Сақа
Сақа
Ел мен Ес, Салт пен Сана, Ұлт пен Ұрпақ, Тарих пен Таным тұрғысындағы публицистикаларымен танылған мейрамбек Төлепберген туралы толғаныс
Мейрамбектің мектебі
Мейрамбектің есімін алғаш рет анау-мынау емес, облыс әкімі болып тұрған кезінде Серік Үмбетовтің аузынан естідім. Бірде облыс орталығы – Тараз қаласынан шалғайда жатқан Сарысу ауданын аралаған сапарында Тоғызкент ауылындағы мектептің жағдайы қандай екенін білмекке журналистерді де ерте барды. Сонда айналасында зыр жүгіріп жүрген жергілікті басшылардан «Мынау Мейрамбек оқыған мектеп пе? Анау Мейрамбек отырған парта ма?» деп, ерекше ықыласпен, сүйсіне сұрауы қатты таңғалдырған. Таңғалатыным «Бұл Сарысудан Мейрамбектен бұрын атақты Асанәлі Әшімов, Амангелді Сембин шыққан,«мен мықтымын» деп жүрген басқа таланттары да жетерлік, ендеше қарапайым журналистің аты-жөнін неге ерекше еске алып, неге қайта-қайта айта береді?» деймін ғой өзіме-өзім. Облыс әкімін кейін түсіндім. Сөйтсем, мәселе – біліктілікте екен. Сарысудың Жайылмасына барғанда Асанәлі мен Амангелдіні сұраса, Тоғызкентті «түгендегенде» Секеңнің ойында, мысалы, Мейрамбек тұрыпты. Ал өскен-өнген жеріне байланысты тарихты қопарғанда тек қана атақтыларды ғана іздеп, соларды ғана сұраған қисынды деген ұғым баяғы қатып қалған қасаң түсінік боп шықты. Жоғары оқу орнын бітірмей жатып-ақ «Жетісу» газетіне бауыр басып, сол қара шаңырақта он бір жыл табан аудармай қызмет еткен жас журналист тау мен даланы жортып жүрген сапарының бірінде совхоз директоры (әлде, ол кезде ферма меңгерушісі ме екен) Серік Үмбетовпен танысып, ол таныстық кейін аға мен іні арасындағы үлкен достыққа ұласады. Сол достықтың алтын арқауы әлі күнге дейін сетінеп, жібек жібі әлі күнге дейін үзілген жоқ. Адал дос пен амал достың мақал-мәтеліндегідей, осы әкімнің қызметінің пайдасы тие ме екен деген есек дәмемен дос болғандар әлгі «досы» қызметтен кеткен күні көкжиектен қарасын батырса, Мейрамбек қарапайым журналист боп жүргенде Серік Үмбетов те ауыл шаруашылығы саласының қарапайым қызметкері-тұғын. Серік ағасының күндердің күнінде ферма меңгерушілігінен совхоз басшысына, одан аудан әкіміне, сонан соң облыс әкімі, министр, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болатынын білмесе де сіз-біз бен сыйластыққа берік болған. Кейбіреулер сияқты насыбайға бола өкпелеп, наз айтпаған. Бірде осы ойымды белгілі журналист, бар білімін қазақ баспасөзінің қадір-қасиетіне арнаған Ержұман Смайыл ағаға айтқанымда, құптамайтын нәрсесін қыңырая қалатын мінезімен сездіретін көкеміз басын бір жағына қисайтыңқыратып, ойланып отырып сөйлейтін әдемі әдетімен «журналист пен шенеунік арасындағы достықтың үлгісі ғой ол» деген. Бұл – Мейрамбектің өзі де, сөзі де толысып, облыстық «Жетісу» газетінен республикалық «Халық кеңесі», одан «Егемен Қазақстан» газеттерінде жауапты қызметтер атқарып Ел мен Ес, Салт пен Сана, Ұлт пен Ұрпақ, Тарих пен Таным тұрғысындағы публицистикаларымен танылған тұсы болатын.Тұлпарды тұрқынан танитын Толыбай сыншыдай дейміз бе, әйтеуір, Үмбетов те үндемей жүріп Мейрамбегінен көз жазбаған.
