Әлеумет

Көрінген жерді көлік тұрағына айналдырмайық

Көрінген жерді көлік тұрағына айналдырмайық

Бұрнағы жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы мерекеленуі тұсында облыс орталығында сәулет өнерінің таңғажайып туындылары бой көтерді. Бүгінде тараздықтар мен қала қонақтары қайда барып, серуендейміз демейді. Қалада көрнекі орындар мен көркем нысандар жетіп артылады. Көп қабатты тұрғын үйлер мен түрлі ғимараттар алдындағы көк орай шалғынға бөленген алаңдар да кісінің жанын рахатқа бөлейді. Облыс орталығының тұрғындары мен қала қонақтарына осындай тамаша тарту жасап отырған басшыларға алғыстан басқа не айтуға болады? Алайда, туған қаламыздың одан сайын көркейе түсуіне үлес қоспақ түгілі, ел игілігі үшін жасалған тірлікті бүлдіруге бейім адамдар да кездесіп жататыны бар. Әңгіме бүтін дүниені бүлдіріп немесе күл- қоқысты арнайы орынға жеткізбей кез келген жерге төге салатындар жайлы емес. Айтайын дегеніміз, жауапкершілікті сезінбейтін жүргізушілер жөнінде. IMG_9783- IMG_1191+-Қазір қала орталығында да, шағын аудандарда да көп қабатты үйлердің алдындағы бір-ақ көлік сыятын жол үстіне автокөлігін қалай болса солай қаңтарып қоя салатын жүргізушілер кездесуде. Бетін аулақ қылсын, жүздеген отбасы тұратын әлгіндей тұрғын үйлердің бірінен өрт шықса, «өрт сөндіруші» көлігі от жалын шарпыған пәтердің тұсына жете алмай, мұның зардабы орасан зор болуы ықтимал. Әлгіндей үйде бір тұрғын табан астында «инфаркт» немесе «инсульт» алып, дерт тырнағына іліксе, «жедел жәрдем» көлігінің келуіне әлгіндей жағдайлар сөзсіз кедергісін тигізбек. Материалдық шығынды былай қойғанда, дәрігерлер мұндай кедергілерден өтіп, келіп жеткенше адам өмірі үзіліп кетуі мүмкін. ...Біз тұратын үйде бір үлкен кісі бар. Зейнеткер болған соң, күндіз-түні үйінде. Сол апа үйдің кіреберіс алдына немесе автокөлік тұрағынан бөлек жерде жеңіл көлік тұрса, бірден жүргізушісін іздестіріп тауып, көлігін жолдан алуын талап етеді. Құлақ аспағандар болса, полиция шақыртады. Көршілер ол кісінің бұл әрекетін әрқалай бағалайды. Біреуі дұрыс дейді, енді бірі көршісінің немесе көршісіне қонаққа келген кісінің үстінен құқық қорғау органдарына шағымданғаны жөн емес екенін алға тартады. Облыстық ішкі істер департаменті мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің басшысы Г.Мұхтарқұловадан алған мәліметке қарағанда, полиция да ондай жауапсыз жүргізушілерге заң талаптарына сай тиісті жазаларын беріп те жатыр. Мәселен, былтырғы жылдың қорытындысында Тараз қаласы ішкі істер басқармасы жол-патрульдік полиция батальоны қызметкерлері күшімен Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің «Көлік құралдарын тоқтату немесе тоқтап тұру қағидаларын бұзу» деп аталатын 597-бабы бойынша қала аумағында 517 құқық бұзушылық дерегі анықталып, аталған тұлғалар әкімшілік жауапқа тартылған. Ал биылғы бірінші тоқсанда жоғарыда аталған баппен 177 азаматқа осындай шара қолданылған. Әкімшілік жауапқа тартылған жүргізушілер көліктерін жаяу жүргіншілер жолына тоқтатып немесе көп қабатты үйлердің алдындағы гүлзарларға, балалар ойнайтын және спорт алаңдарына қоя салған. Қаладағы мемлекеттік мекеме ғимараттарының алдында қызметтік автокөлік үшін арнайы көлік тұрағы бар. Тіпті, қайсыбір мекемелердің алдында қандай нөмірлі жеңіл көлік қай жерде тұруы тиіс екені арнайы тақтайшаларға жазылып қойылған. Алайда, жеке автокөлікті қоюға тыйым салынған ондай орынға да көлігін тықпалап жататындар кездеседі. Таразда қазір тойхана көп. Той көп болған соң шығар, көптеп ашылып жатқаны. Бұдан халықтың жағдайының жақсарғанын аңғаруға болады. Әттең, той-думан өткізетін ғимарат салуға жер тапқан кәсіпкерлер көлік тұрағына жер таппай жатады. Көлік тұрағын ашқан күнде де, оған той қонақтары екі-үштен бір-бір жеңіл көлікке мінгесіп келетіндіктен, «темір тұлпарларды» қоятын жер таппай, бір-біріне иін тірестіріп қоя салады. Той қызығы қызған шақта асабаның «пәлен нөмірлі машинаны жолдан алыңыздар» деп жар салып жатқаны. Басқа да жеке меншік құрылымдар орналасқан ғимараттардың көбінде осындай жағдай. Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі облысымыз үшін де үлкен сын болмақ. Өңірімізге Тараз қаласы халқының санына жуық турист келеді деп күтілуде. Алыс-жақын шетелден және кең-байтақ Ұлы Дала Елінің әр қиырынан келетін қонақтар ең алдымен ежелгі қаланың көнеден жеткен жәдігерлерін тамашалайтындықтан, басты салмақ Таразға түседі. «Сырт көз – сыншы» демекші, туристер назары қала халқының мәдениетіне, тұрғындарының жүріс-тұрысына, тіпті көлік қозғалысына дейін ауатынын естен шығармайық, ағайын!

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».

Тараз қаласы.