- Advertisement -

Балуан Мақсат Ережепов – азия чемпионы!

109

- Advertisement -

Грек-рим күресінің шебері Мақсат Ережепов Үндістанда өтіп жатқан Азия чемпионатында қатарынан оза шауып, чемпион атанды.
75 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Мақсаттың мақсаты аталмыш додада алтын жүлде алу болатын. Өйткені қазақстандық балуан алдыңғы құрлық біріншіліктерінде күміс және қола жүлдені қоржынға салған-ды. Анығырақ айтсақ, Ережепов әр құрлық чемпионатында сатылап жоғарылап келеді. 2012-2013 жылдары ол сары құрлық чемпионатында үздік үштіктен көрінсе, 2014 жылы күміс медаль иегері атанғанын айта кеткен жөн.
Нью-Делиде төселген бозкілемде жасындай жарқыраған қазақстандық балуан қытайлық және оңтүстік кореялық қарсыластарынан айласын асырды. Қытай спортшысына қарсы айқаста ол қарсыласына жол беріп жатып, соңғы сәттерде жеңісті жұлып алды. Ал ақтық сында оңтүстіккореялық балуанды жеңе білді.
«Құрлықтық дода тартысқа толы жағдайда өтті. Барлық спортшы жеңістің биік тұғырынан көріну үшін келгенін байқатты. Менің дайындығым ойдағыдай болды деп айтуға толық негіз бар. Осы жолы қалайда алтын жүлде аламын деп келген болатынмын. Сол үдеден шыққаныма қуаныштымын. Алда әлі талай бәсі басым додалар күтіп тұр. Сол байрақты бәсекелерде де ойдағыдай нәтиже көрсетіп, ел намысын абыроймен қорғасам деп отырмын», – дейді Азия чемпионы.
Мақсаты айқын Мақсаттың алар асуы әлі алда.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support