Манеза мен Чиншанло Токио Олимпиадасына қатысуы мүмкін
Манеза мен Чиншанло Токио Олимпиадасына қатысуы мүмкін
Халықаралық ауыр атлетика қауымдастығы бастары допинг дауынан арылмаған қазақстандық үш зілтеміршінің кәсіби мансабына қатысты шешім шығарды. Шешімге сәйкес Зульфия Чиншанло мен Майя Манеза 2 жылға спорттан шеттетілді. Спортшылардың жазасы 2016 жылғы 26 мамырдан бастап күшіне енуіне байланысты екеуі де 2018 жылдың мамыр айынан бастап халықаралық дәрежедегі жарыстарда бақ сынай алады. Анығырақ айтсақ, Олимпиада ойындарының лицензиясы сарапқа салынатын байрақты бәсекелерге қатысу мүмкіндігіне ие. Бұл екі спортшының жазасы Светлана Подобедованың жазасына қарағанда жеңілдеу болып тұр. Иә, Светлана енді кәсіби мансабын қайта жандандырады дегенге сенудің өзі қиын. Қазақстандық спортшы 8 жылға спорттан шеттетіліп отыр. Оның жазасы 2024 жылы ғана аяқталады. Қазақстан ауыр атлетика федерациясымен бірлесе жұмыс жасауларының арқасында зілтеміршілеріміз Олимпиада ойындарынан өзге жарыстарда қол жеткізген медальдарын өздерінде сақтап қалды. Осылайша, Лондон Олимпиадасындағы допингтік-сынамаларға қатысты тексерулерде бастары дауға қалған қазақстандық спортшылар алдағы уақытта қандай жолды таңдайтыны белгісіз. Дегенмен, Манеза мен Чиншанло бастаған арулар өздерінің шын мықты екендіктерін танытқылары келсе, 2018 жылдан басталатын айтулы аламандарда топ жаруға күш салуы тиіс. Солай боларына сенейік.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».