Дауды шешен бітірмейді, шебер бітіреді
Дауды шешен бітірмейді, шебер бітіреді
Редакциямызға оқырмандарымыздан әртүрлі жайттарға байланысты арыз-шағым түсіп тұрады. Түйінді мәселелердің ақ-қарасын ажыратып, жәрдем беруімізді сұранады. Түптеп келгенде, шиеленіскен шаруаның заңды-заңсызын анықтаумен құқық қорғау органдарының айналысатыны белгілі. Солай десек те, біз негізінен өз тарапымыздан журналистік зерттеу жүргізуге құқылы екенімізді пайдаланып, көрген-білгенімізді, көкейге түйген ой-пікірімізді жазып, газетке жариялаймыз. Ал, төрелігін әрине, заң орындары айтады. Бұл жолғы қолымызға тиген арыз туралы сөз қозғау әрі оңай, әрі қиындау секілді көрінді. Оңай болатыны – құзырлы органдардың шығарған шешімдерінің орындалмауы құжатта ап-анық көрсетілген. Қиындау болатыны – оның аяғы неге апарып тірейтіні. Бәрін басынан бастасақ...
Тараз қаласы, Әйтеке би көшесінің №79 үйдің тұрғыны, зейнеткер Нұрсовет Қасенов үйінің дәл іргесінен заңсыз құрылыстың жүргізіліп жатқанын айтып, арызданады. Ол: «Шыныбекова Анар көршілердің рұқсатынсыз және ешқандай құжатсыз 5 қабатты құрылыс нысанын тұрғызуда» деп бізге мына құжатты алдыға тартты. Бұл – Тараз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы И. Бекежановқа берілген жауап екен. Мәтінімен танысалық:
«Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаменті (бұдан әрі – департамент), сіздің 2013 жылғы 9 желтоқсандағы №ЖТ-К-504 хатыңызды қарап, мынаны хабарлайды. Жеке кәсіпкер Шыныбекова Анар Саттеровна Тараз қаласы, Жамбыл даңғылы, №198 мекен-жайдағы дүкен, кеңсе және қонақ бөлмелер кешені құрылысының заңдылығы тексеріліп, құрылыс-монтаждау жұмыстарын заңнамада белгіленген тәртіппен сараптамадан өткізілген жобалау құжаттамасынсыз жүргізгені үшін және заңнамада белгіленген тәртіппен құрылыс-монтаждау жұмыстарын, сәулет-құрылыс бақылауын және қадағалауын, техникалық және авторлық қадағалауларды қатар жүргізбей жүзеге асырғаны үшін Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 235-бабы, 1-тармағы бойынша және 237-2-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен бірге, жеке кәсіпкер Шыныбекова Анар Саттеровна Тараз қаласы, Жамбыл даңғылы, №198 мекен-жайдағы дүкен, кеңсе және қонақ бөлмелер кешені объектісінің құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуді бастауы туралы хабарламаны департаментке тапсырмағаны анықталып, Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 357-1-бабы, 1-тармағына сәйкес әкімшілік іс қозғалып, Тараз қалалық мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды. Басшы Д. Алиев». Міне, осы әкімшілік соты 2014 жылдың 27 ақпанында аталған кодекстің 235-бабы, 2-бөлігінде көзделген құқық бұзушылық бойынша Шыныбекова Анарға қатысты әкімшілік ісі бойынша қаулы шығарған. Оның құрылыс жұмыстарын 1 айға тоқтата тұру бөлігін орындау үшін қаулы көшірмесін облыс бойынша сот актілерін орындау департаментіне жолдайды. Ағымдағы жылдың 25 сәуірінде облыстық сот актілерін орындау департаментінің қоғамдық кеңесінің мүшелері «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау туралы» заң талабын сақтау іс-шарасы бойынша азаматтарды қабылдады. Шағымданушы Н. Қасенов осы қоғамдық қабылдауда