«Әкім болдым» деп астамсымаған журналист
Деп жүргенімізде, Мейрамбекпен бір шаңырақ астында қызмет етуге тура келді. Бұл кезде Серік Үмбетов Ауыл шаруашылығы министрі лауазымына тағайындалып, облыс әкімі Бөрібай Жексембин болған. Мен «Жас Алаштан»... «Егемен Қазақстанға» ауысқанмын. Елбасының Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапары жайлы Мәкең екеуміз жазатын болдық. Мейрамбекті де осы жолы жақыннан білдім. Өзіне тиесілі тақырыпты «диктовать» етпекке әкімдіктің компьютерші қыздарына жүгінсе, олар сақа журналистің жылдамдығына ілесе алмапты. «Диктовка» жасаған қаламгерді көрмек тұрмақ, ондайдың да бар екенін естімеген кеңсе қызметкерлері ғой, қалай ілессін. Менің кабинетімде отырғанбыз. «Диктовать етіп көріңіз, мен-ақ терейін» дедім. Содан Мәкең оқып, мен компьютерге тарсылдатып теріп (өзімдікін жазып, дайындап қойғам), мақаланы газетке уақтылы жіберіп үлгердік. Кешіктірсек Ержұман ағаның қаһарына ұшыраймыз. Ол ертесіне көлдей болып жарияланды. Елбасымен бірге облысқа сол кездегі Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед те келген. Мұхаң қашаннан журналист жанын түсіну, қаламгер қадірін білу жөнінен әріптестерінен анағұрлым озық адам ғой, Мәкеңе қарап «Мына мақалаң Президенттік сыйлыққа лайық екен» дегені жадырай күліп. Аузы дуалы азаматтың осы сөзі қолдау болды ма, әйтеуір, сол жылы жазда белгілі журналист, публицист Мейрамбек Төлепберген Баспасөз күні мерекесіне орай Президент грантына ие болды. Деп жүріп жатқанда, Бөрібай Жексембин Өзбекстанға елші болып кетті де, оның орнына Қанат Бозымбаев келді. Бөрібайға да, оның идеология жөніндегі орынбасары Құмар Ақсақаловқа да «үйреніп» қалғанбыз. Бозымбаевыңыздың басқару тәсілі біз білетін әкімдерден басқашалау екен, аппаратында ауыс-түйіс басталып, оған Құмар бауыр да ілікті. Бейжің Олимпиадасына бірге барған «үзеңгі жолдастығымыз» бар, кабинетіне барып, «көріскенше күн жақсы» дей отырып «Айып болмаса, орныңызға кім келейін деп жатыр?» дегенбіз. Құмар да сыр бермейтін сыпайы азамат қой, «сіздердің бір әріптестеріңіз келе жатыр» деп, бірақ оның кім екенін ашып айтпай жай ғана жымиды да қойды. Біз «ә» дедік. Үйтетін себебіміз, «Бозымбаевтың идеология жөніндегі орынбасары болып Мейрамбек Төлепберген келейін деп жатыр» деген пыш-пыш әңгіме онсыз да гулеп тұрған. Деп жүріп жатқанда, Ақсақалов айтқандай Мейрамбек Төлепберген облыс әкімінің идеология жөніндегі орынбасары болып келіп те қойды. Бір терінің пұшпағын илеген журналист болсақ та, бір шаңырақтың астында бірге қызмет еткен әріптес болсақ та, менің оған мәшіңкешінің орнына қызмет еткенім рас болса да, әкімдік деген құзырлы мекеме, әкім деген сесті қызмет қой, бұрынғы Мейрамбегімнен айырылып қалам ба деп ә дегенде қатты қорыққаным рас. Қатты қорыққаным – кешегі ақ көңіл, кешегі әңгімешіл, кешегі кішіпейіл Мейрамбектің орнында менменсіген мүлде басқа Мейрамбек отырса қайтем деген ой да баяғы. Кабинетіне барып, құттықтап шығу үшін қорқа-қорқа келе жатқам ғой залда, қарсы алдымнан өзі шыға келді. Құшақтасып амандастық. Күліп тұрып хал-жағдай сұрастық. Байқаймын, бекер қорыққан сияқтымын. Әкімдіктің ғимаратында емес, баяғы редакциямыздың шаңырағында тұрғандай арқа-жарқа Мейрамбекті көріп, қуанып кеттім. Әкім болам деп адамдығын жоғалтып алатындарды да кездестірдік қой. Ал Мәкең өз мінезін жасандылықтан сақтап қалыпты. Тәубе дедім. Сол қуаныш, сол тәубе әлі күнге дейін жалғасып келеді. Өйткені оның қанмен біткен журналистік ғажап болмысын ешкім, ешқандай лауазым өзгерте алмайтынына көзім анық жетті. Үмбетовтің жүрген жерінде Мейрамбекті сұрап, бала кезіндегі «Сақа» деген лақап атына дейін сүйсіне айтып жүретініндей бар екен.
