Әлеумет

Арғынбай Бекбосын

Арғынбай Бекбосын

2017 жылдың 1 мамырында 80 жасқа қараған шағында ақын, жазушы, публицист, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Арғынбай Бекбосын өмірден өтті. Бекбосын Арғынбай – 1937 жылы 17 маусымда Жамбыл облысы Байзақ ауданы Қарасу ауылында туған. Қазақ Мемлекеттік университетін бітірген. Әр жылдары Алматы жоғары партия мектебінде, КОКП Орталық комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясында, АҚШ-тың Колорадо университетінде білімін жетілдірген. облыстық радиосының тілшісі, Қазақ радиосының Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарындағы меншікті тілшісі, Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінде бөлім меңгерушісі, Жамбыл аудандық «Шұғыла» газетінің редакторы, Жамбыл облыстық партия комитетінің бұқаралық ақпарат құралдары жөніндегі нұсқаушысы болған. 1985-1994 жылдары облыстық «Ақ жол» («Еңбек туы») газетінің бас редакторы болып жұмыс істеді. Үш мәрте Жамбыл облыстық кеңесінің депутаты болды. 1994 жылғы наурызда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің, 1995 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Онда Халықаралық істер, Қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік комитетіне мүше бола жүріп, бірталай аса маңызды заң жобалары бойынша жұмыс тобын басқарды. ҚР Президенті жанындағы Жоғарғы Тәртіптік Кеңестің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік және Мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссияның мүшесі міндеттерін атқарды. 1999-2003 жылдары аралығында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс бөлімінің меңгерушісі болып қызмет еткен. 2003 жылдан зейнетте. «Парасат» орденімен, оннан аса медальмен марапатталған. ҚР еңбек сіңірген қайраткері. Онға жуық әдеби, публицистикалық кітаптардың авторы. ТМД елдері журналистер одақтары Конфедерациясы сыйлығының лауреаты. Жамбыл облысының және Байзақ ауданының Құрметті азаматы. Қазақстан Жазушылар одағы Ағалар алқасының мүшесі. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деп дана халқымыз айтқандай, өмірде жарқын із қалдырып, пайым-парасатының арқасында халқының қалаулысына айналған Арғынбай Бекбосынның өзі кетсе де, есімі ел аузында, жарқын бейнесі халық жадында мәңгі сақталады.

Облыс әкімдігі, облыстық мәслихат, және ардагерлер кеңесі.

Есімі халқымыздың жүрегінде

Халқымыздың қайраткер ұлдарының бірі – Арғынбай Бекбосын ағаның дүниеден озғанын естіп отырмын. Ауыр қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын. Ол кісі жүйрік қаламымен де, қайраткерлік қарымымен де еліміздің өсіп-өркендеуіне лайықты үлесін қосты. Көп жыл бойы туған жерінде облыстық газетті табысты басқарып, кейіннен Парламент Мәжілісінің белсенді депутаты болып, есімін халқымыздың жүрегіне ұмытылмастай етіп жазды деп ойлаймын. Марқұмның топырағы торқа, жаны жәннатта болсын. Әулетінің алдағы күндерінің жарқын болуын тілеймін.

Махмұт Қасымбеков, Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы.

Қазақ публицистикасының дамуына үлесін қосты

Көрнекті қаламгер Арғынбай Бекбосынұлының дүниеден өткен хабарын естігенде маған да ауыр тиді. Қайғыларыңызға ортақтасып көңіл айтамын. Арғынбай ағамыз қазақ публицистикасының дамуына үлкен үлес қосқан жан. Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде де еліміздің гүлденуіне зор еңбек сіңірді. Елі үшін еңбек еткен ағамыздың рухы соңындағы ұрпақтарымен бірге жасай берсін. Марқұмның топырағы торқа, алды жарық, жаны жәннатта болсын.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.

Заңдардың қабылдануына ерекше ықпал ет ті

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Жамбыл облысының және Байзақ ауданының Құрметті азаматы, жоғары дәрежелі «Парасат» және «Барыс» ордендерінің, басқа да көптеген марапаттардың иегері, белгілі жазушы Арғынбай Бекбосынұлының қайтыс болуына байланысты орны толмас ауыр қайғыға ортақтасып, көңіл айтамын. Арғынбай Бекбосынұлы саналы ғұмырында қарымды қаламын серік ете жүріп, еңбекқорлығы мен іскерлігінің, қарым-қабілетінің арқасында лауазымды қызметтер атқарды. Әсіресе, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің, Парламент Мәжілісінің депутаты болған кездерінде мемлекет болашағына, халық өміріне қажетті сапалы заңдардың қабылдануына ерекше ықпал етті. Қандай қызметте жүрсе де Елбасымыздың сенімін абыроймен атқарып, егемен еліміздің өсіп-өркендеуі жолында өшпес қолтаңбасын қалдырды. Арғынбай Бекбосынұлы өзі өмірден өтсе де, ел руханиятына қосқан үлесі, елеулі еңбектері тәуелсіз ел тарихында сақталып, ізгі қасиеттері мен ақ жарқын асыл бейнесі барша жақындарының жүрегінде мәңгі қалары сөзсіз.

