Саясат

Сындарлы жиыннан сергіп қайт тық

Сындарлы жиыннан сергіп қайт тық

Ержан Данаев, Полатқосшы ауылдық округінің әкімі.

Қазақстан халқы Ассамблея-сына жүктелген негізгі міндет – этникалық шығу тегіне қарамастан, барша ұлтты бір шаңырақ астында ортақ мүддеге жұмылдырып, «Мәңгілік Ел» идеясы төңірегінде топтастыру. Ортақ Отанымызды көркейтіп, мемлекетімізді әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына қосу. Астана қаласында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен өткен Ассамблеяның XXV сессиясында осыны ұқтық. Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған қоғамдық институттың алқалы жиынынан көңілге тоқығанымыз көп болды. Расында да адамға заманға сай өзгеру үшін санаға сергектік пен серпіліс керек. Президентіміз биыл Қазақстан үшін тұтас жаңғыру кезеңі басталғанын айтты. Жүйелі жаңғырудың талаптарына жауап бере алатын қоғамдық сана-сезім қалыптастыру керектігін еске салып, бейбітшілік пен келісімді сақтаудың маңыздылығын сөз етті. – Тұтас қоғам да, жеке азамат та бейбітшіліктің, тұрақтылық пен келісімнің өздігінен келе салмайтынын білуге тиіс. Мемлекет ұдайы этносаралық және конфессияаралық процестердің тамырын басып, жіті қадағалап отыр. Ұлттық бірлікті нығайта түсу үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы мен барлық мемлекеттік органдар тұрақты, күнделікті жұмыс жасауда, – деді Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасымыз айтқандай, біздің ауданда да ел бірлігі жолында атқарылып жатқан шаруалар ауқымды. Жалпы, аудандағы 80 мыңнан астам тұрғынның 27,6 пайызы – өзге ұлт өкілдері. Ал Жалпақтөбе ауылында 9532 тұрғын бар. Оның 15,4 пайызы қазақтар, 74,1 пайызы – дүнгендер, қалғаны – күрд, орыс, татар, украин, қырғыз, өзбек, немістер. Жалпы Полатқосшы ауылдық округінде 17 ұлттың өкілдері мекен етеді. Олар бірлік бар жерден береке тарқамайтынын жақсы түсінеді. Сондықтан өзге ұлттар құрған этномәдени бірлестіктер ел бірлігінің бекем болуы үшін белсенді еңбек етіп жүр. Солардың қатарында «Гуонлён» жастар орталығы қоғамдық бірлестігі мен «Вынхуа» дүнген этномәдени орталығын атап өту керек. Аталған бірлестіктер қоғам-дық келісіммен ұлтаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында түрлі іс-шаралар өткізіп, дүнген халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін насихаттап жүр. Негізінен, округтегі кез келген ұлттың өзіндік салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпын насихаттауына барынша жағдай жасалған. Өйткені, Елбасы саясатында барлық ұлт пен ұлыстың салт-дәстүрлерін сақтауға, дәріптеп, дамытуға үлкен басымдық берілген. Соның бірі – «Қазақстан – 2050» Стратегиясында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру аясында қолға алынған «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы. Бұл идея ұлт пен ұлысты ортақ мүддеге жұмылдырады. Мемлекетіміздің әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылуына жол ашады. Біздің мақсат-мүддеміз бір болса ғана Мәңгілік Ел болсақ деген арманымызға қол жеткізе аламыз. Бұл – арманы ортақ қазақстандықтардың тілегі. Жамбыл ауданы.