Елдестірмек елшіден
Деп жүргенде, Қанат Алдабергенұлымен сәл-пәл келісіңкіремей қалдық. Ол неден шығып еді өзі. Ә, еске түсті, ана тілі жөнінде айтам деп «тілге» келіп қалған екенбіз ғой. Одан кейін мен де үндеген жоқпын, әкім де ештеңе демеді. Бірақ Бозымбаевтың облысқа әкім болып келе салып істеген жандүниемізге жағымды, халыққа ұнамды істерін «Егемен Қазақстанға» бұрқыратып жаза бердік. Келісіңкіремей қалдық екен деп кекжиген жоқпыз. Ал Мейрамбек идеология жөніндегі іс басына келген соң, тіпті, түсінісе бастадық. Мәмілеші – Мейрамбек. Ел газетінің салмағы мен сарабдал сөзі арқылы облыс орталығындағы шешімін күткен біраз мәселелерді Бозымбаевқа құлаққағыс етіп те тастадық. Журналистің жазғандарын оқып, дұрыс мәселе айтылса қуанып, қолдап отыратын бастықтардан айналасың ғой, біздің Мәкең де тура сондай лауазым иесінен болды. Жұмыста кезекті бір мақаланы жазып отырсаң телефоның шыр ете қалады. Көтересің. Сымның ар жағында Мәкең. «Тараздың шығыс қақпасын салу жөніндегі газет арқылы айтқан ұсынысыңды Қанат Алдабергенұлы қолдады». Телефон шыр ете қалады. Көтересің. Тағы да Мәкең. «Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына байланысты Қанат Алдабергенұлымен сұхбатың әкімге ұнады»... Провинция дейміз бе, периферия дейміз бе, әйтеуір, ауылдағы ағайындармен аралас-құралас жүрген соң, кейде көрген-білгені көп, оқыған-тоқығаны мол, жан дүниесі руханият игіліктеріне бай интеллект иелерімен болатын әңгіме-дүкенге аңсарың ауып, сағынып тұрасың. Сондықтан шығар, Тараз қаласына ақын Күләш Ахметова көшіп келгенде бір қуансақ, ойы да, сөзі де жүйрік журналист, публицист Мейрамбек Төлепберген келгенде бір қуанғанбыз. Атақты ақын Олжас Сүлейменов «баяғыда әңгімелесу үшін қасқалар мен жайсаңдарды іздеп, сонау Мәскеуге самолетпен ұшып барып келеді екен» дегенді естігенде, «онысы несі, өзіміздің Алматының ақындары мен жазушылары, ғалымдары мен академиктері тақиясына тар келді ме екен» деуші ек, сөйтсек онымыз пендешілік болыпты да шығыпты. «Сұм өмір абақты ғой саналыға» деп Мағжан ақын мұң шаққандай, биліктің кейбір төбешіктеріне шығып алып, сөз өнерінің қасиетін өздерінен жетік білетін, қарағайға қарсы біткен бұтақтай қайсар мінезді бірен-саран таланттарды «түртпектеумен» ғана шұғылданатындардың арамза әрекеттерінен түңілген кезде Таразыңыздан тапа тал түсте безіп кетіп, иманы биік интеллектермен шер тарқатқың-ақ кеп кетеді. Ондайда Алматыға бара қоюға шалғайыңа жармасқан күйкі тірлік жібермес. Міне, сондайда жаныңды түсінетін жанға қайырыласың. Мәкең «третейский сот» сияқты, бәрін жіктеп, жіліктеп, орын-орнына қойып береді. Сол кезде қамкөңіл қаламгерлердің қасына ақыннан Күләш Ахметованы, журналистен Мейрамбек Төлепбергенді «айдап келген» Құдайға шүкір дейсіз.
