлы. Жизақ облысының әкімі Улугбек Узаков өңірлік ынтымақтастықтың арқасында екі ел арасындағы өзара қарым-қатынас дамитынын, жалпы, бұл кездесудің болашақ үшін маңызы зор екенін айтты. Бұдан кейін өңір басшысы қонақтарға «Қазақ хандығына – 550 жыл» монументін таныстырып, екі елдің аймақ басшылары ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Делегация мүшелері – жизақтық атқарушы орган өкілдері мен профессорлар естелікке суретке түсті. Аталған делегация құрамында Қазақстанның Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаев та бар. «Тараз-Арена» спорт кешенінде меймандарды жамбылдық танымал спортшылар қарсы алды. Соның ішінде Кәрім Нәсбекұлы «Қазақстан барысы» жарысының 3 дүркін чемпионы Бейбіт Ыстыбаев пен Рио Паралимпиадасының жеңімпазы Зүлфия Ғабидуллинаны таныстырды. Қонақтар «Тараз-Арена» спорт кешенін аралап, Назарбаев зияткерлік мектебіне барды. Бүгінде мұнда 650-ге жуық оқушы білім алып жатыр. Мектеп директоры Талғат Байназаров елімізде осындай 20-дан астам оқу орны бар екенін, бұл білім ошағы осыдан төрт жыл бұрын ашылғанын, онда 160-қа жуық ұстаз еңбек ететінін айта келе, мектепке балалар жетінші сыныптан кейін емтихан арқылы іріктеліп алынатынын, басты мақсат – мектептің іс-тәжірибесін өзге оқу орындарына тарату екенін жеткізді. Сонымен қатар, мектептің физика кабинеті мен зертханасын, спорт, мәжіліс залдары мен кітапханасын көрсетіп, робототехника және өзге де үйірмелердің жұмысымен таныстырды. Шаһарға шырай беріп тұрған «Тәуелсіз Қазақстан» монументімен танысқаннан кейін делегация «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып отырған «Минералды тыңайтқыштар» зауытына барды. Ондағы аммофос, күкірт қышқылы және фторсыздандырылған мал азығы фосфатын өндіретін үш цехтың жұмысының жайына қанықты. Жаңа ғимаратқа көшірілген 250 орындық перинаталдық орталығында да болды. Орталық директоры Айгүл Айтбаева мұнда бірнеше жеке босандыру бөлмесі, 88 орындық ана мен баланың бірге болу, 55 орындық жүкті әйелдер патологиясы бөлімі, 12 орындық жаңа туылған сәбилерге арналған интенсивті терапия және жансақтау бөлімдерімен, заман талабына сай жарақтандырылған орталық жұмысымен таныстырды. Ал «Жүрек» кардиологиялық клиникасының» тыныс-тіршілігін бас дәрігердің орынбасары Далихан Аширов баяндады. Бұл емдеу мекемесі ашылғалы 2500 адамға ота жасалған екен. – Негізінен біз жүрегінде ақауы бар ауруларды коронаграфиялық тексеруден өткізіп, кейбіріне қан айналымын жақсарту үшін тамырға стенд қоямыз. Мұнда 110 адам жұмыс істейді. Оның 22-сі біліктілігі жоғары дәрігер болса, орта буын қызметкерлерінің саны – 46. Германия, Финляндия, Италия секілді медицинасы дамыған озық мемлекеттердің құрал-жабдықтарын пайдаланамыз. Дәрігерлер Польша, Германия секілді шет мемлекеттерде біліктіліктерін жетілдіру курстарынан өтіп тұрады. Мұнда хирургиялық отаның барлық түрі жасалады. Бұрын жамбылдықтар күрделі ота жасатуға Израиль, Германияға баруға мәжбүр болса, қазір бұл мәселе шешімін тапқан, – дейді ол. Бұдан кейін өзбек ағайындар М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ұжымымен кездесті. Басқосуда аталған оқу орнының жайын баяндаған ректор Махметғали Сарыбеков мұнда білім алып жатқан тоғыз мыңнан астам студенттің 500-ге жуығы шетелдік болса, оның 60-ы өзбек елінен келіп білім алып жатқанын сөз етті. Сондай-ақ ол Жизақ политехникалық және педагогикалық институтымен бірге әріптестік байланыс орнатуға әзір екенін жеткізіп, Улугбек Юлдашұлына қазақ хандығының тарихынан сыр шертетін кітап сыйлады. Өз кезегінде Ұлықбек Ұзақов ректордың оқу орны туралы түсінікті әрі нақты мәлімет бергеніне алғыс білдірді. Болашақта Жизақта үлкен зауыт салу жоспарланып жатқанын айтып, инженерлер тапшылығын болдырмас үшін бірлесе мамандар даярлау қажеттігін сөз етті. Жиын барысында мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарды нығайту мәселелері талқыланды. Өңір басшысы Кәрім Нәсбекұлы екі елге ортақ мәселелерді шешу үшін алдағы күндері әр саланың мамандарымен кездесу ұйымдастыру керектігін қозғады. Жизақ пен Жамбыл облысы аграрлық сала дамыған аймақ екенін сөз етіп, екі