Әлеумет

Тұрардан басталған тұнық

Тұрардан басталған тұнық

95 жыл... Ғасырға жуық уақыт. Осыншама уақыт аралығында аты мен заты сан мәрте өзгеріп, заманына сай түрлі бағытта қалам сілтеген, сөйте тұра өзінің ең басты міндеті – халыққа қызметін жалғастырудан еш танбаған басылым. Бұл – 1922 жылдың 1 мамырында Әулиеата ояздық «Вольная беднота» газетіне қосымша ретінде «Кедей еркі» деген атпен шыққан бүгінгі – «Ақ жол». Шежіресі аса бай, абырой-беделі асқақ бұл басылымның бастауында қазақтың тарихындағы небір ұлы тұлғалардың тұрғанын біз бүгінде үлкен мақтанышпен айта аламыз. Мысал ретінде сонау Қазан төңкерісінен кейін біздің өңірде мұсылман газетінің ашылуына көп көңіл бөлініп, Өлкелік бюроның Т.Рысқұловқа арнайы телеграмма жолдағанын айтуға болады. «Ташкент. Өлкелік бюро. Т.Рысқұловқа» деген сөздермен басталған телеграммада коммунистердің уездік съезі Әулиеатада мұсыл-мандардың «Мұсылман бюросының дауысы» («Голос мусбюро»)атты газет шығару туралы бюроның протоколының мәтіні келтіріледі. Ол 1919 жылдың 2 қазаны болатын.

Кейіннен бұл газеттің орыс және мұсылман тілдерінде шығарылғандығы және оның 24 нөмірі жарық көргендігі туралы мәлімет бар. Ол мәлімет 1922 жылы «Кедей еркінің» редакторы болған Анна Алматинскаяның уездік комитетке жазған мәлімдемесінен алынған.

