- Advertisement -

Ауыл шаруашылығын дамытудың кілті кімде?

99

- Advertisement -

Өңірімізге Премьер-Министрдің орынбасары-ауыл шаруашылығы
министрі Асқар Мырзахметов жұмыс сапарымен келді

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов облысымызға жұмыс сапарын «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Минералды тыңайтқыштар зауытының тыныс-тіршілігімен танысудан бастады. Онымен облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бірге жүрді.
Экстракциялық фосфор қышқылы цехының қашықтықтан басқару орталығында «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Мұқаш Ескендіров вице-Премьерге жұмыс барысын таныстырды. Қазір цехта жылына 360 мың тонна экстракциялық фосфор қышқылы өндірілсе, болашақта бұл көрсеткішті 480 мың тоннаға жеткізу көзделуде екен. Мұқаш Зұлқарнайұлы кәсіпорын маңында үйіліп жатқан 4 мың тонна фосфор қалдығын кәдеге асыру жөніндегі ұсынысын да жеткізді. Асқар Исабекұлы бұл мәселені шешуді назарға алатынын айтты.
Бұдан кейін вице-Премьер-Министр бастаған топ Жамбыл ауданындағы «Азамат» шаруа қожалығының жылыжай кешеніне атбасын бұрды. Аталған кешенге «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 23,3 миллион теңгеге инфрақұрылым жүргізілген. 2013 жылдан бері көкөністі жабық топырақта өсіріп келе жатқан бұл өнеркәсіптік үлгідегі жылыжайда жұмыс нәтижелі. Қожалық жетекшісі Бекжолдас Сатыбалдиев жылына 400 тонна өнім өндіріп отырғандарын айтты. Жылыжайдың жетістігіне көңілі толған Асқар Исабекұлы аталған кешеннің ауласына әр ауданнан әкеліп қойылған ауыл шаруашылығы құрылымдарының көрсеткіш-сызбаларына назар аударды.

IMG_6868 IMG_6864 IMG_6765 IMG_6743 IMG_6734 IMG_6708Т.Рысқұлов ауданындағы «Шәушен», Меркі ауданындағы «Бахор» шаруа қожалықтарында бір мүйізді ірі қара мал 650-700 келі ет беретіні, Т.Рысқұлов ауданындағы «Луговой жылқы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бекіре балығын өсіріп отырғаны, Мойынқұм ауданында «Агрофирма Түрікпен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 5 мың бас мал өсіре бастағаны, биылғы жылдың күзінде құрама жем дайындайтын кәсіпорын іске қосылатыны мәртебелі мейманды бейжай қалдырған жоқ. Ол осы жерде жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен шаруа қожалық жетекшілерін, ауыл шаруашылығын қаржыландырып отырған мекеме басшыларымен ашық әңгімелесіп, субсидия бөлу барысындағы олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. «Меркі асыл тұқымды мал шаруашылығы» акционерлік қоғамының өкілі Барлықжан Нүкенов асыл тұқымды малға төленетін субсидия көлемінің көбейгеніне ризашылығын білдірді. Бұл азамат өз қарамағындағы төлдейтін саулық қойдың санын 20 мыңға жеткізіп үлгеріпті. Асқар Мырзахметов бұл ретте әлем елдерінен қозы етіне сұраныс көп болып отырғанын, мал шаруашылығына субсидия төлеу барысында бірқатар талаптардың алынып тасталғанын, Үкімет қашанда халықтың мүмкіндігімен санасатынын айтып өтті.