ел біріге отырып, гидротехник мамандар дайындаса, жамбылдықтардың қырғыз еліне бүгінгідей суға тәуелділігі азаяр еді деген ойын ортаға салды. Сонымен қатар кездесуде екі елдің профессор оқытушылары пікір алмасты. Өзбекстан Республикасынан келіп, білім алып жатқан студенттер ойларын ашық айтып, өздерін мазалаған сұрақтарға тұшымды жауап алды. Жамбыл-Жизақ әріптестік кездесуінің екінші күні қаладағы Достық үйінен бастау алды. Ондағы жиынға облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев, Қазақстанның Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаев, облыс әкімінің орынбасарлары, басқармалардың, жоғары және арнайы орта оқу орындарының, медициналық ұйымдар мен өндірістік кәсіпорындардың басшылары, өзбек этномәдени бірлестігінің өкілдері қатысты. Кәрім Нәсбекұлы: «Біз – мәдениеті мен әдебиеті, өнері мен салт-дәстүрі қатар дамыған, ынтымағы мен бірлігі жарасқан халықтармыз. Бұрыннан ауылы аралас, қойы қоралас жатқан, төскейде малы, төсекте басы қосылған елміз», – деп, ежелден тарихы ортақ, тамыры бір екі елдің ынтымақтастығына тоқталды. Бүгінде облыс халқының 2,7 пайызын өзбек ұлтының өкілдері құрайтыны тілге тиек етілді. Облыс басшысы екі мыңжылдық тарихы бар, тарихи-мәдени құндылықтарымен ерекшеленетін Тараз қаласы мен облысымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайымен жан-жақты таныстырып өтті. Өңір басшысы химия өнеркәсібі саласында қол жеткен жетістіктер мен инвестициялық жобаларға да тоқталып, өңірдің металлургиялық өнеркәсібіне қаржы құюға мол мүмкіндіктер бар екендігін де тарата айтты. Облысымыз аумағында құрылыс индустриясы да кеңінен қанат жайып келе жатқаны белгілі. Бұл ретте Мыңарал мен Хантаудағы цемент зауыттары, гипс өндіретін «Жамбылгипс», «Ақтас» кәсіпорындары оң нәтиже көрсетуде. Кәрім Нәсбекұлы облысымызға инвестиция тарту бойынша көзге түсетін тағы бір негізгі бағыт – агроөндірістік кешен болып табылатынын да жан-жақты түсіндіріп өтті. Сондай-ақ, көлік логистикасында да зор жетістіктерді бағындырудың алғышарттары бар екендігі, өңірдің туризм саласының да әлеуеті мол екендігі баса айтылды. Облысымыз «Жібек жолының тарихи орталықтарын жаңғырту» мемлекеттік бағдарламасына енген. Әулиеата өңірінде тарих пен мәдениеттің қайталанбас ескерткіштері де көп-ақ. Олардың 5-еуі ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне енгізілгендігі мыңдаған туристердің назарын аудартпай қоймайды. Облыстың осындай ерекшеліктеріне кеңінен тоқталған облыс басшысы: «Біз міндетті түрде шағын және орта бизнестің кедергісіз жұмыс істеуіне, инвестиция тартуға, ауыл шаруашылығы саласын дамыту бойынша тәжірибе алмасуға жағдай жасауымыз керек», – деді. Сонымен қатар ол делегация өкілдеріне Астана қаласында өтетін халықаралық мамандандырылған ЭКСПО көрмесі билеттерін сый ретінде ұсынды. Кездесуде Жизақ облысының хокимі Улугбек Юлдашұлы Кәрім Нәсбекұлының ұсынысын қолдап, жоғарыда аталған бағыттар бойынша әріптестік байланыс орнату қажет екендігін жеткізді. Көзделген мақсаттар аясында өңіраралық қарым-қатынасты бұдан әрі де ширатып, нығайта түсу мақсатында облысымыздың делегациялық тобын Жизаққа барып қайтуға шақырды. Кездесудің негізгі бөлімі аяқталған соң Достық үйінің фойесінде екі тараптың бірқатар меморандумдарға қол қою рәсімі өтті. Өзбекстандық делегацияның екі күнге созылған сапарының қорытындысында 15 миллиард теңгенің 9 меморандумына қол қойылды. «Өзбекстанда көптеген техниканың бағасы, оның ішінде тұрмыстық техника Қытай, Оңтүстік Кореяға қарағанда едәуір арзан. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы техникаларын өзімізде құрастырып, шығаратын боламыз. Келісімшарттың мазмұны осыған да қатысты. Сондай-ақ, жолаушылар тасымалы, жеміс-жидек саудасы, білім беру салалары бойынша да келісімдерге қол қойылды. Ал көрші ел тарапынан біздегі «Қазфосфат» өнімдері мен гипс, гипсокартон, цемент сынды құрылыс материалдарына қызығушылық танытылып отыр», – деді Кәрім Нәсбекұлы. Рәсім аяқталған соң қонақтар Көне Тараз кешені мен «Қарахан» мавзолейін аралап, танысты.
Қарлығаш Есбергенова, Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.