Газет атауы заманның беталысы мен саяси, қоғамдық науқанға, ұстанымдарға лайықты өзгеріп отырған. Әулиеата оязының аудан болып қайта құрылуына байланысты 1929 жылдың 1 қаңтарынан «Дихан дауысы» атты аудандық газетке айналды. «Жаппай ұжымдастыру» науқанына байланысты газеттің аты 1931 жылдың басынан «Колхозшы» деп аталса, 1938 жылы сәл өзгеріске ұшырап, «Колхоз жолына» өзгертілген. 1939 жылы Жамбыл облысы құрылғанда газет облыстық және Жамбыл қалалық партия комитеттері мен еңбекшілер депутаттары облыстық кеңесінің органына айналып, бірінші нөміріне редактор ретінде Күзембай Сүгірбеков қол қойған. Заман ағымына қарай 1944 жылға дейін «Коммунист», одан кейін «Сталиндік жол» атанған басылым 1958 жылдан бастап «Еңбек туы» деген атқа ие болды. Хрущевтің әпербақан саясатының салқыны «Еңбек туын» да айналып өтпеген. 1962 жылы облыстық бірден-бір қазақ газеті жабылып, бір жылдан кейін орыс тіліндегі «Знамя труда» газетінің аудармасы ретінде жарық көреді. Тағы бір жылдан кейін ғана қайтадан дербес басылымға айналады. Осы жылдарда газетті Сыдық Абланов, Ғабды Аманғалиев, Беген Байсақалов, Жайық Бектұров, Ғайса Сармұрзин, Төленді Оңғарбаев, Баттал Жаңабаев сынды азаматтар басқарды. 1972 жылы газет өзінің елу жылдық мерейтойына орай КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Құрмет белгісі» орденімен наградталса, он жылдан кейін, яғни Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1982 жылғы 30 сәуірдегі Жарлығымен Құрмет грамотасымен наградталады. Қоғамдағы түбегейлі өзгерістерге байланысты 1990 жылдың 3 сәуірінен бастап газет «Ақ жол» деген атпен шыға бастайды. Тәуелсіздік жылдарында «Ақ жол» атанған газетті Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев, Мақұлбек Рысдәулет, Ғалым Қасабай, Қуаныш Иембердиев басқарса, бүгінде ұжымға белгілі журналист Көсемәлі Сәттібайұлы басшылық етуде. Өңір шежіресін қаттап, ғасырға жуық уақытта халықпен бірге жасасып келе жатқан бұл басылымның өміршеңдігін оның ұлт үшін аянбайтын, халыққа қажеттіні дөп басып айта алатын айбарының арқасы деп айтуға әбден болады. Тіпті, күллі қазақтың тарихы бұрмаланып, ұлтымыздың беткеұстарларын оңбаған, жауыз етіп көрсетіп жатқан коммунистік режимнің тұсында-ақ бұл басылым Кенесары ханды ақтады емес пе? Ресей отаршыларына қарсы бас көтерген бұл тұлғаны егемендік алғанға дейін жас ұрпаққа қанішер ретінде танытып келген болса, 1941 жылдың 29 мамыры күнгі санында (газет ол кезде «Коммунист» аталатын) журналист-жазушы Жайық Бектұровтың редакторлығымен «Осы екен самұрықтың өлген жері» атты ащы шындыққа толы мақала жарияланады. Басылымның батылдыққа толы жолы кейінгі жылдарда да жалғасын тапты. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының ащы шындығы сол кезде-ақ «Азаматтық диалектикасы» («Еңбек туы», 1986 жыл, 1 ақпан) деген атпен, КСРО билігіне келген М.С.Горбачевтің «Қайта құру» науқанының салқыны тиген шалғай ауылдардың ауыр халі жайлы «Ұмыт қалған ауылдың әлеуметтік проблемасы» атпен мақалалар жарияланып жатты. Сондай-ақ бүгінде күллі қазақ қадір тұтатын ұлтымыздың ұлы перзенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев пен Асанбай Асқаровқа тағылған айыптауға ең алғашқы болып араша түскен, ұлының артында ұлты тұрғанын танытқан да дәл осы «Ақ жол» болатын. Жалпы, газеттің өткеніне көз жүгіртіп, архив материалдарын ақтара берсеңіз, онда мақтануға тұрарлық, үлгі етіп аларлық талай тағылымды дүниелерге кезіккен болар едіңіз. Бұл – басылымның тарихы, бұл – өңіріміздің өткені. Әлбетте, кез келген басылымның бір міндеті – халық пен биліктің ортасын жалғап, алтын көпір болу болса, ендігі бір үлкен міндеті – рухани орта қалыптастыру. «Ақ жол» бұл міндеттің де үдесінен шыға білген шаңырақ. Бұл шаңырақта кімдер қызмет атқарып, кімдер түлеп ұшпады дейсіз?! С.Мұқанов, М.Әуезов, И.Байзақов, С.Аманжолов, Қ.Аманжолов, Ж.Сыздықов, А.Тоқмағамбетов, Е.Ысмайылов, Ғ.