Мықтыларымыз екі жекпе-жектен ары аспады
Мықтыларымыз екі жекпе-жектен ары аспады
Өзбекстан астанасы Ташкентте бокстан өтіп жатқан Азия біріншілігі мәресіне жететін сәт таяп қалды. Ширек финалдық бәсекеде екі қазақстандық боксшы жарысты ерте аяқтағаны мәлім. 49 келі салмақ дәрежесіндегі Ержан Жомарт Вэл Баркер кубогінің иегері, Олимпиада ойындарының чемпионы, өзбекстандық Хасанбой Дусматовқа жол берсе, 60 келі салмақ дәрежесіндегі өреніміз Әділет Құрметов күтпеген жерден жарақат алып, моңғолиялық Отгандалай Доржнямбуға есе жіберген еді. Сегіз боксшымыз жартылай финалға шықты деп желпініп отырғанбыз. Алайда, жартылай финалдық шайқастарда қазақстандық боксшылар қарсыластарынан басым түсе алмай, жүйкеміз сыр берді. Алдымен рингке 52 келі салмақ дәрежесіндегі Азамат Исақұлов беттеді. Азамат өзбекстандық Жасурбек Латиповпен өткен шайқаста ақтық сын жолдамасын сарапқа салды. Шыны керек, Ташкентте өтіп жатқан додада қарсыласыңнан басым жұдырықтасуың керек. Өйтпесең жеңісті саған бермесі анық. Өкінішке қарай Азамат жанкүйерлер күткен сол үдеден шыға алмады. Әсіресе екінші кезеңде ол Жасурбекке айқын жол берді. Нәтижесінде төрешілердің басым даусына ие болған Латипов финалға шықты. Азамат Исақұлов – қола жүлдегер. Екінші болып шаршы рингке көтерілген 56 келі салмақ дәрежесіндегі өреніміз, әлем чемпионатының қола жүлдегері Қайрат Ералиев те жарытпады. Ол қытайлық Жиа Вей Чжанумен қолғап түйістірді. Жекпе-жек барысында қазақстандық боксшы сылбыр көрінді. Мұны төрешілер де назардан тыс қалдырмады. Олар жеңісті қытайлық боксшыға берді. Ал біздің «Ералиев өзбек Муроджон Ахмадалиевтен Рио Олимпиадасында кеткен есесін қайтарады» деген үмітіміз ақталмады. Қайрат Ералиев те құрлық чемпионатында қоланы місе тұтты. 75 келі салмақ дәрежесінде жарқ ете қалған жамбылдық жампоз Әбілхан Аманқұлдың да жартылай финалда жолы болмады. Ринг қожайыны Исраил Мадримовпен шайқасқан Әбілхан қарсыласына есе жіберді. Әйткенмен, осы жекпе-жекте өзбек боксшысының өте дөрекі жұдырықтасқанын айта кеткен жөн. Біз Әбілханның алдағы уақытта өзінің мықтылығын дәлелдейтіндігіне сенеміз. Азия біріншілігінің қола жүлдесін мойнына ілген жерлесіміз әлі талай биікті бағындырады деген үміт мол. Ұнжырғамыз түсіп отырған сәтте Ерік Әлжановтың жеңісі мерейімізді тасытты. Түрікмен Нурягды Нурядиевпен ақтық сын жолдамасын сарапқа салған Ерік Әлжанов қарсыласының жарақат алуына байланысты бірінші раундта жеңіс тойын тойлады. Кездесуден кейін тілшілермен тілдескен Ерік Әлжанов өзінің бұл додаға алтын жүлде үшін келгенін айтты. «Менің бұл жарысқа деген ынтам жоғары. Ақтық сында өзбекстандық Бектемір Меликузиевті ұтып, құрлық чемпионы атанғым келеді. Сол үшін бар күшімді сарқа жұмсауға әзірмін», – деді ол өз ойымен бөлісіп. Естеріңізге сала кетейік, екі дүркін Олимпиада чемпионы Әділбек Ниязымбетов пен әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының жарақат алуына байланысты бапкерлер Азия чемпионатына Ерікті алып келген болатын. Осы додада сөзсіз алтын алады деген Василий Левит елінің үмітін ақтап жатыр. Жартылай финалдық айқаста сириялық Алаа Елдин Госсунмен қолғап түйістірген Левит қарсыласынан әлдеқайда мықты екенін байқата білді. Ол қарсыласын бірінші кезеңде тоқтатты. Дәл қазір мақтансақ, Левитпен мақтануымыз керек сияқты. Шаршы алаң таңдамайтын Вася алғашқы айқасында өзбек боксшысы Санжар Турсыновты тас-талқан етіп ұтқан болатын. Қазақ-өзбек бокшылары шайқасында әзірге Василий Левиттің ғана мерейі үстем. Ол енді Азия чемпионы атануға бар күшін салатын болады. Кеше доданың кешкі сессиясында үш бірдей боксшымыз ақтық сын жолдамасын сарапқа салды. Бұл кездесулерді толығырақ газетіміздің келесі санында жазатын боламыз. Бір анығы ұлттық құраманың жалпыкомандалық есепте топ жаруы екіталай. Өзбек боксшылары өз шаршы алаңдарында жасындай жарқырауда.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».