- Advertisement -

Кәсіп — ырыстың бұлағы, еңбек — бақыттың шырағы

296

- Advertisement -

Өңір бизнесін өркендетудің басты бағыттары қаралды

Өңірімізге арнайы жұмыс сапарымен келген «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев облысымыздың өндіріс орындарымен, туристік нысандарымен танысуын «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Минералды тыңайтқыштар зауыты» Тараз қалалық филиалынан бастады. Онда кәсіпорын директоры Төлепбек Исаев қонақтарды азот-фосфор тыңайтқыштар, азықтық трикальцийфосфат пен күкірт қышқылын өндіретін химиялық зауыттың жұмысымен таныстырды. Сонымен қатар экстракциялы фосфор қышқылын өндіретін ЭФҚ-1 цехының жұмысы көрсетілді.
Бұдан кейін, Көне-Тараз тарихи-мәдени орталығындағы Достық үйінде Тимур Құлыбаевтың төрағалығымен облыстық кәсіпкерлер палатасының кеңейтілген отырысы өтті. Кездесуге облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев, «Атамекен» ҚР ҰКП басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов, төраға орынбасары Төлеміс Шотанов, төралқа хатшылығының жетекшісі Ләззат Рамазанова, сонымен қатар өңір кәсіпорындарының басшылары, облыс әкімдігінің басқарма басшылары қатысты. Онда өңірлік бизнесті дамытудың басты бағыттары мен мәселелері қаралды.
– Қазір біз әр өңір бойынша адал тауар өндіруші кәсіпорындардың тізімін жасақтаудамыз. Біз оларға мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектордағы сатып алулар кезінде қолдау білдіретін боламыз, – деді Тимур Құлыбаев жиын барысында. – Бұл тізімді, сондай-ақ Ұлттық компанияның сатып алу кезінде де қолдануымызға болады. Әлбетте, аталған іс әкімдіктің көмегінсіз болмайды. Бұл мәселеде толыққанды қолдау мен диалог қажет.
Сондай-ақ, Тимур Асқарұлы туризм мәселесіне де ерекше назар аударды. Өңірлік палата мен облыс әкімдігі бірігіп, туристік ақпараттық орталық құрғанын тілге тиек еткен ол: «Біз өзіміздің өңірлік дирекцияға жергілікті әкімдікпен бірігіп туристерге арналған мәдени, тарихи, табиғи орындарды белгілеуді тапсырған болатынбыз. Соның нәтижесінде біз республикалық және облыстық картаға қандай нысанның енгізілетінін белгілеуіміз қажет. Республикалық картаға енген орындарға қосымша қаражат бөлініп, онда инфрақұрылым жүргізіледі. Ал онда қонақ үй, асхана салу сынды жұмыстар шағын және орта кәсіппен айналысатын азаматтарға беріледі. Осылайша, өзара біріккен жұмыстың нәтижесінде облысқа атбасын бұрушылар қатары артатын болады. Бізде демалатын орындар баршылық. Туризм – бұл облыстық әкімдікпен бірігіп жұмыс істейтін дұрыс бағыт», – деп атап өтті.
Бүгінде облысымызда туристердің тамашалауына ұсынуға лайықты деп танылған 741 нысан белгіленген. Олардың қатарында ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енген Ақыртас мәдени кешені, Құлан, Ақтөбе, Қостөбе және Өрнек көне қалалары және 3336 тарихи-мәдени ескерткіш бар.
Жиында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлік саласының ахуалы жайлы баяндап, Тимур Құлыбаевтың бизнеске жан-жақты қолдау көрсету және өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірігіп жұмыс істеу туралы ойын қуаттай түсті. Ол өз сөзінде өткен жылдың қаңтар-қыркүйек айларында шағын және орта кәсіпкерлік нысандары өндірген өнім көлемі 259,9 миллиард теңгені құрағанын айтып өтті. Яғни көрсеткіш 2015 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 91,5 пайызды құраған. Бизнесмендер санының кемуі дағдарыстың көрсеткіші еместігі де тілге тиек етілді. Мұның себебін шаруа қожалықтарының іріленуімен байланыстырған Т. Құлыбаев «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында облыста 2016 жылы «Өсім пайызын субсидиялау» бойынша жалпы сомасы 25,6 миллиард теңгенің 195 жобасы, «Банк несиелеріне кепілдік беру» бойынша 564,7 миллион теңгенің 70 жобасы «Индустриалды инфрақұрылымды дамыту» бойынша 1922,8 миллион теңгенің 13 жобасы мақұлданғанын атап өтті.
Іс-шара барысында«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Төлеміс Шотанов баяндама жасап, өткен жылы палатаға кәсіпкерлерден 217 өтініш түскендігін және оның 43 пайызы оң шешімін тапқандығын жеткізді. Сондай-ақ палата өкілдерінің қатысуымен 22 сот ісі өткізіліп, құны 238,7 миллион теңге болатын, яғни 80 пайызы бизнесмендер пайдасына шешілген. Баяндамашы өткен жылы «Атамекен» ҰКП облыс әкімдігімен бірге «Атамекен Тараз» микроқаржылық ұйымы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, бүгінде 265 миллион теңге көлемінде 34 несие берілгенін айтты. Микроқаржылық ұйымда қазір 925 миллион теңгенің 109 өтініші қаралып жатқан көрінеді.
– Ауылды жерлерде шағын бизнесті және стартап жобаларды қаржыландыру үшін микроқаржылық ұйым «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 700 миллион теңге және келер жылдарға қосымша 1 миллиард теңге салым аудару көзделуде. Қаржылық сомаға қол жеткізу үшін микроқаржылық ұйымның талаптарын «Агронесие» корпорациясы арқылы жеңілдету ұсынылуда, – дейді Төлеміс Шотанов.
Кеңейтілген отырыс барысында кәсіпкерлер мен өңірлік кеңес мүшелері өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды. Мысалы, Қордай аудандық «Интенсив-Білім» қосымша білім беру орталығы» ЖШС директоры Валерий Ромашенко: «Жергілікті атқарушы орган өкілдері облыстағы жер телімдерін пайдалану мониторингін жүргізуге құқылы ма?» деген сауал жолдаса, «Новый регион» газетінің редакциясы» ЖШС директоры Лариса Сафонова жергілікті компаниялардың етті экспортқа өткізуі үшін аса қажет емес құжаттарды толтыруының қаншалықты орынды екенін сұрады. Өңірлік кеңес мүшесі, «ТаразПетролСервис» ЖШС директоры Есей Мухиев операторлар арасында жанар-жағармай бөлу қандай талаптарға сай жүргізілетініне қызығушылық танытты.
«Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев аталған мәселелердің барлығы назарға алынып, алдағы уақытта тиісті шешімдер қабылданатынын айтты.

Қарлығаш Есбергенова,
«Ақ жол».

Суретті түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support