- Advertisement -

Ізгі қасиет терімізді қайта түлетуіміз керек

143

- Advertisement -

Кез келген қазақстандық азамат елінің рухы биік, ойлы, елін, жерін, ұлтын сүйетін патриот болы керек.Әсіресе жастар ұлттық құндылықтарымыз бен тарихи мұраларымызды сақтап, дамытуға, заман талабына сай өзгеруге бейімделуі қажет. Жаһандық кезеңде әлемдік тілдерді меңгеру адамның кез келген ортада еңбек ете алуына жол ашады. Жалпы, азаматтардың бәсекеге қабілеттілігі мен игерген білімінің арқасында еліміз әлемге танылады. Достық үйінде өткен Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын талқылауға арналған Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптамалық топ пен қоғамдық келісім, Аналар, Ақсақалдар және медиаторлар кеңесінің біріккен отырысында көпшілік осындай ой түйді.
– Мемлекет басшысының мақаласын елімізді рухани жаңғыртуға арналған бірегей бағдарлама деп айтуға болады. Онда сананың ашықтығы мен ұлттық мүддеге, бірегейлікке баса назар аударылған. Президентіміз мақалада «Жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерімізді қайта түлетуіміз керек» екенін атап көрсетті. Бүгінде біз дамыған елдердің озық дүниелерін игергенімізбен, жаһандық дәуірге сай дәстүрімізге жат мәдениет пен ел ішіне іріткі салар діни ағым секілді әртүрлі құбылыстармен бетпе-бет келіп отырмыз. Ал бізді одан сақтандыратын бір ғана жол бар. Ол – ұлттық болмысымыз, бірлігіміз бен татулығымыз. Өзімізді әлемге дамыған, бірлігі жарасым тапқан біртұтас ұлт ретінде таныта түсуіміз үшін Елбасы мақаласында жүктелген міндеттерді жүзеге асыруға атсалысуымыз қажет, – дейді облыс әкімдігінің қоғамдық келісім мекемесі басшысының орынбасары Камал Нарбатыров.
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің доценті, ҚХА жанындағы ғылыми-сараптамалық топ төрағасының орынбасары, философия ғылымдарының кандидаты Парида Мамедова «Ұлы Дала тарихы» тарихи-мәдени экспедициясы аясында Талас, Сарысу және Жуалы аудандарының алыс ауылдары мен қалаларына жасалған экспедицияның басты мақсаты – «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясының құндылықтары мен патриотизмді нығайтуға бағытталғанын сөз етті. Таластағы Бөріқазған, Тәңірқазған және Қызкөпір аумақтарындағы көне петроглифтер бар жерлерге саяхат жасау – жастардың төл тарихын танып білуіне ықпал еткенін, биыл да «Өз өңіріңді танып біл» атты жаңа жоба іске асырылатынын тілге тиек етті. Сонымен қатар, ұлттық бірегейлікті сақтау мен латын әліпбиіне көшу, «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» секілді жобаларды қолға алу қажеттігі жөнінде бірқатар мәселелер көтерді.
Аналар кеңесінің төрайымы Мухаббат Миражапова биыл облыста отбасылық рухани-адамгершілік құндылықтарды сақтау және дәріптеу мақсатында «Тұмар» қозғалысы Аналар кеңесінің бастамасымен қолға алынғанын айтып, рухани-адамгершілік құндылықтарды сақтау жөнінде ой тербеді. Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Рахмиджан Жаңабаев «Жаңғыру – уақыт талабы», қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Абдрахман Зайнуддинов «Жарқын болашаққа жетудің жолы – бәсекеге қабілеттілік» тақырыбында баяндама жасаса, медиаторлар кеңесінің төрайымы Лариса Сафанова бітімгерлік жайын сөз етті.

Нұрым Сырғабаев,
«Ақ жол».

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support