- Advertisement -

«Агалидің» сары ірімшігіне сұраныс көп

82

- Advertisement -

«Агали» шаруа қожалығы – Байзақ ауданындағы ірі агроқұрылымның бірі. Қожалық егін және мал шаруашылығымен айналысады. Қарамағындағы 500 гектар суармалы жерде дәнді дақыл, көпжылдық шөп, дәндік жүгері, көкөніс және алма мен жүзім өсіреді. Шаруашылықтағы 550 бас мүйізді ірі қараның 250 басы сауын сиыры. Бұған қоса 300 бас қой және 16 бас жылқысы бар. Агроқұрылымда 30 адам жыл-он екі ай тұрақты жұмыс істейді. Науқандық жұмыстар кезінде бұған қоса 60 адам жұмысқа тартылады. Орташа жалақы 60 мың теңгені құрайды.
Агалиліктер кейінгі кезде өндірген ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеп, өткеру жолында елеулі ізденістер жасауда. Осыдан екі жыл бұрын Талас ауылындағы бұрын автогараж орналасқан 1 гектар жер телімін сатып алып, орнына жаңа сүт өңдеу цехының құрылысын жүргізді.
Тәулігіне 20 тонна сүт өңдейтін кәсіпорынды салуға 65 миллион теңге жұмсалды. Оның 30 миллион теңгесін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы несиеге 6 пайыздық өсіммен алды. Қалғаны – өз қаржысы. Қожалықтың сүт фермасында күнделікті өндірілген 3 тоннаға жуық шикізат цехта өңделіп, одан 9 түрлі өнім шығарылады. Өндірілген өнім Тараздағы мектептер мен балабақшаларға өткеріледі. Олар зауытты толық қуатында жұмыс істету үшін аудандағы тұрғындардан да сүт жинауды қолға алған. Қазір жеке сектордан күнделікті 400 литрге дейін сүт қабылдануда. Фермадағы сауын сиырларының саны да көбейіп келеді.
– Тұтынушылар арасында, әсіресе сары ірімшікке сұраныс жоғары. Бізде қазір оның үш түрі бар. Келешекте тағы да 2 түрі шығарылады. Таяуда Түркиядан мамандар шақырып, балмұздақ шығаратын цехтың құрылысын бастамақпыз. Мұның өзі өнім өндіруді арттырумен қатар, қосымша бірнеше жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Жұмысшыларымыздың жалақысы ай сайын тұрақты беріледі. Салыққа және міндетті төлемдерге де қарызымыз жоқ, – дейді «Агали» шаруа қожалығының жетекшісі Нәби Агалиев.

Байзақ ауданы.

Ақылжан мамыт,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support