Нұрлан НЫҒМАТУЛИН, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы.

Үлкен жүрек тоқтады

Қаратаудың Алатаудай перзенті мәңгі сапарға аттанады. Ардақты азамат, ойлы қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Арғынбай Бекбосын ағамыздың қазасына Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының секретариаты, барша қаламгерлер қауымы қайғырып көңіл айтады. Қазақ өзінің ақын ұлынан, батыр ұлынан көз жазып қалды. Арғынбай Бекбосын ағамыздың бойындағы ерлік пен өрлік коды сонау Ұлы Даланы мекендеген аруақты бабалары Анарыс пен Тоныкөктен бастап кешегі Балуан Шолақ, Кенен мен Бауыржандар бастаған алыптарға барып ұласады. Арғынбай Бекбосын қолынан қаламын тастамай жүріп, үлкен-үлкен мемлекеттік мінбелерден елдің елдік сөзін айтып, елдің емендей ерлеріне қорған бола білген алып жүректің иесі еді. Елдің ұлы мұраттарын арқалаған толағай жүрекке салмақ көп түсті. Ініге еге болды, еліне кеме болды. Үлкен жүрек тоқтады. Алайда, түп бастауы тереңде жатқан Арғынбай ағамыздың рубаяттары да Шығыстың шынары Омар Хайям сөздеріндей Мәңгілік Елмен бірге жасай бермек. Ардақты Арғынбай аға, Сіз елге аға болған аяулы жасыңызда бізге дейінгі кеудесінде жаны бардың бәрі еріксіз бас иген «Бабалар түскен сара жолға» түстіңіз... Алла Сізге иман берсін, артыңыздағы еліңізге сабыр берсін! Қош болыңыз, аға!

Маралтай Райымбекұлы, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары.

Оза шапқан шәкірттерімнің бірі болатын

Қазіргі «Ақ жол» бір кездегі «Еңбек туы» газетінде бас редактор болып қызмет етіп тұрғанымда қол астымда еңбек еткен шәкірттерімнің бәрі де ширақ, мықты болды. Сол шәкірттерімнің ішінде шығармашылығын шыңдап, «Ұстаздан шәкірт озар» дегенді дәлелдей түскен, өзімнен оза шапқан таланттылар аз болған жоқ. Дарынды жазушылар марқұм Әлдихан Қалдыбаев пен Бақытяр Әбілдаев, Несіпбек Дәутаев, Елен Әлімжанның есімін ерекше атар едім. Арғынбай Бекбосынов та осы тізімнен еді... Арғынбай Бекбосынов кезінде «Еңбек туы» газетінің редакциясының жауапты жұмыстарын атқарған, ең ауыр жүктерін сүйрей білген санаулы қара нарларының біреуі болды. Ол жазушылыққа сәл кешірек келді. Алайда оған дейін-ақ көптеген тұшымды эсселер мен очерктер жазып, өзінің қарым-қабілетінің биіктігін байқатып үлгерген-ді. Төрт-бес ірі, сапалы кітаптары жарық көрді. Ол өз оқырмандарын тапты. Шығармашылықта жемісті жұмыс жасай білген Арғынбай ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып жүріп те елеулі еңбек ете алғанына біз куәміз. Оның еңбектері елеусіз қалды демес едім. Бірнеше мәрте ордендер мен құрметтерге ие болды. Халықтың ықыласына бөленді. Ең басты жетістігі сол емес пе?! Бүгін қаламы қарымды Арғынбай туралы қалай айтсақ та, қалай мақтасақ та жарасады. Бос мақтау емес, жақсының жақсылығын айту – парызымыз. Бір менің ғана емес, барша Жамбыл жерінің мақтанына айнала білген қаламы қарымды інімнің қазасы ешкімге оңай тимесі анық. Сол секілді менің де жүрегіме батты, ауыртты. Қимаймыз. Десек те, енді жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын дегеннен басқа қылар қайранымыз жоқ. Алла алдынан жарылқасын!

