- Advertisement -

ПАРАСАТТЫ БАСЫЛЫМ

148

- Advertisement -

Менің шығармашылығымның тұма бастауын ашқан тұңғыш басылым – «Ақ жол». Ол кезде «Еңбек Туы» деп аталатын. Үшарал орта мектебінде оқып жүргем. 6-сыныпты бітірген жылы жақын туысымыз Төребек Айтбаев Меркі жаққа қызметін ауыстыратын болды. Сол үйдегі Күлтай жеңгем орыс тілінің мұғалімі болатын, әкеме жолығып, «Біз көшкелі жатырмыз, Күләш жер көрсін, аудандық мектепте оқысын, жөн көрсеңіз алып кетейін», – деген. Сонымен дәм тартып, 7-сыныпта Меркі ауданының орталығындағы Калинин мектебінде оқитын болдым. Ешкім мені жатырқаған жоқ. Жаңа достар таптым, жақсы ұстаздарды көрдім. Дегенмен, ауылға деген сағыныш тербеген болса керек, жасырып өлең жазып жүрдім. Бірде қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі Мәдина апай бір нәрсе жазып жүргенімді біліп, сұрап алып, класс сағатында талқыға салды. Көп ұзамай «Анама», «Туған ел» атты екі өлеңім осы облыстық «Еңбек туы» газетінде жарық көрді. Оны үшаралдағылар да оқыған екен. Құттықтаған хаттар келіп жатты. Мен содан қанаттанған болуым керек, жазуымды жалғастыра бердім. Екі жылдан соң әкемнің ақылымен Жамбыл медучилищесіне оқуға түстім. Ол менің 16-17-дегі кезім. Сол жылдары балапан жырларым «Еңбек туына» жиі жарияланып тұрды.
Жуырда Жамбыл облыстық мемлекеттік музейінің сұрауымен жеке мұрағатымды ақтарып отырғанымда, бір оқушы дәптерінің бетіне қиылып жапсырылған сол жылдардағы өлеңдерімді тауып алдым. Дәптердің әр бетіне газеттің мөрі басылған екен. Мұның да себебін айта кетейін. 1968 жылы Алматыға оқуға аттанарда сол кездегі газеттің редакторы Баттал Жаңабаев ағамыздың батасын алдым. Газеттің бөлім меңгерушісі Мейірхан Қуанышбаев ағай менің газетке шығарған өлеңдерімді түгелдей жинастырып, қиып алып, әлгі дәптерге жапсырып берді. «Оқуға түсуіңе керек болар, айналайын» деп, сәттілік тіледі. Қайран асыл ағаларым-ай! Сол дәптер менің оқуға түсуіме де, диплом жұмысын жазатын кезімде де үлкен пайдасын тигізді. Ол өз алдына бөлек әңгіме.
Мен университетте журналист мамандығын алып, Алматыда қалдым. Бүкіл республикалық газет-журналдың ортасында болдым. Оларға жазып та тұрдым. Бірақ менің тырнақалды дүниелерімнің бетін ашқан «Ақ жолдың» жөні бөлек. Мен осы өңірлік басылымға, жас қауырсынның қатаюына жәрдемдескен абзал жандарға қарыздармын. Олардың ішінде өзімнің жақын ағам, ақын Өкім Жайлауовтың орны ерекше. Шын тілеулес болған тамаша ақын Жақсылық Сәтібеков ағаны да ұмытпақ емеспін. Бір қызығы, сол балауса жырлар қайта жарық көрмепті, ешбір кітабыма да енбепті…
Менің сүйікті газетім «Ақ жолдың» шыға бастағанына биыл 95 жыл толып отыр екен. Газет қай кезде де мені ұмытқан емес. Мерейтойларымда да еске алып, арнайы бет беріп, рухымды көтеріп келеді. Бұл менің өзіме қатысты жайлар.
Елдік тұрғыдан, халықтық деңгейден қарайтын болсақ, осы 95 жылдық тарихында газеттің атқарған шаруасы таудан биік, теңізден терең дер едім. Өткен ғасырдың басынан бастап елдік күрес пен ерлік шежіренің туына айналған.
Қасіретті де қасиетті даламыз үшін, азапкер халқымыз үшін, ұрпақтың ертеңі үшін қаламдарының ұшынан көздің жасы мен жүректің жігерін төгіп өткен ұлт жанашырларына мың тағзым!
Советтік кезеңнің сыры мен қыры бір бөлек. Ата-бабамыздың ғасырлар бойғы арманы жүзеге асқан тәуелсіз кезеңнің алтын әріппен жазуға лайықты тарихи сәттерін бейнелеп, бедерлеген журналистер мен тілшілер, ақындар мен жазушылар, барша зиялы қауым қандай бақытты!
Қазіргі «Ақ жол» газетінің ажары мен қолтаңбасы айрықша көркем. Жамбыл облысындағы жасампаз істер мен жарқын жаңалықтар ешкімді бейтарап қалдырмайды. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдаулары мен жаңа тапсырмалары, саясат, экономика, экология, денсаулық, әлеуметтік мәселелер мен мәдени шаралар, қысқасы қоғамның барлық тыныс-тіршілігі газет бетінен лайықты орын алып отыр. Басылым бетіндегі адамзаттық ақыл-ой, ұлттық құндылықтар мен адамгершілік мәселелері, қазақи қасиет, имани, ізгілікті тұжырымдар мен әдеби туындылар да оқырманның ойынан шығып келеді. Газет ұжымын кең дүниеге рахман нұры тамған ғанибетті мезгілде өткелі отырған торқалы тойымен шын жүректен құттықтаймын. Қазақтың таңғажайып дәуірі қалам иелеріне шалқар шабыт берсін! Еліміз мәңгілік болсын!
Сөз соңында «Ақ жол» газетінің бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлына қарата бір шумақ арнай кетсек артық болмас.
Дарынды қаламгерсің майда тілді,
Кәсіби шеберлігің әйбат үлгі.
Паш еттің парасатты, қажетті оймен
Газетті жарқыратып, жайнатуды.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support