Жұрттың жанайқайы -жасанды түсік
Жұрттың жанайқайы -жасанды түсік
«Аңдамай басып, сүрініп кеткен тағдырлар...»
Ұлт болашағы қызды қалай тәрбиелеп өсіретінімізге байланысты. Мәселе, ұрпақ жалғастығының сақталғанында ғана емес, баланың дені сау, ақылды, көргенді болып өсуі тікелей анаға қатысты екенінде. Бірақ бір өкініштісі, бүгінде мұны ойлап, бас қатырып жүргендер аз. Қазіргі тәлім-тәрбие «Қызым – үйде, қылығы – түзде» дегенге көбірек келіңкірейді. Содан ба, болашағын ойлап, бас ауыртпастан, қадамын шалыс басып, некесіз бала туып, соңынан өз перзентінен жеріп жатқан «көкек» аналар көбейді. Тас жолда талқаны таусылып, әжетхана мен қоқысқа лақтырылған сәбилер – соның бір көрінісі. Ол – ол ма, бойына біткен шарананы амалсыздан жасанды түсік арқылы алдырып тастап жатқан бойжеткендеріміз қаншама?! Қазіргі ХХІ ғасырдағы қазақтың қасіреті де осы болып тұр. Қоғам дертіне айналған жасанды түсік мәселесі әлі күнге өз шешімін табар емес. Олай дейтініміз, некесіз құрсақ көтеріп бір күнә жасаса, оны алдырып тастап, тағы да кешірілмес күнәға батып жатады. Мұндай қадамға баратындар кімдер? Осы сауал қойыла қалса, көпшілігіміз ауылдан қалаға арман қуып келген аңқау қызды елестетеміз көз алдымызға... Солайы – солай ғой. Ауыл адамы аңғал келетіні де рас. Бірақ бүгінде қалаға арман қуып келген бойжеткенді былай қойғанда, мектепте оқып жүрген қаракөздер арасында да желік қуып кеткендер көбейген. Бұрын жігіттің арбауына түсіп, кешірілмес күнәнің құрбанына айналған қыздардың ауыр тағдырына аяныш білдіріп жататынбыз. Бүгінде желігі басылған соң сұлтандарды «құрығына» түсіргісі келетін сұлулар да бар.
«Анам мені өлтіретін шығар...»
Суретші Аңсаған Мұстафаның осы тақырыптағы графикалық туындысы кезінде әлеуметтік желілерде әбден талқыға түскен болатын. Әке-шешесінің қаһарынан қорыққан қыздар тезірек құрсақтағысынан құтылғысы келеді. Көпшілігінің айтатыны – «анам мені өлтіреді» деген сөз. Ал астаналық қылқалам шебері өз картинасы арқылы іштегі нәресте де сол сәтте осындай қорқынышта болатынын жеткізген. Біреудің біліп, біреудің білмей жасаған күнәсінің зардабын «абайсызда» бойға біткен шарана тартады. Амалсыздан жасанды түсік жасаудың жолын іздеген қаракөздер құрсақтағы сәбидің еш кінәсі жоқ екенін ойлап та жатпайды. Қазіргі кезде жасанды түсік жасайтын гинеколог мамандарды қаланың қай бұрышынан іздесең де табасың. Жасы кәмелетке толмаған жас қыздар ата-анасының қаһарынан қорыққанынан, кейбірі уайымсыз-қайғысыз қыдыратын күндерін қимағаннан осындай мамандардың есігін қағуға мәжбүр. Дәл сол шақта олар ертеңгі тағдыры не боларын ойлап та жатпайды. Ойланса, күні ертең өзіне перзент қажет кезде, құрсақ көтере алмай қалуы мүмкін екенін түсініп, тоқтам жасар еді. Мамандар жасанды түсік жасатудың ана денсаулығына зиян екенін айтады. «Қазіргі таңда жасанды түсік жасататын қыз балалар өте көп. Олардың басым көпшілігі қазақ қыздары. Ойламаған жерден от басып, сан түрлі себептерді алға тартып, көмекке жүгініп келетін қыз-келіншектер қаншама. Көбісі – босануға жігітінің қарсы екенін айтып, дүниеге келмеген шарананың өмірін қиюға бел буғандар. Тіпті, мектеп жасындағы қыздар да келеді. Кейбір медицина орталықтарында «қылмыстық абортты» да жасап жатады. Негізінде, жүктілік мерзімі 13 аптадан асқан жағдайда, жасанды түсік жасауға заңмен тыйым салынған. Алайда осы заңның шеңберінен шығып, 13 аптадан асса да жасанды түсік жасайтындар бар. Міне, осылайша бір рет түсік жасатып, өмір бойы ана болу бақытынан айырылып жатады. Яғни бедеулікке апарар бірегей жол осы. Кейбір мамандар келіншектердің өз еркімен босанып, екінші балаға жүкті кезінде аборт жасауға болады және оның еш зияны жоқ деп теріс пікір айтып жүр. Бұл – дұрыс емес. Оның қауіпті емес екеніне ешкім де кепілдік бере алмайды. Себебі, жасанды түсік адам ағзасына өзінің зиянын тигізбей қоймайды, – дейді «Экомед» медицина орталығының гинеколог маманы Перизат Байқошқарова. Бұрындары мұндай әрекетке 17-18 жастағы қыз балалар барса, қазір солардың қатарынан 14-15 жастағы жас жеткіншектерді де кездестіресіз. Керек десеңіз, екінші мәрте түсік жасататын жас қыздар да бар екен. Статистикаға жүгінсек, еліміздегі түсік жасау көрсеткіші экономикасы дамыған өзге мемлекеттерге қарағанда әлдеқайда жоғары саналатын көрінеді. Ащы болса да, шындығы – осы.