Баттал ЖАҢАБАЕВ, баспасөз ардагері, облыстың Құрметті азаматы.

Қазақ журналистикасының қара нары

Қазақ журналистикасының қара нары, халқымыздың қазыналы қариясы, берекелі әулеттің тірегі, бар саналы ғұмырын ұлт руханияты мен оның кемелденуіне арнаған жазушы, публицист, елімізге белгілі қоғам қайраткері Арғынбай Бекбосын ағамыздың қайтыс болуына байланысты, марқұмның отбасы мен туған-туыстарына ауыр қайғыларына ортақтасып, шын жүректен көңіл айтамыз. Тектілік пен кемел парасаттың тұмасы, елінің шынайы тұлғалы перзенті болған Арғынбай ағамыздың өнегелі өмірі, Қазақстан парламентаризмінің негізін қалаудағы қажырлы еңбегі ел жүрегінен өшпейтіні сөзсіз. Аса құнды шығармалары, көсемсөзгерлік келбеті мен тағылымға толы төрттағандары ұрпақ жадында мәңгілік сақталады. Марқұмның алды пейіш, арты кеніш, жаны жәннатта, иманы жолдас болсын.

Бақытжан Ертаев, Қожахан Жабағиев, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары.

Талай тарихи сәттердің ортасында жүрді

Мына дүниеден Арғынбай ағамыздың өткенін Алматыда ауруханада жатып естідім. 1994 жылдың наурыз айында Арекең Жоғарғы Кеңеске, одан соң тұңғыш Парламент Мәжілісіне баламалы негізде депутаттыққа сайланды. Бұл кез қоғамда астан-кестен өзгерістер болып, тәуелсіз Қазақстанның тағдыры сын тезіне түсіп жатқан уақыт еді. Депутат Арекең қабылдауына өзі атсалысқан көптеген заңның қай-қайсысында болмасын ең әуелі ұлтымыздың, қарапайым халықтың мүддесі көзделуіне мейлінше мән берді. Оның «Азаматтық кодекс» жобасына енгізген толықтыруы ел Президенті Н.Назарбаевтың тарапынан мақұлданып, кейін Қазақстан Республикасының Конституциясының 5-бабына сол күйінде енгізілгенін кезінде бұқаралық ақпарат құралдары жазды. Мәжілісте тіл туралы заң жобасы үш күн талқыланғанда, Халықаралық істер, Қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитеттің мүшесі ол көп тартыспен болса да, қазақ тілінің Қарулы күштердің барлық түрінде міндетті түрде қолданылуы туралы өз ұсынысын өткізе білді. Яғни, бүгінде әскерилер ана тілімізде саңқылдап бұйрық беріп, жатық сөйлеп жүрсе, онда депутат А.Бекбосынның да ықпалы болғаны. Қос палаталы Парламенттің қабырғасында жүргенде талай тарихи сәттердің куәсі болдық. Тәуелсіз еліміздің қабырғасының қалануына әл-қадірімізше үлес қостық. Соның ішінде қалам мен қоғам қайраткерлігін қоса танытқан Арекеңнің орны бөлек еді. Ажалға не шара?! Топырағы торқа болып, Алла алдынан жарылқасын.

Жандар Кәрібаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бұрынғы депутаты.