Үкімет басшысының орынбасары аталған аудандағы «Шайқорық бауы» ауыл шаруашылығы кооперативінде де болды. Бұл шаруашылық «Агробизнес -2020» бағдарламасы бойынша 154,7 миллион теңге субсидия алған. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы облыстық филиалынан алған 709 миллион теңге несиені уақтылы өтейтіндеріне сенімді. Мұндағы интенсивті алма бақ көлемі 55 гектарға жетіпті. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 130 гектарға жеткізіп, 1600 тонна жеміс сақтау қоймасын салу көзделуде екен. Серіктестік жетекшісі Альтаир Досымбеков 40 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырғанын айтты.
Мұнан соң Асқар Исабекұлы Байзақ ауданындағы «Әулиеата Феникс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің еңбек ұжымымен кездесті. Жылына 3500 тонна құс етін өндіретін жобаның құны 2266,2 миллион теңге. 130 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылып отыр. Бұл кәсіпорын да «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасының шапағатын көріп отыр. Аталған серіктестіктің жетекшісі Фарида Жүнісова жұмыс барысын баяндап, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмекке ризашылығын білдірді. Елбасына қалың елдің риза екенін жеткізді.
«Талас-16» ауыл шаруашылық кооперативі былтыр 22 қосалқы шаруашылықтың бірігуінен сүт бағытын дамыту мақсатында құрылған болатын. Кооператив «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» акционерлік қоғамы арқылы 94 миллион теңгеге қаржыландырылыпты. Үкімет басшысының орынбасары аталған кооперативтің басшысы Джават Чушкуновтан жұмыстың барысын сұрады. Кооператив басшысы да, осындағы «Агали» шаруа қожалығының төрағасы Наби Ағалиев те сиыр санын көбейтуге қаражат көздері қарастырылса деген ұсыныстарын жеткізді. Осы тұста Асқар Мырзахметов ауыл шаруашылық кооперативтерін құрудағы негізгі мақсатты тарата талдап, түсіндіріп берді. «Сіздер сүт бағыты бойынша ауыл шаруашылығы кооперативі болып құрылдыңыздар. Бірақ, бұл сиырдың санын көбейте бер деген сөз емес. Қазір сіздерде 420 бас мүйізді ірі қара мал бар екенін айтып отырсыздар. Бұл кооперативке қолында жеке меншік сауын сиыры бар барлық ауыл тұрғындары да сүт өткізеді. Сондықтан, сүттен тапшылық болмас. Қаржыларыңыз болса сүт өнімдерін өңдейтін танкерлер алғандарыңыз жөн. Ауыл шаруашылығы кооперативтері 20-30 адамды ғана емес, бүкіл ауыл тұрғындарының жағдайын жақсартуды көздейді. Кооперативтер сүт, ет, көкөніс өндіру бағыттарында құрылуда. Ауылдағы қарапайым тұрғын бір сиырының сүтін сіздерге өткізеді де нақты ақшасын алады, азғантай етін де, көкөнісін де сіздерге өткізеді. Өйткені, аз өнімді үлкен сауда орталықтарына өткеруге көп шығын кетеді. Ал ауылдағы кооперативтерге күнделікті өткізіп, нақты табысын алып отырса, әр тұрғынның жағдайы жақсарады. Сондықтан, мемлекетіміз ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру арқылы әрбір ауыл тұрғынының тұрмысы дұрысталғанын қалайды»,– деді Асқар Исабекұлы.
Облыс басшысы Кәрім Нәсбекұлы Асқар Мырзахметовтің сөзіне қолдау білдіріп, кооператив жұмысының мақсатын жиналғандарға кең көлемде түсіндіргеніне ризашылығын жеткізіп, әр ауылда сүт қабылдау пункттерін ашу көзделгенін, биылдың өзінде 42 сүт қабылдау пункті ашылғанын айтты.
Мұнан соң вице-Премьер-Министр аталған аудандағы «Талап» шаруа қожалығының қызылша алқабында болды. Шаруашылық қызылшаның франциялық «Авантаж» тұқымын себу үстінде екен. Қожалық басшысы Маут Фазулов өзінің тәтті түбір өсірудегі тәжірибесін Премьер-Министрдің орынбасарына баяндап берді. Қожалық төрағасы былтыр 100 гектар тәтті түбір егіп, 100 миллион теңге таза табыс тапқанын, биыл 200 гектарға қант қызылшасы тұқымын себетінін жеткізді. Тәтті түбірден 150 тонна өнім жинайтынына сенімді. Үкімет басшысының орынбасары нарықтың бүгінгі талабы бәсекеге қабілетті болу екенін айтып, «Талап» қожалығының жұмысына ризашылығын білдірді.
* * *
Елбасы тапсырмасына сәйкес облысымызға келген Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтің жұмыс сапары облыс әкімдігінде өткен өңіраралық жиында қорытындыланды. Басқосуға облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстары әкімдерінің орынбасарлары мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер қатысты. Жиын барысында республикамыздың агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалуы мен көктемгі егіс-дала жұмыстарының жайы талқыланды.
