- Advertisement -

Өңірдің аты өнімінің сапасымен танылады

133

- Advertisement -

Жақында «Ішкі нарықта жергілікті жеткізушілердің сапасы» индикаторы деңгейін жақсарту мәселесі бойынша кезектен тыс өңірлік штаб отырысы өтті.
Штаб төрағасының орынбасары Мейірхан Сатыбалдиннің төрағалығымен өткен отырысты Техникалық реттеу және метрология комитеті облыс бойынша департаменті мен «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл филиалы ұйымдастырды.
Отырыста М.Сатыбалдин өңірлік штабтың мақсаты – Үкімет мәжілісінің былтырғы 5 қарашадағы хаттамасымен бекітілген 2016-2018 жылдарға арналған Дүниежүзілік экономикалық форумның бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық индексінің индикаторларын жақсарту шараларының жоспарына сәйкес, ішкі нарықта жергілікті жеткізушілердің сапасын жоғарылату екенін атап көрсетті.
Ол сондай-ақ өнеркәсіп салаларының қажеттілігін ескере отырып, стандарттарды әзірлеп, қабылдау, отандық өндірушілерді ақпараттық қолдауды қамтамасыз ету, Кеден одағының нормативтік -құқықтық базасын, стандарттарды түсіндіру және қолдану жөнінде, тағы басқа да мәселелер бойынша кәсіпорынның қатардағы қызметкерлерінен бастап басшыларына дейін барлық деңгейдегі өнеркәсіптің басым секторларының мамандарын кең ауқымды жаппай оқыту, кәсіпорындарда сапа менеджментін енгізу бойынша өңірлік семинарлар өткізу шаралары енгізілгенін жеткізді. Мұның өзі Қазақстанның ұстанымын жақсарта түспек.
2018-2020 жылдарға арналған жобаға енгізу үшін ұлттық стандарттарды әзірлеу бойынша ұсыныс-өтінімдерді талқылау мәселелері бойынша «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» кәсіпорны Жамбыл филиалының директоры Асқар Мыңбаев, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруда туындайтын техникалық кедергілер, кәсіпкерлердің өзекті мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдармен өзара байланысы туралы облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Аспандияр Сейсебаев хабарлама жасады. Сонымен қатар облыс аумағында шығарылатын тауарларды өндірушілерге өнім сапасын жоғарылатуға арналған бағыттарын ақпаратпен қамтамасыз ету жайлы облыстық қоғамдық денсаулықты қорғау департаменті басшысының орынбасары Байділда Шынәлиев және кәсіпорындарда менеджмент жүйесін енгізудің тиімділігі туралы «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» акционерлік қоғамы Жамбыл филиалының бөлім басшысы Гүлбахира Жаңабаева хабардар етті. Оларға сұрақтар қойылып, тиісінше жауаптар қайтарылды.
«Галеника» және «Заң» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің жетекшілері Қатира Аққұлиева мен Дүйсенбек Ыбыналиев күн тәртібіне шығарылған мәселелердің аса маңызды екендігін атап көрсетіп, ұсыныс, пікірлерімен қоса осындай маңызды мәселе талқыланған шараның қатысып отырғандардың барлығы дерлік жергілікті ұлт өкілдері бола тұра бастан-аяқ ресми тілде өткеніне өздерінің алаңдаушылықтарын да жеткізді.
Расында да штаб төрағасының орынбасары да, хабарлама жасағандар да ресми тілде сөйледі. Бүгінде облыс әкімінен бастап, барлық орынбасарлары, аппарат басшысы төрағалық ететін түрлі жиындар мен отырыстар мемлекеттік тілде өтетінін ескерсек, бұл жолғы штаб отырысының ресми тілде өтуіне облысқа белгілі кәсіпкерлердің алаңдаушылық білдіруі бекер емес.
Дегенмен, штаб отырысына төрағалық еткен М.Сатыбалдин техникалық терминдерді аудару мүмкін болмай жатқанын алға тартып, алдағы уақытта мұндай отырыстарды мемлекеттік тілде өткізуді қолға алатындарын жеткізді.

Амангелді ӘБІЛ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support