Арекең арманына жеткен адам

1970 жылдың жазында облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Ақ жол») газетіне жұмысқа тұруға келгенімде ұзын дәліздің терезе жақтауына ұзын бір жігіт сүйеніп тұр екен. Келіп сәлем бердім. Арғынбай Бекбосын деп таныстырды өзін. Шымкенттен келіп осында жұмысқа тұрғанына бір апта болған екен. Көп ұзамай екеуміз бір жолдың екі бетіндегі ықшам аудандарда көрші тұрдық. Күнде шығатын газеттің пұшпағын кешке дейін илей-илей әбден шаршап шығып, қаланың шетіндегі шағын аудандарға жаяу тартушы едік. Әлі де «партия тұрмысы», «социалистік жарыс», «екпінді құрылыс» деп шулап тұрған басымызды осы жолшыбай тынықтыратынбыз. Сөйтіп жан түкпірімізде тығылып жататын жүрегіміздің қалауы – әдебиет деген әлемге осылай жұмыс пен үйдің ортасында орын беретінбіз. Ал Арғынбай Бекбосынның қаламы ұшқыр журналист қана емес, ғажайып әңгімешіл екенін араласқан жұрттың бәрі біледі. Бірақ, ол кезде өлең жазатынын айтпады да, көрсетпеді де. Бәлкім, ойды да, қолды да босатпайтын газет жұмысынан уақытша тыйылып жүрді ме екен? Сөйтіп ол жағдайы келе бастаған жасамыс кезінде бұрқыратып жазып, қазақ әдебиетінде рубаяттар жанрын жандандырды. Арғынбай Бекбосынның жиі-жиі кітап болып шығып жатқан «Фәнилік драмалары» өз оқырмандарын тапты. Бірнеше драмасы М.Әуезов атындағы академиялық және облыстық қазақ драма театрларында қойылды. Сол жаяу келе жатып егіліп, аһ ұрып айтатын әңгімеміздің өзегі халқымыздың тағдыры еді. «Осы бойымызбен Ресейдің боданы болып кете береміз бе?» деп күйзелетін едік. Сол күйзелістер Арекеңді дүр сілкіндірді. Дүр сілкіндірді де облыстық газетке бас редактор етті. Парламенттің екі шақырылымында қатарынан депутаттыққа сайланды. Енді Тараздың шағын аудандарына жаяулап, жалпылап келе жатып айтатын әңгімесін Парламенттің мінбесінен саңқылдап айтатын болды. Ол жаяулап жүргенде жанын күйзелткен елінің тәуелсіздігін көрді. 70-жылдары Арекең перзент көрмей жүрді. Сол жағынан да көп күрсіне беретін еді. Алла тілегін қабыл етті. Ұл да көрді, қыз да көрді. Перзенттерінің отау тігіп, өз алдына үй болғанын көрді, немерелер сүйді. Арман таусылмайды ғой. Арекең өз арманының біразына жеткен адам. Бақұл бол, Арекем, Алла алдыңнан жарылқасын!

Елен Әлімжан, жазушы.

Бақұл бол, Араға!

Бұл жалғаннан хан да өткен, қара да өткен. Артында өшпес із қалдырған талай таланттар көз алдымызда мәңгілік сапарға аттанып жатыр. Қайта оралмас мекенге сондай сом тұлғаның бірі – Арғынбай ағамыз да жол тартты. Облысымыздың бас басылымы – «Ақ жол» газетіндегі жастарға өр мінезімен, өнегелі үлгісімен басшылық еткен ағамыз Арғынбай Бекбосын – шығармашылық қуаты да, талабы мен таланты да бір-бірімен жарасқан қарымды қаламгер болды. Қатып қалған қалыптан шықпайтын коммунистік газетке кеңес өкіметінің кезінде-ақ ел, жер, тарих, діл, тіл және демография тұрғысындағы жаңа айдарлар, түрен түспеген тың тақырыптарды әкелген ерен тұлға еді. Арекеңнің азаматтық позициясы да айқын болды. Елі үшін аянып қалмайтын қажыр-қайратын, айбарын ұлтымыздың біртуар перзенттері Дінмұхамед Қонаев пен Асанбай Асқаровты коммунистік-горбачевтік-колбиндік саясат шеңгелінен қорғап, ардақтарымызға араша түсу жөнінде іске асырған қайраткерлігі – асыл ағамыздың өз алдына бөлек сөз етуді талап ететін үлкен еңбегі деп білеміз. Қонаевтың: «Маған таяқ қатты тиіп жатқан кезде алдымен араша болған «Ақ жол» ғой, мына Арғынбай ініміз ғой» деуі бекер болмаса керек. Осындай арыстарға араша болған Арекеңді, өкінішке қарай, сұм ажалдан арашалап қалуға қауқарымыз болмады. Әйтпесе, асыл азаматтың жазары да, айтары да әлі таусылмақ емес еді... Өтпейтін өмір, сынбайтын темір жоқ. Өзен ағысын бөгеуге болады, бірақ, өмірдің ағысын бөгеуге болмайтыны хақ. Елі үшін ерен еңбек сіңірген азаматтың есімі ел есінде мәңгі сақтала бермек. Бақұл болыңыз, Араға!

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, облыстық «Ақ жол» газетінің Бас редакторы.