Туған жерге ту тіккен
Деп жүріп жатқанда, «ішкі саясат, идеология деген ел руханиятына бірден бір бас-көз, жанашыр саланы бұдан былай қарай басқа орынбасар қоса басқаратын болыпты» деген сөз шықты. «Қызмет – қолдың кірі» деп жатады ғой. Бірақ өз орнында отырған адам қызметінен кетсе, өкініштің үлкені сол ма деп қалдым. Бірақ Мәкең «қыңқ» еткен жоқ. Етінен ет кесіп алса да сыр бермейтін батырлар сияқты, туралап келген «сынақты» сырбаз мінезімен сыпайы көтере білді де, өзін осы дәреже-дәргейге жеткізген Жетісуына тартты да кетті. Бірақ телефон деген бар, хабарымды үзбедім. Облыс әкімі Қанат Алдабергенұлы да өзі басқарып отырған өңірден қимас кадрына бір лайықты қызмет тауып беруге барын салды. Бірақ Мәкеңнің қайтып келгісі жоқ. «Мәке, – деймін мен Алматыда жүрген Мейрамбекке телефон арқылы, – келгеніңіз дұрыс. Етектегі журналистердің ортасына да есті адамдар керек. Алматыда не көп – қаламгер көп, ал периферияда аз. Әсіресе, өзіңіз сияқты сөз өнерінің қасиетін бағалап, талантты тани білетіндер жоқ» деймін. Келді. «Қазақстан» РТРК АҚ Жамбыл облыстық филиалының директоры болды. Болған соң «Сен айтқан сөзді Ержұман аға Смайыл да айтты, елге барғаның дұрыс деп» деп тұр. Ержұман ағамен ойымыздың бір жерден шыққанына кәдімгідей қуанып қалғанбыз сонда. Деп жүріп жатқанда, оған да біраз жылдардың жүзі ауып қалыпты-ау, Мәкең телеарнаның да «тілін» тапты. Бағдарламалар жаңарды, тележурналистер ізденісі артты. Үлгі, әрине, басшының өзі. Жамбыл өңіріне ат шалдырған атақты адамдардың бәрі алдымен «Қазақстан-Тараз» телеарнасына бұрылатын болды. Бұрылайын деп бұрылмайды, келген бетте қыр соңына түсіп, іздеп тауып алатын Мейрамбектің өзі. Бұрын облысқа кім келіп, кім кетіп жатқанын білмейтін көрермен, керенаулықты санасынан серпіп тастап, теледидарға қадалып «әй, мынау бір көз тігіп, құлақ түретін әңгіме екен» дейтін болды. Астаналықтар мен алматылықтардың өңір телеарнасынан сөйлеп отыруы периферия ұғымының паршақ-паршағын шығарды. Өйткені әңгіме тізгінін ұстап отырған жүргізушіңіздің білімі мен білігінің деңгейі де қаһарманынан кем соғып тұрған жоқ. Нәтижесі де жаман емес, өңір тележурналистері өмірі бармаған шет елдерге сапарлап, атын естігендері болмаса, затын көрмеген халықаралық сыйлықтарға ие бола бастады. Мысалы, көптеген мемлекеттерге мәшһүр «Тэфи» сыйлығы осының айғағы. Ал еліміздегі журналистерге тиесілі атақтар өз алдына бір төбе.