Мемлекет басшысы өзінің биылғы халыққа Жолдауында «Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің болашағы зор және ол экономиканың жаңа драйверіне айналуы қажет» деп көрсеткен болатын. Жоғарыда аталған бағдарламаның басты бағыты да осы. Онда агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша жергілікті әкімдіктерге нақты тапсырмалар жүктелген. Вице-Премьердің жұмыс сапары барысында, міне, осы жұмыстардың жүзеге асырылуы жайы нақтыланды.
Жиында осы мәселелерге байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі кооперация департаментінің директоры Берік Нигмашев, Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев баяндамалар жасады. Жиында ішкі нарықты отандық өнімдермен қамтуға, өңдеу және жемшөп шығаратын кәсіпорындардың жүктемелігін арттыруға, мал шаруашылығы азығы базаларын күшейтуге және егістік алқаптарын әртараптандыруға бағытталған жаңа бағдарлама аясындағы жұмыстар бойынша бірқатар мәселелер сөз болды. Көктемнің кеш шығуына қарамастан, егіс-дала жұмыстарының қарқыны көңілге қонымды екені тілге тиек етілді. Осы орайда Асқар Исабекұлы: «Ағымдағы жылы бірінші рет көктемгі егіс-дала жұмыстарын жүргізу үшін берілетін несиенің пайыздық мөлшерлемесі төмендетілді. Мөлшерлеме 6 пайыздан аспайды», – деп атап өтті. Себебі, көктемгі егіс жұмыстары қысқа мерзімді қамтып, аз уақытта несие алушылар саны еселеп өсіп кететіні белгілі. Осы кедергіні жойып, несие беру мерзімін жылдамдату және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің санын арттыру мақсатында биыл бірінші рет «Аграрлық несие корпорациясы» шаруаларды тікелей қаржыландыруды бастапты. Бұл ретте ортадағы көптеген сатылар қысқарып, несие мейлінше қолжетімді бола түскен.
Басқосуда айрықша маңызға ие мәселенің бірі – шаруалардың басын қосып, табысты еселеу, даму жолына түсу де басты әңгіме арқауы болды. Осы орайда жаңа бағдарлама аясында бірінші рет кепілсіз несие берілуі жүзеге асырылғаны атап өтілді. Аталмыш несиеге қол жеткізу үшін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер кооперативтерге бірігуі қажет. Елімізде осылайша майда шаруашылықтарды ірілендіру арқылы ауылдың экономикалық жағдайын көтерумен қатар, жұмыспен қамту, тұрғындардың қалаға көшуі сияқты әлеуметтік мәселелерді де шешу көзделіп отырған сыңайлы. Қосалқы шаруашылықтар ауыл шаруашылығы шикізаттарын шығаратын бірден-бір өндірушілер екендігіне айрықша назар аударылу үстінде. Бұған Германия, Қытай, Израиль сынды дамыған мемлекеттердің тәжірибесі дәлел бола алады.
Облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемінің артуына айтарлықтай септігін тигізіп отырғанын атап өтті. Биыл облыстың ауыл шаруашылығы саласын дамытуға барлық көздерден 10,7 миллиард теңге бөлініпті. Абдалы Тоқбергенұлы өз сөзінде облыста өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің 60 пайызын беретін негізгі сала – егін шаруашылығы екенін айтып, осы саладағы атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрудағы кейбір мәселелерді де тарата айтып, ұсыныстарын алға тартты.
Облысымызда 32 ауыл шаруашылығы кооперативін құру жоспарланыпты. Қазірдің өзінде олардың 19-ы құрылған. Асқар Мырзахметов өз кезегінде үш өңірдің басшыларына мәселенің маңыздылығын тағы бір мәрте ескертіп, белгіленген межені мерзімінде орындауды тапсырды. «Кооперативтерге бірігуге халықтың ынтасы жоқ емес, қаржы көзі де жеткілікті, субсидиялау механизмі де түзілген. Демек, жергілікті билік бұқара арасында түсіндіру жұмыстарын үнемі жүргізіп, жұмысты дұрыс үйлестіре білулері керек»,– деді ол.
Сонымен қатар жиын барысында вице-Премьер оңтүстік өңірлердегі су тапшылығы мәселесін де қозғап, жаңа бағдарламада су ресурстарына да ерекше мән берілгенін атап өтті. Оңтүстіктің үш аймағының аграршылары бас қосқан алқалы жиын үш сағатқа созылды. Вице-Премьер сұрақ-жауап түрінде өткен шара барысында шаруалардың барлық көкейкесті сауалдарына жауап берді. Ауыл шаруашылығы министрімен тікелей тілдесуге мүмкіндік алған фермерлер біраз түйінді мәселелерін шешіп алды.

Есет Досалы,
Қарлығаш Есбергенова,
«Ақ жол».

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support