МЫҢ ТАҒЗЫМ САҒАН, МАЙДАНГЕР!
МЫҢ ТАҒЗЫМ САҒАН, МАЙДАНГЕР!
Ұлы Жеңістің 72 жылдығын мерекелеу Тараз қаласындағы «Мәңгілік алау» мемориалды кешеніне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев, оның орынбасарлары, көптеген мекеме, ұйым ұжымдары, оқу орындары мен қала тұрғындары кешенге салтанатты түрде гүл шоқтарын қойып, майдангерлер рухына тағзым етті. Салтанатты рәсімнен кейін үнсіздік жарияланып, әскери сарбаздар бірнеше рет аспанға оқ атты. Ардагерлер мен тыл еңбеккерлері, олардың ұл-қыздары мен ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің ұрпақтары, облыс тұрғындары, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, мекеме, ұйымдардың басшылары мен қызметкерлері, студенттер мен оқушылар жиналған шарада әскери оркестрдің орындауында соғыс жылдарындағы әндер мен әскери марштар әуелеп тұрды. «Қаһарман ұлт» атты халықтық шеруге ұласқан шараға 4 мыңға жуық адам қатысты. «Мәңгілік алау» маңынан басталған бұл шеру Төле би көшесінің бойымен орталық Достық алаңына дейін жүріп өтті. Соғыста қаза тапқан жауынгерлердің суреттері мен олардың есімдері жазылған тақтайшаларды көтеріп, майдан әндерін шырқаған топты майдангерлер ұрпағы бастап жүрді. Бұл шараны «Жаңа-Ру» жастар коалициясы ұйымдастырыпты.
Орталық Достық алаңында Оңтүстік әскери қолбасшылығының әскери бөлімдерінің сарбаздары, ІІД-нің қызметкерлері, жоғары оқу орындары әскери кафедраларының тәлімгерлері, мамандандырылған колледж курсанттары, жалпы білім беру мекемелерінің оқушылары сап түзеп, негізгі шараға қатысты.
Тараз горнизонының әскерилерін әскери шеру қолбасшысы, генерал-майор Марат Құсайынов құттықтағаннан соң оркестрдің орындауында мемлекеттік Әнұран орындалып, көпшілік орнынан тік тұрды. Осынау Ұлы Жеңіс мерекесімен облыс жұртшылығын өңір басшысы Кәрім Көкірекбаев құттықтады. – Ардақты Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері, құрметті сарбаздар, қадірменді жамбылдықтар! Биыл адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыстағы жеңістің 72-ші көктемін қарсы алып отырмыз. Уақыт өткен сайын кешегі соғыс дүрбелеңі алыстап барады. Бірақ, ол көңілден, жүректен өшпек емес. Баршаңызды Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын. Жеңіс күні – азаттық үшін жанын қиған ерлердің өшпес белгісі, сөнбес алауы. Бұл – батырлық пен ерліктің, қайсарлық пен қаһармандықтың символы. Отанға деген сүйіспеншіліктің, адалдықтың өлшемі. Жеңіске халқымыз ержүрек батырлығы мен жауынгерлік жігерінің, бірлігінің арқасында қол жеткізді. Бейбітшілік орнады. Бүгінгі тәуелсіздігіміз, еліміздің өркендеуі осы жеңістің жалғасы. Отан соғысы қазақстандықтар үшін үлкен сынақ болды. Соғыс өрті шалмаған шаңырақ жоқ. 1 миллион 200 мың қазақстандықтың жартысы шайқас алаңында қаза тапты. 500-ден астам жауынгер Кеңес Одағының Батыры атанса, Жамбыл облысынан 20 жауынгер Кеңес Одағының Батыры, жеті майдангеріміз «Даңқ» орденінің толық иегері атанды. Құрметті ардагерлер, сіздер қала мен ауылды көтеріп, өндіріс орындарын салдыңыздар, тың игердіңіздер, елдің қуатын нығайттыңыздар, тәуелсіз еліміздің гүлденуіне үлкен үлес қосып, жастарға патриоттық тәрбие беріп келесіздер. Бұл қажырлы еңбектеріңіз біздің жүрегімізде сақталады. Бүгінгі бақытты өмір үшін жанын қиған батыр ерлердің рухына мәңгілік тағзым етеміз. Өкінішке қарай, Жеңіс күнін жақындатқан жауынгерлердің қатары жыл санап сиреп барады. Бірақ, олардың рухы мәңгі өшпейді. Есімдері ел жадында қалады. Ұлы ерлік ешқашан ұмытылмайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Ұлы Отан соғысы – ұмытылмас тарих сабағы. Бір жағынан, ол бізге әлемнің нәзіктігін еске салады. Екінші жағынан, адам рухының беріктігі мен қуаттылығын көрсетеді. Отанымызды қорғай білген, бізге бейбіт өмір сыйлаған жерлестеріміз осындай болған. Біздің парызымыз – елдің қауіпсіздігін сақтау, Қазақстанның тәуелсіздігін қорғау», деген еді. Баршамыздың алдымызда тұрған басты міндет – тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтап, тұғырлы мемлекетімізді ғұмырлы ету, – деді облыс басшысы құттықтауында. Құттықтау лебізінен кейін мектеп оқушылары ардагерлерге гүл шоқтарын тарту етіп, алаңда «Мамыр вальсі» орындалды. 200 жұптың орындауындағы бұл бидің екінші жартысында бишілер ардагерлерді биге шақырды. Көздеріне жас үйірілген қарт жауынгерлер мен тыл еңбеккерлері осыдан 72 жыл бұрын қол жеткен Жеңіс күнін тағы бір еске алғандай күй кешті. Шара арнайы ұйымдастырылған әскери көрсетіліммен өрбіді. Оған №03811 мамандандырылған әскери бөлімінің сарбаздары, №85395 әскери бөлімінің кәсіби сержанттары, №28903, №01731, ЖОІІД Жергілікті полиция қызметкерлері, облыстық мамандандырылған Күзет Қызмет басқармасының полиция батальоны, Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары, ҚР Ішкі істер министрлігіне қарасты Ұлттық ұлан №5513 әскери бөлімінің сарбаздары, Ауған соғысының ардагерлері, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ әскери кафедрасының курсанттары, Тараз мамандандырылған колледж және сапта жүріп ән айту байқауларында жеңімпаз атанған гимназиялар мен орта мектеп оқушыларынан құралған жастар атсалысты. Шара соңы орталық алаңдағы мерекелік концертке ұласты.
Маржан рақай, «Ақ жол».
Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.