Қалам қарымы
Мейрамбек қызметтің қиын да қызықты жұмысының отымен кіріп, күлімен шығып жүріп «Сағасында Таластың бір ауыл бар» , «Қаһарман Бақтыораз», «Ақиқат алдында», «Ұлбике», «Шоқыр» деген кітаптардың авторы атанды. Бір емес, сегіз жинаққа таңдаулы очерктері енді. Қазақстан Президентінің Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының, Президенттік гранттың, ҚР Журналистика академиясының «Алтын жұлдыз» жалпыұлттық жүлдесінің лауреаты болды. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері атағын да алды. Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісін де өңіріне таққандардың бірі. Алматы облысындағы Балқаш ауданының Құрметті азаматы атанды. Мұның бәрі, әрине, жайдан-жай берілмейді. Еңбекке беріледі. Ал Мәкеңнің шығармашылық жолында «біздерде мынандай бар, мынандай бар» деп мақтанышпен айтатын бедерлі іздер өте көп. Солардың бірі – Бақтыораз Бейсекбаев туралы журналистік ізденістен туған сериялы мақалалары. Мына қызықты қараңыз, әйгілі Гастеллоның ерлігін Маслов деген ұшқыш жасапты! Оның экипажының мүшелері арасында әскери әуе атқышы Бақтыораз Бейсекбаев деген қазақ та болған. Түсінікті болу үшін таратып айтсақ, жау танкілері колоннасының үстіне әдейі құлаған Гастеллоның ұшағы емес, Масловтың экипажы болған. Мұның бәрі мұқият тексерілген. Тексеру барысында Гастелло жерленді деген қабірден Масловтың мәйіті мен оны айғақтайтын құжаттар табылған. Ал Гастелло ұшағы басқа жерге құлап жарылған. Арада 55 жыл өткеннен кейін Ресей Федерациясы Президентінің пәрменімен Маслов экипажының мүшелеріне Ресейдің Батыры атағы берілді. Жақында ғана өмірден озған белгілі қаламгер, кезінде Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты болған Арғынбай аға Бекбосын бір кездесуде осы жайтты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Известия» газетінен оқығанын айтып, есімі елеусіз болып келген қазақтың батыр атағына лайық екенін жеткізеді. Онымен қоймай «Егемен Қазақстан» газетіне «Ресей батыры – Бақтурас Бесекбаев» деген тақырыппен шағын мақала жариялайды. Қазақстанның Ресейдегі сол тұстағы төтенше және өкілетті елшісі Тайыр Мансұров белгісіз батыр туралы тиісті орындармен хабарласып, аты- жөнін, туған жерін анықтауға атсалысады. Қазақстан Халықтары Ассамблеясының хатшылығы, Республикалық Ардагерлер кеңесі бұл жауынгерге «Халық Қаһарманы» атағын беруге ұсыныс жасайды. Көп ұзамай беймәлім батырдың есімі қазақша Бақтыораз Бейсекбаев екені анықталады. Осы ақиқат негізінде Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1998 жылы 6 мамырдағы Жарлығымен Бақтыораз Бейсекбаевқа «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Екі елге ортақ қаһарманның туған жерін анықтап, туыстарын табу жөнінде «Атамұра» корпорациясы арнаулы экспедиция ұйымдастырып, оған қаржы бөліп, үлкен адамгершілік іс істейді. Корпорация президенті Мұхтар Құл-Мұхаммед пен «Егемен Қазақстан» газетінің сол тұстағы қаламы қарымды журналисі Мейрамбек Төлепберген талмай іздену арқасында айтылмай келген көптеген ақиқатты жария етті. Шындығында, Бақтыораз ашаршылық кезінде Ӏле көпірі деп аталатын жердегі жетімханада болыпты. Бірақ өзінің шын туып өскен жері – Алматы облысы, Балқаш ауданының қазіргі «Жиделі» деп аталатын ауыл екен. Туыстары да сол жерден табылған. Міне, біздің Мәкең, жаны ізгі журналист Мейрамбек Төлепберген белгісіз болып келген осы батырдың өмірін жан-жақты зерттеп, тарих тағылымы мен ұрпақ игілігі үшін кітап жазды. Мәкеңнің қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш, штурман-атқыш Хиуаз Доспанова туралы жазған мақаласы да ет жүрегіңді елжіретіп, журналистің еңбекқорлығына, ізденімпаздығына тәнті етеді. Қазақ арасынан рингке алғашқы болып шыққан боксшыларының бірі Шоқыр Бөлтекұлы, қаршадайынан «Шоқ пен Шер», «Көксерек» сияқты атақ-даңқтары жер жарған көркем фильмдерге түскен, өмірі мен өнер жолы көп жылдар көрермендер үшін жұмбақ болып келген Қамбар Уәлиев туралы сыр шерткен мақалалар да Мейрамбек қаламынан туған. Бала кезімізден атын әнге қосқан «Батыр бала Болатбекті» еске алып, тарихын зерттеп, оқырмандарына зерделі мақала ұсынған да Мейрамбек. Бір сөзбен қорыта айтқанда, біздің Мәкең қай салаға салсаң да өз ортасының сақасы бола білетін сырбаз азамат. «Әке – балаға сыншы» деген, осындайда сонау жылдары бала Мейрамбектің бойы мен ойына барлай қарап отырып әкесі «Сақа» деп қалай дәл анықтама берген деп таңғаласың.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Тараз қаласы.