Өсеміз бе, өшеміз бе?
Әлемдегі 193 елдің төртеуінде ғана жасанды түсікке тыйым салынған екен. Ал 119-ында ана өміріне қауіп төнген жағдайда ғана түсік жасатуға рұқсат етілген. Қалған 70-тен аса мемлекетте түсік жасауға ешқандай шектеу жоқ. Міне, Қазақстан осылардың соңғысына, яғни, еш шектеу келтірмейтіндердің қатарына жатады. Зейнеттегі гинеколог маман Дәнегүл Құралбаева жоспарсыз жүктілікке тап болатын қыздардың саны еселеніп келе жатқанын айтады. – Бізге кеңестік кездегідей талаптар қою керек сияқты. Ол кезде осындай келеңсіздіктердің алдын алу жұмыстары қарқынды жүргізілетін. Мәселен, арнайы мамандар әр мектепке барып, қыз балаларды тексеруден өткізіп, оларға некесіз қатынасқа түсудің зиянды тұстарын түсіндіріп жататын. Қыздардың тәрбиесіне бүкіл қоғам жауапты еді. Кімнің жеңіл жүрісі байқалса, сол адам көзге шыққан сүйелдей. Тіпті, мектепте бозбаланың бойжеткенге ұрланып хат жазғанының өзін біліп қойса, үлкен дау туатын. Оның үстіне ол кезде бүгінгідей жеке меншік медицина орталықтары жоқтың қасы. Сол себепті түсік жасататындардың саны да аз болды. Қазіргі кезде түсіндіру жұмыстары азайып кетті. Басқасын былай қойғанда, біздің облысымызда да мұндай жағдайлар өте көп кездеседі. Сол үшін, «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген» жөн болар, – деп, өзінің ұсынысын білдірді. Бір ғана Шу ауданында 2015 жылы 37 жасөспірім ерте жүктілігімен тіркеуге алынса, 2016 жылдың басынан бүгінгі күнге дейін 29 жас жеткіншек осы тізімге ілінген. Бұл бізге мәлім мәліметтер ғана. Қателігін жасырып, құрсағындағы шақалақты қолдап шетінеткендер қаншама. Ерте жүкті болған жасөспірім қыздардың көпшілігі үрейге бой алдырады. Қандай үрей дерсіз... Сезімге беріліп от басқан қара көздеріміз жүктілігін жасырып, не ата-анасына, не досына сыр аша алмай, іштей күйзеліске түседі. Содан барып, барлық мәселенің төте жолы осы екен деп өзіне-өзі қол жұмсауға дейін барады. Бүгінде үлкен өмірге қадам басып үлгермеген жас өрімнен айырылып қалып «аһ ұрған» немесе ажал аранынан арашалап қалып, Құдайына мың тәубе айтқан отбасылар қаншама?! Тізе берсең таусылмайды. Жүктілігін жасырамын деп, бойына біткен баланы құрсақта өлтірген, айы жеткенде босанып, тастап кеткен «көкек» аналар да кездеседі. Өткен жылы ғана жаңа туған шаранасын дәретханаға тастап кеткен Т.Рысқұлов ауданының тұрғынының әрекеті... Артынша, нәрестесін тас жолға лақтырып жіберген тас жүрек ананың оқиғасы да басқа емес, біздің өңірде орын алды. Бұл нені көрсетеді? Әлі оң мен солын танып үлгермеген жасөспірімдердің тәрбиеге мұқтаж екенін айта кету керек. Расымен де, арнайы бақылаудың жоқтығынан көптеген бойжеткен құрсағындағы нәрестені мерзімінен бұрын мерт қылып жатыр. Бұл мәселенің алдын алу үшін жоғарыда сала мамандарының айтқан ұсыныстарын жолға қойған дұрыс болар ма еді?! Бүгінгі қыз – ертеңгі ана. Сондықтан да, өсіп келе жатқан қаракөздеріміз мұндай ессіздікке бой алдырмаса екен дейміз.
Ерғали ҚАРТАЙҒАН, «Ақ жол».
Шу ауданы.