болып, қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының салынып жатқан бес қабатты құрылысты бір айға тоқтату туралы қаулысының орындалмау себебін анықтау және орындалуын қадағалауға алуды сұранған. Біз іс-шараның хаттамасымен таныстық. Төрағалық етуші департамент басшысы Ж. Шалдарұлы мен комиссия хатшысы Н. Сегізбаев қол қойған хаттама шешімінде: «Н. Қасеновтің шағымы бойынша, Әйтеке би көшесі, №79 үйдің жанында заңсыз түрде жүргізіліп жатқан 5 қабатты тұрғын үйдің құрылысын тоқтату туралы сот қаулысының орындалуын №4 Тараз қалалық аумақтық бөлімінің басшысы Г. Ниетбаев пен аумағына сай №1 Тараз қалалық аумақтық бөлімінің басшысы Ж. Есенбаевқа жолданылуын, атқару құжат талабының орындалуын бақылау департаментінің бөлім басшысы Е. Алмаханбетовке жүктелгені» көрсетілген. Осыған орай, департаменттің №1 Тараз қалалық аумақтық бөлімінің сот орындаушысы Е. Болтаев өткен мамыр айының 5-інде аталған атқару өндірісін қарап шығып, қаулысын шығарды. Аға сот орындаушы Ж. Есенбаев бекіткен қаулы мәтіні мынадай: «Аталған атқару құжатта көрсетілген талаптарды орындау мақсатында жауапкер Шыныбекова Анар Саттеровна, Жамбыл даңғылы, №198 мекен-жайдағы дүкен, кеңсе және қонақ бөлмелер кешенінің құрылыс-монтаждау жұмыстарын тоқтата тұруға міндеттеу тиіс. Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде ҚР «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушылардың мәртебесі туралы» Заңының 126-бабын, 1-тармағын, 1-тармақшасын басшылыққа ала отырып, қаулы еттім: 1. Жауапкер Шыныбекова Анар Саттеровна, Жамбыл даңғылы, №198 мекен-жайдағы дүкен, кеңсе және қонақ бөлмелер кешенінің құрылыс-монтаждау жұмыстарын сот орындаушының қаулысын алған уақыттан бастап 1 ай мерзімге дейін тоқтата тұруға тиіс. 2. Сот орындаушының қаулысын орындамаған жағдайда, болмаса кедергі жасалған жағдайда сізді ҚР ӘҚБК «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» 525-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы сұрақ қойылады, сонымен қатар, сізге бір мезгілде ҚР ҚК 362-бабына сәйкес, жауапкершілік алатындығын хабардар етеміз және атқару өндірісінің материалдары қылмыстық ізге түсу органына процессуалдық шешім қабылдау үшін жіберіледі». Бұл қаулының көшірмесі А. Шыныбековаға тапсырылады. Ол қаулы талабымен танысып, оны орындау жөнінде өз қолымен түсініктеме де жазып беріпті. Қаулы көшірмесін алған 2014 жылдың 6 мамырынан бастап 6 маусымға дейін Жамбыл даңғылы, №198/200 мекен-жайындағы құрылысты тоқтатуға міндеттенген. Алайда, бұл сот қаулысы да, жауапкер уәдесі де сөз күйінде қалған. Біз даулы болып жатқан құрылыс нысанын көріп, шағымданушы Нұрсовет Қасеновке жолықтық. – Кәсіпкер Анар Шыныбекованың 5 қабатты зәулім құрылыс нысанын салып жатқанына 2-3 жыл болды. Құрылыс нысаны үйімнің дәл түбінен – шығыс және оңтүстік жағынан қоршай бой көтергендіктен, күн сәулесі үйімізге түспейді. Биік ғимараттың көлеңкесінде, тасасында қалдық. Жел соққан күні жоғары қабаттан ұшқан құрылыс материалдары, қоқыстары ауламызға кеп түсуде. 5-6 немерем есік алдына шықса, сондай заттар төбелеріне тие ме деп үйге қамап отырмыз. Ауыр техниканың тарсыл-гүрсілінен, шаң-тозаң, түтіннен, айқай-шудан, құрылысшылардың былапыт сөздерінен зардап шегудеміз. 