Мал ауруларынан сақ болайық
Мал ауруларынан сақ болайық
Республика бойынша конго-қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошақ аумағына Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және Жамбыл облысы жатады екен. Аталмыш індетке өткен жылы 27 адам шалдыққан. Олардың 7-еуі – біздің облыстың тұрғындары. Кене шағу салдарынан туатын бұл ауруды құрықтау мақсатында кешенді шаралар қолға алынуы тиіс. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте осы мәселе кеңінен талқыланды. Облыстық бюджеттен кенеге қарсы дезинфекциялық дәрі-дәрмектер сатып алуға 92 миллион 925 мың теңге бөлініпті. Малды және мал қоралары мен аулаларды залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуге Тараз қаласы және Сарысу, Талас, Мойынқұм, Жамбыл аудандары жергілікті бюджеттен 45 миллион 588 мың теңге қаражат бөлген. Бұл туралы облыстық ветеринария басқармасының басшысы Оспан Бердияров қанды безгектің таралуының алдын алу және ветеринариялық шаралар туралы баяндамасында айтып өтті. Облыс бойынша конго-қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошақ аумағына Тараз қаласы және Байзақ, Сарысу, Мойынқұм, Талас, Жамбыл аудандарының 68 елді мекені кіретін көрінеді. Бүгінгі күнге залалсыздандыру жұмыстары Тараз қаласы бойынша толықтай аяқталған, ал аудандарда әлі де жалғасуда. Басқарма басшысы өз сөзінде аудан әкімдерінің назарына залалсыздандыру жұмыстарына қолданылатын ДУК автокөліктерін жаңарту қажеттігін ұсынды. Сонымен қатар, барлық елді мекендерде мал тоғытпаларын салу және ескі тоғытпаларды қалпына келтіру, ірі қара малын залалсыздандыруға арналған душтар салу қажеттігін алға тартты. Бұл мәселе әзірге тек Мойынқұм ауданында ғана шешімін тауыпты. Соңғы 2 жылда кене шаққан адамдар саны 2,5 есе өссе, биыл бүгінгі күнге дейін 138 адамды кене шағып, медициналық көмекке жүгінген. Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Берік Жарқынбеков аталмыш адамдардың барлығы 14 күндік медициналық бақылауға алынғандығын жеткізді. Ол кене шағу дерегінің көбеюін тұрғындардың сақтану шараларына аса мән бермеуімен түсіндірді. Биылғы жылдың наурыз-сәуір айларында арнайы мамандар осы індет бойынша эпидемиологиялық жағдайды болжау және малдағы, табиғаттағы кенелердің санын, олардың індеттену пайызын анықтау мақсатында 34 мыңнан астам кене жинап, зерттелген 10 мыңнан астам кенелердің 24 сынамасынан індеттің қоздырғышын тапқан. Бұл жағдай Сарысу, Талас аудандарының елді мекендерінде анықталыпты. «Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының эпидемиологиялық жағдайын күрделілендіретін себептерінің бірі – қолайсыз аймақтардан сатуға алып келген ауыл шаруашылық жануарларының кенесі бар-жоғы қаралмайтындығында. Сонымен қатар ұсақ малдарға арналған тоғытпалардың жетіспеуі. Облыста соңғы екі жылдың қыс мезгілінде ауа райының жылы болуынан кенелердің қыстауы үшін қолайлы жағдай туындап, олардың санының көбеюіне септігін тигізді», – дейді Берік Жарқынбеков.
Жиында ҚР АШМ ВБЖҚК облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Сәрсенбай Солтанбековтің қырым қанды безгегі мен мал ауруларының ошақтарын жою және ветеринариялық қадағалау шаралары туралы баяндамасы тыңдалды. Ол өткен жылдың 3 айында бруцеллезбен 15 адам ауырса, биылғы 3 айда мұндай сырқатпен 20 адам тіркелгендігін атап өтті. Сонымен қатар құтыру ауруының жай-күйіне тоқталды. «Биылғы жылы құтыру ауруын таратушы иесіз ит пен мысықтарды аулап, жою жұмыстарын әрі қарай қарқынды жүргізіп, иесіз иттер мен атжалмандарды аулау, жою барысына бақылауды күшейтіп, жүргізілетін жұмысардың сапалы және толық атқарылуын қамтамасыз етуіміз қажет», – деді ол. Жылқыға тән инфекциялық лимфангит, мүйізді ірі қара малдары арасындағы қарасан, сондай-ақ сібір жарасы аурулары туралы баяндаған С.Солтанбеков ауылдық округтердегі ветеринариялық пункттердің интернет желісімен жабдықталуы төмен деңгейде екендігін мәселе етіп көтерді. Оның айтуынша, сырға салынған жануарлар белгіленген уақытта бірдейлендіру дерекқорына енгізілуі тиіс. Интернет жүйесімен жабдықталмауынан ветеринариялық дәрігерлердің тасымалдауға беретін ветеринариялық анықтамалары да бірыңғай автоматтандырылған басқару жүйесіне дер кезінде енгізілмей жатқан көрінеді. Жиын соңында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев сырғасыз мал мәселесін көтеріп, «Сырға болмаса, малдың есебін қалай жүргіземіз?» – деген сауал төңірегінде облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиевтен, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітовтен жауап алды. Сонымен қатар «Тоғытпалар мен душтар салуды шаруалардың өздері неге қолға алмайды? Миллиондаған малдың бәріне тоғытпа салып беруге тиіспіз бе? Үкіметке барлығын сілтеп қойып, қарап отыру дұрыс па?!» – деді ол. Облыс басшысы тиісті мекемелер басшыларына кенеге қарсы дәрілеу жұмыстарының жүргізілуі барысын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ облысқа әкелінетін мал легі қалай қадағаланатындығы, мал соятын адамдарды кім тексеріп жатқандығы жөніндегі сауалдар мен заңсыз жолмен шекара асырылатын мал мәселесі аясында тиісті тараптар жауап берді. Жиында облыстық білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова жазғы демалыс-сауықтыру лагерлеріндегі залалсыздандыру мен кене шағу қаупінің алдын алу мақсатындағы оқушылардың ақпараттандырылу ретін баяндады.
Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».