Әлеумет

Жастар Көрмеге өз жобаларымен барады

Жастар Көрмеге өз жобаларымен барады

«Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен «EXPO-2017: болашақ технологиялар көпірі» атты облыстық жастар форумы өтті. Атауы айтып тұрғандай, бұл жас технологтар үшін жаңа жобаларын көпшілікке таныстыруға мүмкіндік туғызған шара болды. Өнертапқыштардың бәсекелес ортада өрісі кеңейе түсетіні белгілі. Тараз қалалық Мәдениет үйінде өткен форумда қаладағы жоғары және аудандардағы арнаулы орта оқу орындарының студенттері және мектеп оқушылары өз жобаларын таныстырды. Форумның екінші бөлімі сахнада жалғасын тауып, Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры Елдос Төлендиев EXPO-2017 халықаралық көрмесінің мән-маңызына тоқталды. – EXPO бүкіләлемдік бірегей көрмесі – маңызы жағынан дүниежүзілік экономикалық форумдармен, ал туристік тартымдылығы бойынша ең танымал әлемдік деңгейдегі спорттық жарыстармен салыстыруға тұрарлықтай ірі шара. Оның Қазақстанда өтетіні – еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы қол жеткізген жетістіктерінің мойындалғаны деп бағалауымыз керек. Өйткені, көрмені өткізуге қаншама алпауыт мемлекеттер мүдделі болды. Сол додада біз ғана осындай мәртебені жеңіп алдық. Халықаралық көрмеге қатысушы қонақтардың назары тарихи-мәдени мұраларға түсетіні мәлім. Сол үшін туристерді осындай нысандарға көптеп тарту көзделген. Соның ішінде облысымыздың «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музейінде көптеген іс-шараларды өткізу жоспарлануда. Ал өңіріміздегі тарихи-мәдени ескерткіштердің құндылықтарын дәріптеу – жастарымыздың міндеті, – деді Елдос Төлендиев. Форумда облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Руслан Рахымбаев та жастарға жалынды сөзін арнап, жаңа жобаларын ұсынған үміткерлерге сәттілік тіледі. Жалпы, ЭКСПО көрмесін өткізу – біздің мемлекет үшін маңызды қадам екенін тілге тиек етті. Жас технологтар ұсынған жобалардың ішінде көпшіліктің назарын аударған Еркебұлан Нұрланұлының «Лазерлі тіктеуіші» болды. «Фермерлік биогаз қондырғысы» да, Өмірбек Бақытов пен Медет Мейірханның бірлесе әзірлеген «Табиғи энергия көздерін қолдана отырып жылыжай өнеркәсібін дамыту», Лесбек Садықовтың «Трактор» Еркебұлан Рахмаштың «Моторлы қайық» жобаларының көңіл аударарлық жаңалықтары бар екен. Гүлшат Сайлауова таныстырған «Электр энергиясын үнемдеудің тиімділігін іс-тәжірибе жүзінде негіздеу» және Бақнұр Байалиевтің «Су құбырларындағы энергияны пайдалана отырып, электр энергиясын үнемдеу» жобаларын өндіріске енгізер ұсыныстары да жоқ емес. Шара қорытындысында барлық қатысушыларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар және ЭКСПО көрмесіне билеттер тарту етілді. Форум концерттік бағдарламаға ұласты.

Наурызбек САРША, «Ақ жол».