Тақыр жерге дән өнбейді
Тақыр жерге дән өнбейді
Несие алушылардың негізгі қорлары болуы тиіс
Облыс әкімінің орынбасары Мұратбай Жолдасбаевтың төрағалығымен өткен семинар-кеңесте «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында жылқы, қой шаруашылықтарын және жайылымдық жерлерді суландыру бағдарламаларын несиелендірудің ұтымдылығы сөз болды.
– Бүкіл әлемде жылдан-жылға ұлғайып келе жатқан азық-түлікке сұранысты қамтамасыз етуге атсалысып, бәсекеге қабілетті өнімдерді, оның ішінде ет өнімдерін, астықты және басқа да өтімі жоғары өнімдерді, экспортқа шығаруды белсенді ұйымдастыру қажеттігі туындап отыр. Осы бағыттағы тиімді бағдарламалардың бірі шаруа және фермер қожалықтарында жоғары өнімді қалыптастыруға және дамытуға бағытталған «Сыбаға» бағдарламасы болғаны баршамызға мәлім, – деген Мұратбай Сматайұлы үш жыл ішінде 12692 сиыр және 568 асыл тұқымды бұқа сатып алынып, жоспар 139,2 және 171,6 пайызға орындалғанын тілге тиек етті. Биыл тағы да 3,3 мың сиыр сатып алу межеленіп отыр. Осы бағытта атқарылатын жұмыс аясын кеңейту, мал өнімдері өндірісін ұлғайту және экспорттық бәсекелестікті арттыру мақсатында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ қосымша жылқы, қой шаруашылықтары және жайылымдық жерлерді суландыру бағдарламаларын несиелендіруге жаңа бағдарламалар ұсынғалы отыр екен. Онымен аталмыш акционерлік қоғамның басқарушы директоры Нұржан Сейсенбаев таныстырды. Оның айтуынша, алдағы уақытта уақ мал сатып алуды несиелендірудің «Алтын сақа», жылқы сатып алудың «Құлан» бағдарламалары жүзеге асырылмақ. Мәселен, «Алтын сақа» бағдарламасы бойынша 5 миллионнан 30 миллион теңгеге дейін несие беру мүмкіндігі бар. Бұл жерде саулық қойлар мен асыл тұқымды қошқарлар, негізгі техника мен құрал-жабдықтарды сатып алуға және жөндеуге мерзімдер белгіленген. Жылқы шаруашылығын несиелендіруге берілетін қаржы көлемі – 4,5 миллионнан 100 миллион теңгеге дейін. Қаржыландырудың бұл түріне қойылатын талаптар бойынша меншікті малы болмаған жағдайда қарыз алушы сатып алынатын мал саны құнынан 30 пайыздан кем емес мөлшерде ақшалай қаражат түрінде ортақ қаржыландыруды қамтамасыз етуі қажет. Тақыр жерде дән өнбейді, яғни, несие алушылардың негізгі қорлары болуға тиіс. Нұржан Рымханұлы бағдарламалар бойынша берілетін несиенің пайыздық мөлшері, оны қайтару жолдары туралы кеңінен түсінік берді. Осы жерде бағдарлама аясында алынған несиенің негізінде жұмыс жүргізетін агроқұрылымның мемлекет тарапынан субсидияландырылатынын да ескерте кеткеніміз жөн. Бұл мемлекет көрсетіп отырған осындай қолдауды мүмкіндігіне қарай тиімді пайдалану керек екендігін меңзейді. Семинар-кеңесті қорытындылау кезінде осы жайды баса ескерткен облыс әкімінің орынбасары Мұратбай Жолдасбаев басқосуға қатысушыларға ұсынылған бағдарламаларды жұртшылық арасында кеңінен насихаттауды баса тапсырды. Несие алуда дұрыс таңдау жасаған шаруа қаржының мақсатты жұмсалуын бірінші кезекке қоюы керек. Сонымен қатар, оймтал мал тұқымын өсіру басты мақсатқа айналуы тиіс. Бұл мәселе мал тұқымын асылдандыруға барып тіреледі. Ендеше, шаруа қожалықтары селекциялық жұмысты да жолға қойғандары жөн. Бұл іс ғылыми ізденістерге байланысты. Олай болса, бұл жерде теорияны тәжірибеге ұштастырудың маңызы зор.
Болат ЖАППАРҰЛЫ, «Ақ жол».
Тараз қаласы.