5 қабатты ғимарат пен біздің үйдің арасы тым жақын. Тиісті талапқа сай емес. Сейсмологиялық жағынан да өте қауіпті. Екі үй арасынан өрт сөндіру машинасының жүруіне де мүмкіндік жасалмаған, – дейді ол. Тараз қалалық сотының судьясы Т. Азбекованың үстіміздегі жылдың 18 сәуіріне тағайындаған кеңесуге де және 30 сәуірдегі сот процесіне де А. Шыныбекованың келмегенін айтып, құжатсыз, өз бетімен қолға алған құрылыс жұмысын сот орындарының қаулысын тыңдамастан жалғастырып отырғанын ашына жеткізді. Енді 5 қабатты ғимарат құрылысының иесі Анар Шыныбекованы тыңдасақ. – Мен жеке кәсіпкермін. «Алтын шатыр», «Асмар» мейрамханасы және 11 мөлтек ауданында қонақ үйім бар. Бәрін несие алып салғанмын. 100-ге жуық адамға жұмыс беріп отырмын. Арызданушының үйіне зияным жоқ. Қажет десе, күн сәулесін түсіретін «инсоляция» жасап беремін. Басында үш қабатты үй салсам ба деп едім. Орталықта жер өте қымбат. Сондықтан ғимаратты 5 қабатты етіп салуды көздедім. Ғимарат пен көрші тұрғын үй арасына 5 метр жер қалдырдым. Құрылысты мен тоқтата алмаймын. Себебі, «Даму» банкінен 7 пайыздық өсіммен несие алып, осы құрылысты жүргізудемін. Уақтысында осы қаржыны да, жұмысшыларға айлықты да төлеуім керек. Бұл нысанды бітірсем, барлығы 200-дей адамды жұмыспен қамтитын боламын. Осы құрылыс орнындағы үш үйді кезінде жерлерімен қоса сатып алған едім. Жекеменшігімдегі жеріме не салсам да өз еркім. – Дауға қалмас үшін о баста көршінің талабымен келіспедіңіз бе? – Алғашқы кезде бұл кісілерге «үйлеріңізді сатыңыз», дегенімде, ұсынысымнан бас тартты. Кейін Тайваньдағы өзім тұрып жатқан үйімді ал, үстіне ақша қосып берейін» десем, әйелі алыс деп жақтырмады. «Дүрімбетов көшесіндегі екі қабатты үйді алыңыз, жаңадан салып жатырмын, тамыз-қыркүйек айында толық бітіремін» десем, оған да көнбеді. Қазір мені қайта-қайта сотқа шақыртуда. – Тараз қалалық мамандандырылған әкімшілік соты не үшін айыппұл салды? – Басында 270 мың теңге айыппұл салды маған. Мемлекеттік сараптау құжатын дер кезінде алмағаным үшін. Ақшасын төлеп қойғам, ол құжатты әлі күнге дейін созып, бермей жатыр. – Қалалық сот биыл 18 сәуірде әңгімелесуге, 30 сәуірде сот процесіне шақырыпты, неге бармадыңыз? – Жерге құлап, қолымды шығарып алдым. Ол күндері облыста болғаным жоқ. Сот енді 27 мамырда өтеді. Қатысып, сол жерде тиісті мекемелерден келген өкілдерді тыңдап, жазсаңыз болады мақаланы. 27 мамырда 10.00-де өтетін сотқа келдім. А. Шыныбекова ауырып, қатыса алмады. Келесі сот 6 маусымда, сағат 17.00-де өтетін болды. Бардым, 1 сағаттай күттік, Анар тағы келмеді. Содан сот судьясы Т. Азбекова даулы ғимаратты өз көзімен көруге кетті. Жеке кәсіпкер А. Шыныбекованың бұл дау-дамайға дейінгі халыққа қызмет көрсетіп жатқан ауқымды ісін біліп, ішіміз жылып қалды. Әттең, қазіргі ырду-дырдуға ұласқан тірлікке қарап, еріксіз қынжылып қалғанымыз да рас. 43 жастағы келіншектің кәсіпкерлігін дамытудағы ниеті құптарлық. Алайда, құжаттарын тап-тұйнақтай дайындап, өзгелер дау тудырмайтындай жағдайды ойластырғанда, бәрі де бір қалыпты болар еді. Әлі де істің ушықпай, оң шешілетініне сенгіміз келеді.
Лесбек САЙЛАУБЕК, «Ақ жол».
Тараз қаласы.