Молдабаев сынды белгілі қаламгерлердің кейбір тың туындылары алғашқы рет «Еңбек туында» жарияланып, олардың өздері де осы басылымның табалдырығын аттаған, алдыңғы және кейінгі жылдарда да әдебиетшілер редакция шаңырағына үнемі бас сұғып, тыныс-тіршілігіне араласып жүрді. Шәмші Қалдаяқов, Күләш Байсейітова мен Шара Жиенқұлова сынды көптеген қазақтың маңдайына біткен біртуарлары да редакцияның құрметті қонағы болған. Бұл дәстүр әлі де жалғасып келеді. Жалпы алғанда, жалғасын тауып жатқан игі істер баршылық. Оның ең бастысы – редакция ұжымын мықты кадрмен толықтыру, мұнда қызмет ететін журналистерді үнемі шыңдап, қаламдарын ұштап отыру. Ілгеріде мұнда қызмет еткендердің барлығы дерлік аудандық, қалалық басылымдарда жылдар бойы тәжірибе жинақтап, көптеген сыннан өтіп, сайдың тасындай іріктелген, жасы үлкен азаматтар болды. Ал бүгінгі журналистердің барлығы дерлік – жастар. Бұл – бүгінгі заманның талабы, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың сара саясатының жемісі. Қай салада да кадрды білікті, талапты жас мамандармен толықтырып, оларға бағыт-бағдар беру, ол мамандарды ел ертеңін сеніп тапсыра алатындай азамат етіп тәрбиелеу бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның ұстанған бағыты. Ендеше, «Ақ жолда» да жас мамандардың көптеп бой көрсетуі осындай ұстанымның бір көрінісі болса керек. Бүгінгі таңда редакция ұжымы бір отбасындай ұйысып, мемлекеттік саясатты насихаттау мақсатында аянбай еңбек етуде. Журналистер түрлі тақырыптарда қалам сілтеп, тақырыптық, проблемалық және талдамалық мақалалар жазса, газет оқырмандарынан толассыз келіп жататын хаттар мен өтініштер, талап-тілек пен шағымдар да басылым бетінде көрініс тауып жатады. Оқырманынан ешқашан қол үзбеген «Ақ жолда» «Оқырман отауы» айдары арнайы ұйымдастырылған. Сондай-ақ халық сұранысы мен тілегіне орай жастарға арналған «Маздақ», әйелдерге арналған «Айша бибі», әдебиетшілер мен жалпы оқырманға аса қызықты «Пырақ» пен «Шөкеңнің шошаласы», спортсүйер қауым үшін «Алаш-Арена», өмірдің таңғажайып сырлары мен құпиясына толы «Тылсым» арнайы жобалары бірнеше жыл бойы жалғасып келеді. Ал елге аты мәлім, өмірі мен жүріп өткен жолы жұртшылық үшін аса қызықты азаматтармен сұхбат ретіндегі «Бүкпесіз әңгіме» айдарының да салмағы басым. «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болуымен қатар, бүгінде мемлекеттік саясаттың мықты насихатшысы. Олай дейтініміз, «Ақ жолда» Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жыл сайынғы дәстүрлі Жолдаулары мен мемлекеттік түрлі бағдарламалар үнемі кең көлемде халыққа түсіндіріліп, үгіттеліп жатады. Бұл үрдіс бір нөмірде де тоқтаған емес. Сондай-ақ сол бағдарламалардың өңірде орындалуы мен оның нәтижесі, халыққа тиіп жатқан шарапаты мен игілігі басылым беттерінде қатталуда. Ал азаматтардың жанайқайын қажетті жеріне жеткізе жазу – ол да «Ақ жол» арқалап келе жатқан үлкен жүктің бірі. Газет шығарумен қатар, ұжымның қолға алған өзге де жобалары баршылық. Оның бірі – бұрыннан қолға алынып, дәстүрлі түрде жалғасып келе жатқан «тоғызқұмалақ» ойынынан арнайы бәйге. Бұл жарысқа талай жас қатысып, ұлттық ойынның дамуына өз үлестерін қосуда. Сондай-ақ, «Ақ жолдың» арнайы экспедициясын да айтпай кетуге болмас. Экспедицияның мақсаты – халық жадынан ұмыт болып бара жатқан, облыс аумағында орналасқан тарихи-мәдени орындарға арнайы барып, сол жердің тарихын, бүгінгі халін арнайы зерттеу. Экспедиция арнайы хан Кененің ізі қалған Кекіліктауға, ежелгі Шу қаласына, Ақыртас тарихи-мәдени кешеніне атбасын бұрып, сондай-ақ, қазақтың қайсар қызы Алма Оразбаева апамыздың қабіріне зиярат етті. Оның басына арнайы құлпытас орнатуға мұрындық болып, «Ақыртасқа» апарар жолдың жөнделуіне септескен жайы бар. Жүз жылға жуық тарихы бар газеттің өткені мен бүгінін айта берсе таусылмайтын деректер мен дәйектер жетерлік. Оның бәрін бір мақалаға сыйғызу тіпті мүмкін емес. Бір анығы – қазыналы қарттың жасын жасаған бүгінгі «Ақ жолдың» бағындырған белесі биік, алда әлі талай асудан өтуіне Алла жар болсын демекпіз!

Редакция алқасы.