Елі алдында жүрегі адал, жүзі ашық еді

Қай ортада болмасын аталы сөз айтып жүрген абыз ағамыз жайлы енді өткен шақпен жазатынымызды сезіну қандай ауыр... «Жақсы адам – елдің ырысы» дегендей Арғынбай Бекбосын ағамыз өзі туып-өскен Байзақ жері ғана емес, арысы республика, берісі облыс халқының да мақтанышына айналған тұғырлы тұлға еді. Ел тарихында қалған айтулы істері де жетерлік. Айталық, Парламент Мәжілісінің депутаты кезінде жасаған ұсыныстары Конституциямызда және бірқатар заңдарда көрініс тапты. Әдебиеттің алуан жанрында талантты шығармалар жазды. Әсіресе, сыншылар тарапынан «жарқылдаған жауһар жырлар» деген баға алған төрттағандарымен «қазақтың Омар Һәйямы» атанды. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у) хадистерін тұңғыш рет өлеңмен қазақшаға сәтті аударды. Орыс тілінде жазған деректі хикаяттары мен эсселері Мәскеуде жарық көрді. Тізе берсек, көп. Туған еліне ізгілік жасауды алдына мақсат етіп қойып, жазған жырларына арқау еткен Арекеңнің сөзі мен ісінің арасында еш алшақтық болып көрген емес. Бұған өзі туып-өскен ауылы Қарасуда мектеп салдырғаны жарқын мысал бола алады. Жалпы, ағамыздың туған халқына бергені, тигізген шарапаты көп қой, көп. Бұл жай оны өздеріне рухани ұстаз, ақылшы аға санайтын қаламдас іні-қарындастарының қаншама шабытпен жазылған шығармаларына, өлең-жырларына арқау болды. Сол жырлардың бірінде айтылғандай, туған елдің алдында жүрегі адал, жүзі ашық, бәрімізге де сыйлы, құрметті Арғынбай ағамыздың сексеннің сеңгіріне шыққанын тойлауға оны қадірлейтін інілері, біздер үлкен әзірлік қамында едік. Мейірімсіз ажал кедергі жасады, орны толмас үлкен қаза қабырғамызды қайыстырып, жүрегімізді сыздатты... Жұбаныш етерлігі – артында өсіп-өнген өнегелі ұрпағы, өз оқырмандарын тапқан шығармалары қалды. Өлмейтін ісі, өшпейтін ізі бар деп осындайда айтар болар. Арекеңнің есімі ұрпақтан-ұрпаққа ауысатынына кәміл сенеміз. Бақұл бол, аға! Топырағың торқа, артың кеніш, алдың пейіш болсын!

Аманкелді Карентаев, облыстың Құрметті азаматы, «Д.Қонаев атындағы халықаралық қоры» облыстық бөлімшесінің төрағасы.

Ұстаз

Сөйлесе сөздің шешені, бастаса қолдың көсемі дейтіндей-ақ, ойы да биік, бойы да биік қайран да қайран қайраткер, бақұл бол! Ұстазымыз едің, Ұстынымыз едің. Ағамыз едің, арқасүйер алыбымыз едің. «Тау баласы тауға қарап өседі» дейтіндей, сізге қарап бой түзеппіз, ой түзеппіз. Кейде қатал да едің, қаһарлы да едің, бірақ қарау емес ең. Адуынды едің, бірақ адал ең. Қаламыңыз тиіп кеткен мақаламыз тақырыбын тауып жіберуіңізбен-ақ аспандап шыға келетін. Көсемсөз жазудың көркем шебері де өзіңіз едіңіз. «Үйлесіп өңкей келісім» дегендей сұлу сөйлем ғана емес әр сөздеріңіздің өзінен сыңғырлы әуез есіп тұратын. Соның ішінде ару поэзиядан дәйек таптыңыз. Ой мәйегін түйіп айтар төрттағанды таңдадыңыз. Сіздің әдеби аспаныңызда «Мың түрлі ой» самсады. Лайым, сол шамшырақ жұлдыздарыңыз мәңгілік жарқырай бергей. Ұлы баба мен Әулие анаға арнап сіз жазған «Домалақ ана» драмасын сахналауды таяуда ғана театр ұжымы қолға алған еді. Бізде сізді кез келген шығармашылық адамы сияқты туындысын сахнадан көріп қуанса деп едік. Ол бізге де арман болып қала берді. Дегенмен бұны жазушының екінші ғұмыры, яғни мәңгілік ғұмыры – шығармашылық өмірі басталды дегенге жоримын. Дүниелеріңізді ұрпақ көрсе, оқыса, одан ғибрат алса, атыңызды ғасырдан-ғасырға жалғаса, одан артық қандай бақыт болсын. Сіз, сөз жоқ, қазақ әдебиетінің, журналистикасының қадау-қадау алыптар қатарында қалдыңыз. Бір өңірдің «міне, біздің елдің азаматы» деп мақтана көрсетуге лайық ұлы бола білдіңіз. Біздің қашанда жүрегіміздесіз. Бақұл бол, аяулы аға!

Болат Бекжанов, облыстық қазақ драма театрының директоры.